Мал базары шаруаның күйін айтады

673

0

Кейінгі жылдағы құрғақшылық базардағы малдың құнын айтарлықтай төмендетті деп естідік. Алайда ет бағасы арзандап жатқанын көрмедік. Бәрін де әрине, базар айтады. Сол оймен мал базарына да бардық. Бағымызға орай, бұрын түн қатып жұмыс істейтін мал базары күндізге ауысыпты. Сауда қызып жатыр. Төрт түліктің ішінде түйеден басқасының бәрі бар. Бағалары да сан алуан. Байқағанымыз, мұнда сатып алушыдан саудагер көп. Ат терлетіп келгендердің әрісі – Ақтөбенің Шалқарынан, берісі – Жезді өлкенің Сарысуынан келген. Қалғаны қалаға жақын жатқан аудандардан жетіпті. Олардан әуелгі сұрағанымыз – мал бағасы.

Базардағы баға «босамай» тұр

Кіргеніміз сол екен, саудагерлер алдымыздан көлденеңдей берді. Мұндағы мал сатушылар шаруа қойға 40 мың теңге, қошқарға 120 мың теңге сұрайды. Марқа қозының бағасы 20 мың теңгеге шыққан. Ал союға жарамды деген ешкінің бағасы 30-35 мың теңге аралығында. Көргеніміздің көбісі – арық. Оны қадап айтуға тура келіп тұр.

Соған қарамастан ірі қара малдың бағасы да өсе түскен. Санамалап айтсақ, бір жасар тайынша – 130 мың теңге,  ірі сиыр – 200-250 мың, сауын сиыр 270-350 мың теңге арасында. Мұндағылар тайға 160-200 мың, құнан мен дөненге – 340-360 мың, құлынды биеге 350-500 мың теңге сұрап тұр. Ал «7-8 жасар ірі жылқыға кемі 800 мың теңге сұраймыз» дейді саудагерлер.

Мал бағасының түскенін байқап тұрғанымыз жоқ. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттаған.

Былтыр жылқының жабағысынан бастап бестіге шыққаны, сиырдың баспағы мен сауындысы, серке мен қошқардың бағасы бүгінгі бағадан тым арзанырақ болатын.

– Мұнда келгеніме бір сағат болды. Жаңа ғана 325 мың теңгеге сауын сиыр алдым. Қымбат. Жілігіне енді май жүгірген тайыншаның өзі 120 мың теңге, – дейді жасы елуді еңсерген Тасбөгет кентінің тұрғыны Ақылбек Ерманов.

Арзаншылық тек арық малда ғана

Саудагерлер жаппай мал сатуын қысқа дайындық деп түсіндірді. Иә, күз болса, жақындап қалды. Ар жағында бірнеше айда сақырлаған қыста келіп жетеді. «Қыстың қамын жаз ойла» деуші ме еді? Олай етпеске айла қылар амал да жоқ. Өйткені бордақыда ұстау қай шаруаға да тиімсіз болып тұр. Себебі жем бағасы қымбаттаған. Қуаңшылық қос бүйірден қысқанда малын әрең аман алып қалғандар «өткен жылдан ұмытылмастай сабақ алдық» деп отыр. Олардың айтуынша, нарықтағы жем-шөп бағасы ырыққа көнбей тұр.

Жем дегеннен шығады-ау, базарға кіреберісте жем сатқан саудагерлерді аңғарып, бағасын сұрадық. Мұндағылар күрмек жемнің қабын – 2500 теңгеден, бидайдың кебегін – 2100 теңгеден, бидайдың қабын – 7000 теңгеден саудалап тұр.

– Көріп тұрғаныңыздай мал сатушылар көп. Өйткені қысқа дайындалу керек. Ал мал қоңдану үшін қолда ұстауға тура келеді. Сондықтан бәрі ертерек жем-шөп алуға әрекеттеніп жатыр. Қазір жем қымбат. Күрмек пен күріш кебегін береміз, онда қандай құнар болсын?! Тартылған бидайдың қабы – 7-8 мың, ең арзан деген кебек жемнің қабы – 2-3 мың теңге. Қайта шөптің бағасы былтырғыдан сәл арзандады. Жоңышқа – 700-800 теңге, қамыстың пресі – 300 теңгеден. Әйтпесе былтыр осы шөптердің пресін қазіргі бағадан екі есе қымбатқа алдық, – дейді қала тұрғыны Халықжан Пшанов.

Иә, сол базардағы сатушылардың біразымен тілдестік. Олардың арасында оқу жылы басталып, бала-шағасына киім-кешек алу үшін не той-томалаққа қажет деп мал сатушылар да аз емес. Дегенмен басым бөлігі малын сатып, жем-шөбін алмақшы. Сырдария ауданының Амангелді ауылынан сауын сиырын саудалауға келген Серікбай Қоқасовтың айтуынша, жем бағасы былтырғыға қарағанда қымбат.

