Сүт өндірісі: өңір қаншалықты әлеуетті?

639

0

Малды ауылда туған әрбіріміз ағарғанның қадір-қасиетін ұғып, оны ұқсатудың бейнетін сезініп өстік. Біздің үйдің мөшке сиырының бас-аяғы байлап сауылатын. Мінезі шатақ болғанымен, сүтті еді жануар… Ошақтан түспейтін қара қазанда екі мезгіл сүт піседі, ізінше суытылып, ұйытылып, екі мезгіл күбі күмбірлейді. Кейін айран ірітіліп, өреге құрт жайылады, одан қапқа түседі. Ағарған сату дегенді айта көрмеңіз… Сиыры қысыр қалған немесе сауынсыз үйді сүт-айранмен жақындағы көрші-көлем де, алыстағы ағайын-туыс та қамтамасыз ететін. Бұл – бұрынғы ауыл бейнесі.

Қазір сол ауылдың өзінде шай жабдығымен бірге дастарханға қораптағы сүт келеді. Баяғы мөшке сиырлардың тұқымы да азған секілді. Жыл басынан бері елдегі сүт бағасы 17% қымбаттапты. Қаңтар мен мамыр аралығында республикада сүт өндірісі былтырғымен салыстырғанда 7% төмендеп, 235,3 мың тонна болған. Бұл – кейінгі алты жылда бірінші рет өндірістің төмендеуі. Сүттің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан (75,7 мың тонна) және Алматы (44,2 мың тонна) облыстарында өндірілді. Маусым айында сүт бағасына тағы 2,4% қосылды. Былтырғы бағамен салыстырғанда 21,5% қымбаттады.

Субсидияның септігі

 «Қымбаттамаған не қалды, тәйірі?» деуге асықпаңыз. Сүтті бөліп-жарып айтуға себеп көп. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, сүт өнімдеріне деген қажеттіліктің бар болғаны 15,6%-ін ғана өзіміз өндіреміз. Өзіміз дегенде алдымен ауызға ілінетіні – «РЗА» АҚ-ның сүт және сүт өнімдері.

Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтерге қарағанда, сүт зауытында 2,5%, 3,2%, 6% пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, йогурт, т.б өнімдер шығарылады. Алдағы уақытта балмұздақ, ряженка мен айранның басқа түрлі өнімдерін шығару жоспарлануда. Былтыр зауытта барлығы 6641 тонна сүт өнімдері өңделді.

Акционерлік қоғамның президенті Самұрат Имандосов ағамызбен хабарласқанымызда, сүттің бұрынғы бағасын ұстап тұруға жем-шөпке бөлінген субсидия септігін тигізгенін айтты.

– Субсидия болмаса, сүт бағасы сауда нүктесіне жеткенше 2 есе қымбаттаған болар еді. Сауын сиырға тиісті рационын бермесе болмайды. Бұл рационға шөп, жоңышқа, арпа, бидай, сұлы сияқты 25 түрлі азық кіреді.  Тіпті қантқа дейін қосылуы керек. Сүт алу үшін мал ағзасы осылай толықтырылуы тиіс, – дейді ол. 

Мұндайда «өңір халқын сүт және сүт өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін не істеу керек?» деген сұрақ туындайды.

– Кем дегенде 5-6 сүт-тауарлы ферма керек. Қолдағы барды кеңейту де нәтижелі болар еді,  – деді С.Имандосов.  

Бейнеттің зейнеті бар

Қорасында 7 сиыр ұстап отырған Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Махаббат Кенжеғұловамен де сөйлестік.

– Әрқайсынан 5-7 литр аралығында сүт шығады. Жетеуі күніге бір жарым қап жем, 3 жоңышқа пресс жейді. Жоңышқа бағасы орта есеппен 550-600, жемнің қабы 2500 теңге. Одан бөлек, наубайханалардан 50 теңгеден қатқан нан аламыз.

Мал басын арттырсам деген талаппен бастап едік, бұзауы пайдаға қалады. Айына 50-60 мың теңге айлық тауып отырмын, үйдің керек-жарағы мен балалардың ішіп-жеміне жарап тұр, – дейді ол.

Махаббат сүттің литрін 300, құрттың келісін 3500 теңгеден, қатықты 350 теңгеден тұрақты тұтынушыларына өткізеді. Қалаға әкеліп, үйді-үйге жеткізіп береді. Ауылдағыларға құрт 3000, сүт 250 теңгеден.

– Өріске шығару қиын. Ұры-қары көп. Оңай олжа іздегендерден қорып, жыл он екі ай қорада ұстаймыз. Бір жағынан бордақыда тұрған есепте, суалған соң сойысқа жіберіп, орнына басқа сиыр әкелеміз.

Мал асыраған адамға не жем, не шөп өзінен шықпаса қиын. Отағасым ауылдағы жерін алып, 25 гектар жерге көктемде жоңышқа ектік. Шөп бағасы биыл түсті. Былтыр 1000 теңге еді.

Бұрын күріштің қабығы ешкімге керек болмай шашылып жататын. Қазір ірі зауыттар оны да жемге қосып тартып жіберетін болды. Салдарынан жемнің құнары азайды. Бұрын үш бақыраш еді, қазір төрт-бес бақыраш береміз. Бағасы қымбат, құнары төмен. Құнарын арттыру үшін түрлі препараттар аламыз. Сосын аурулардың алдын алып вакцина егеміз. Сүттің бағасын өсіргеніміз жоқ, бір жылдан бері осы баға, – дейді Махаббат.