– Қазір бақпай мал соя алмайсың. Жерде баяғыдай от жоқ. Өрісте жүрсе көтерем болады. Сондықтан биыл қысқа дайындықты ертерек бастадық. Қазір мал басын көбейткен былай тұрсын, сақтап қалудың өзі мұң болып тұр. Өткен жылы тоннасы 75-80 мың теңгеден саудаланған кебек биыл 95 мың теңгеге шықты. Былтыр жемдік бидайдың тоннасы 85-100 мың теңгенің шамасында болса, қазір 120 мың теңгеге жетіп қалды. Баға әр жерде әртүрлі, – дейді шаруа.

Тамыздағы тіршілік қамы тағы айтайық, белгілі. Жаңа оқу жылына балаларына киім алу, қысқы жем-шөбін дайындау, тағысын-тағы тіршілік қамы шаруаларды осында жетелеп келіп тұр. Есесіне, осы айда базардағы малдың құны шамамен 20 пайызға арзандаған. Бірақ күзде баға қайта көтеріледі. Айтпақшы, арзаншылық тек арық малға қатысты. Күйлі түліктің теңгесі де қомақты.

Әрине, мал бағамына ет те байланып тұр. Халық етті көбіне мал бордақылаушылардан алады. Ал соңғы уақытта Қызылорда базарындағы еттің бағасы өскен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, қазір қой еті – 2300, жылқы еті – 2200, түйе еті – 1900, ал ірі қара малдың еті қоңына қарай 1650-2000 теңге аралығында. 

Осы тұста тағы бір ой қылаң берді. Бәрімізге белгілі бір жайт, Қызылорданың қысы қатты әрі желді. Мал қорада кемі төрт ай тұрады. Қымбатшылық малдың өзін сақтап қалуы үшін шаруаның қалтасын тағы қағады. Себебі «қазіргі нарық күн ыз еткенде қайта шарықтап шыға келеді» – дейді олар. Алып-сатарлықпен айналысатындар малдың бағасын қалай көтерсе, қысылтаяң уақытта жем-шөптің де бағасын солай көтереді екен. Қазір төрт түлік жайылымда жүр. Дегенмен баяғы майса күйдегі жер жоқ. Сондықтан қазан мен қарашаға әупірімдеп жеткен мал қолға қарамаса қыстан шыға алмайды. Шаруаларды алаңдататыны – осы.

Басқарма не дейді?

Алдымен бұл мәселеге жауапты ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласып, мән-жайды білмекке тырыстық. Шынында жем-шөп бағасы қымбаттады ма? Қыста мал азығы азайып, алыпсатарлар шаруалардың қалтасын қайта қақпай ма?

– Облыста мал шаруашылығы бойынша жағдай тұрақты. Баға да бақылауда. Мал азығы саналатын жоңышқа нарықта 650-700 теңге, бау пішен – 200-250 теңге, престелген бума 270-350 теңгеден сатылуда. Ал шаруалар көп сұрайтын бидай кебегінің келісі – 100-105 теңге. Биыл мал қыстату үшін қолда бар қорларды ескере отырып, 881 мың тонна  шөп, 149 мың тонна сабан, 4 жарым мың тонна сүрлем және 182 мың тонна жем дайындау қажет деп белгіленді. Бүгінде 404 мың тонна шөп жиналды. Жұмыс әлі жалғасуда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Оның айтуынша, жем-шөп бағасы көтеріледі деп даурығудың қажеті жоқ. Қазірдің өзінде облыс бойынша мал азығына қажетті күздік бидайдан 9306 тонна, жаздық бидайдан 3289 тонна, арпадан 145 тонна өнім жиналған. Енді жоспарға сәйкес, 230 мың тонна жоңышқа, қалған 651 мың тонна шабындықтардағы табиғи шөп пен қамыс шөбін ору арқылы қамтамасыз етілмек.

– Көктемгі егіс алдында көлдер жүйесін толтыру арқылы облыста 75 мың гектар шабындық жер суландырылып, соның арқасында мал азықтық дақылдар жақсы шықты. Сондай-ақ, 71 мың гектар (сүрлем жүгері, жаңа жоңышқа, ескі жоңышқа, мал жемдік асқабақ) жерге малазықтық дақылдары егілді. Су тапшылығы ескеріле отырып, биыл осы санаттағы дақылдар былтырғыдан 5 мың гектарға артық егілді. Жем-шөптен тапшылық болмау керек, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, өңірдегі 76 күріш өңдеу кәсіпорындары арқылы 115 мың тонна күріш қалдығы және күріш жемі өндіріліп жүр. Жетпеген бөлігі республиканың басқа аймақтарынан тасымалданады.

Қалай болғанда да жем-шөптің бағасы мал мен ет нарқына тікелей әсер етеді. Міндет – халықты алаңдатқан бағаға бақылау жасау. Жем-шөптің де мол қорын жасақтау қажет. Әне-міне дегенше күз де келеді. Онан әрі қыс қамы бар.

Әр жылдың мезгіліне сай айналып соғатын әдеттегі тіршілік ең бастысы, қарапайым шаруаның өлшеулі күшіне тиіп кетпесе деген ой біздікі. Нарықтың мына алмағайып күйін көріп, мал базарының өзінен талайды көкейге түйіп қайттық. Қалай десек те қазақтың малсыз күні жоқ. Ал бұл кәсіптің өткір мәселесі ел ішінде аз емес екенін ұмытпаған жөн.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<