Инновациялар іске асса…

Шиелі ауданындағы «Ару Ана» сүт өңдеу кәсіпорнының директоры, технологі, облыстық мәслихат депутаты Баян Дүйсенбек сүт пен сүт өнімдері бағасының қымбаттап бара жатқанын айтты.

– Пастерленген сүт тоңазытқышты қажет етпейді, яғни тасымалға қолайлы. Бізге де өнімдерімізді ұзаққа сақтау үшін ультрапастерилизатор керек. Ол – бірнеше тонна өнім өңдейтін зауыттарға арналған құрылғы. Біздің кішкентай зауыттарға тиімсіз, бағасы қымбат. Шағын зауыттар оны сатып ала алмайды. Қазір технолог мамандар 1 тонна сүтке арналған кіші ультрапастерилизатор аппаратын жасауды біледі. Тек қаржы керек.

Тағы бір жоба жүзеге асырылса… Ол – жылжымалы сүт зауыты. Бұл машинаның ішінде арнайы мұздатқышы, сүт өңдейтін құрылғысы болады. Оны әр ауданға орналастыратын болсақ, біріншіден сүт жиналар еді. Халық ақшасын алады. Жиналған сүтті сол жерде бірден өңдеп, тұрғындарға қатық, айран, сүзбе етіп сатуға болады. Жоба бар, тек қаржыға тіреледі. Бұған біздің технолог мамандардың сауаты жетеді. Өнім сапасына жауап береміз.

Сиыр сүтін ұқсату – бейнеті көп жұмыс. Егер машина жинап алып кетіп тұрса, халықта мал ұстауға деген қызығушылық оянады. Бір анығы – адамның тамаққа деген сұранысы ешқашан толастамайтыны. Тамақ өнеркәсібіне салынған инвестиция өз-өзін ақтайды.

«Ару Ана» кәсіпорны сиыр, түйе сүтін өңдеп, халыққа түрлі өнімдер ұсынып отырмыз. Ашытқыны Италиядан алдыратын едік. Қазір Қазақ Ұлттық аграрлық университетімен бірігіп, өзіміздің ашытқыны жасадық. Түйе сүтінен бұрын тек шұбат ашытатын болсақ, қазір  балмұздағымыз бар, өнімді патенттедік. Бұл жобаны түйені көп өсіретін Аралда іске асыруға әбден болады.

Цехты ашқан кезде бізде мал жоқ еді. «Төрт түлік» кооперативін құрып, оған кіргендер сауған сүтін өткізді. Оны өңдеп  халыққа таза өнім ұсындық. Жұмыс әрі қарай жүретініне көз жеткізгеннен кейін ғана мал басын көбейттік. Кооператив мүшелеріне жеңілдікпен несие алып беруге көмектесеміз.

Өзім университетте оқып жүргенде мал ауруларын зерттедім. Аусыл, туберкулез, мастит ауруларын анықтау үшін иммунохромотологиялық тест жасап шығардық. Тест арқылы мал қаны зерттеледі, 15-20 минутта қорытындысы шығады. Халыққа сапалы өнім ұсыну үшін малды тұрақты түрде осылай бақылаудан өткізіп тұру керек. Сүт өндірісі – бейнетіне қоса жауапкершілігі де жоғары жұмыс.

Тағы бір инновациялық жоба туралы айтсам, қазір дүкендердегі су алатын аппараттарға көз үйренді. Осы сияқты супермаркеттерге, дүкендерге молокоматтар орнату керек. Бұл – толық автоматтандырылған, ішінде жуатын, мұздататын құрылғысы бар аппарат. Сүт азайғанда телефонға  хабарлама келеді,  барып  толтыруға болады. Тұтынушы ақшасын салып, қалаған мөлшерін өз ыдысына құйып алады. 

Молокомат сүт бағасын арзандатуға септігін тигізеді. Мәселен, сүт бағасына ыдысы, қақпағы, жапсырмасының құны қосылады. Егер молокоматтар қойылса баға 25-30 процентке дейін арзандар еді. Бір жағынан шашылып жататын сүт ыдысынан экологияға келетін зиян азаяды. 

Мұндай молокоматтарды біз бірігіп жұмыс істейтін Екатеринбургтан алдыруға болады. Алдымен сынақ ретінде бір-екеуін орнатып халықты үйретсек, әрі қарай көбейтуге болады. Бұған әрине, қаражат керек.

Әу бастағы мақсат «сүт бағасын тұрақтандыру үшін не істеу керек?» деген сауалға  жауап іздеу еді. Біріншіден, мемлекет тарапынан қолдау керек, өйткені мал азығының бағасы бой бермей барады. Кезінде екі сиыр туралы әңгімені күлкіге айналдырып едік. Қолға мал ұстап, сүтін ұқсату нәсіпті кәсіп екеніне көзіміз жетті. Инновацияларды қабылдап, жүзеге асыру да  істі ілгерілететіні байқалады. Бастысы ағарған бар жерде береке болатынын есте ұстайық.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<