Сырдарияның жоғары ағысында су тапшы

879

0

Екі жылдан бері вегетациялық кезеңде трансшекаралық өзенге жататын Сырдарияның жоғары ағысында орналасқан су қоймаларында жиналған су көлемі төмен болып жүр. Осының кесірінен су тапшылығы болып, жыл өткен сайын егістікке жетпей, арнасын дариядан алатын көлдердің тартылуы көбейген.

Биыл Түркістан қаласында өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы 82-отырысының хаттамасына сәйкес «Шардара» су қоймасына 3,9 млрд текше метр су түседі деп болжанған еді. Бірақ онда жиналған су көлемі 3,4 млрд текше метрді ғана құрады. Ал аймақта 188 мың гектардан астам түрлі дақыл егілген. Ал негізгі өнім күріштің көлемі 78 мың гектардан асты.

Осыған сәйкес, вегетациялық кезеңге дейін «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттігішінде жиналған және вегетациялық кезеңде келетін судың болжамына сәйкес облыстағы егістікті тұрақты суғару үшін 3 млрд 602 млн текше метр су қажет екені белгілі болды.

Ал экологиялық мұқтаждыққа 1 млрд 200 млн текше метр су пайдалану лимиті белгіленді. Осы лимитке сәйкес, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының аймақтың филиалы 868 су пайдаланушымен келісім-шартқа отырыпты. Сондай-ақ дәл осы мекеме өз қаражаты есебінен ұзындығы 50 шақырымнан асатын 9 канал мен 11 гидротехникалық құрылымға жөндеу-тазарту жұмыстарын жүргізген. Екі су өлшегіш бекет те қалпына келтіріліпті. Мұндағы мақсат – қуаңшылық кезінде егісті судан тарықтырмау.

Су тақырыбына қатысты қуанарлық жаңалық, Қызылорда қаласындағы су торабын қайта жаңарту жұмысы аяқталуға жақын. Құрылыс  толық біткенде су торабы төменгі ағысқа 1200 текше метрден астам су өткізеді.

– Бұл су торабы 1956 жылы салынған. Мақсаты – сол жақ, яғни «Шіркейлі» каналы және оң жақ канал арқылы күріш алқаптары мен суармалы жерлерге су жіберу. Нысан 2014 жылы 14 қарашада апаттық деп танылған еді. Содан бастап республикалық қазынадан тиісті қаржы бөлу мәселесі қаралып, құрылыс жұмыстары екі жыл бұрын басталып кетті. Жобаның құны 2 млрд 611 млн теңге көлемінде. Су торабын келесі жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Ж.Ерназаровтың айтуынша, тоспадағы күрделі жөндеуге әдепкі жылы 272,8 млн теңге бөлінсе, былтыр 1 млрд 78 млн 600 мың теңге қаражат қаралған. Ал биыл бұл жұмыстардың құны 1 млрд  224 млн теңге. Барлық қаржы республикалық бюджет есебінен.

– «Қызылорда» су торабын жөндеу жұмысы 2020 жылдың қазан айында басталды. Аталған құрылыс биыл жыл соңында бітеді деп жоспарлануда. Қазір тораптың сол жақ каналы бетондалып бітті. Бұған қосымша электр желілерін жаңартып, бейнебақылау құрылғыларын орнаттық. Су торабы жанынан күзетші мен қызметкерлерге қосымша ғимарат, гараж салынды. Қазір суасты бөгеттерін орнатып, торап үстінен көлік жүретін жолды жаңарту  басталмақ. Бірақ онда көлік жүргізу мәселесін жергілікті билік шешеді деп ойлаймын. Жалпы плотинадағы құрылыс біткен соң бұрынғыша кестеге сай жұмыс істейтін болады. Күрделі жөндеудің кепілдік мерзімі 10 жыл, – дейді мердігер мекеме «Caspian Contractors Trust» ЖШС жоба жетекшісі Қайрат Ибраев.

Айтпақшы, көптен бері жөндеу көрмеген  «Әйтек»  су  торабында  жұмыс аяқталды. Мұның су өткізу қабілеті 750 текше метрге дейін жетеді. Күрделі жөндеу жүргізілген тоспаға 826 млн теңге жұмсалған.

– «Әйтек» су торабының негізгі міндеті – жоғарыда орналасқан «Әйтек», «Соркөл», «Елтай», «Сауранбай» каналы және «Қараөзек» арнасын сумен қамту. Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес республика бойынша 9 су қоймасы мен 120 канал қайта реконструкциядан өтуі тиіс. Аталған жоба 2025 жылға дейін іске асу керек. Біздің облыстан «Қараөзек» су қоймасын салумен қатар, 26 канал цифрлық жүйеге енгізіліп, автоматтандырылмақ. Мұндағы ерекшелік – су торабы мен каналдар осы автоматтандырылған жүйеге түссе, жоғарыдан қанша су келді, қанша су қай шаруашылыққа бөлінуде, осының барлығын біз өзіміздің орталықтан бақылай аламыз. Әрі кез келген су пайдаланушы  өзіне қажетті, пайдаланып отырған  көлемі туралы ақпаратты күнделікті алып отырады. Су бөлінісін реттеу де қашықтан басқарылып, суды ашып-жабу, оның деңгейін ұстау сияқты жұмыстар да осы автоматтандыру, цифрландыру жұмысының жемісі болмақ. Қазір «Әйтек» су торабы мен «Әйтек», «Соркөл», «Елтай» каналы автоматтандырылып, цифрлық жүйеге қосылған. Бұған бөлінген қаржы да бөлек. Барлығы 65 млн теңгені құрайды, – дейді Жорабек Ерназаров.

Жоғарыда айтып кеттік, аймақтағы су шаруашылығы құрылымдары арқылы алынған су насостарының көмегі көп болды. Вегетациялық кезеңде судан тарықпау үшін шаруашылықтар егісіне 44 насос орнатылып, қосымша су тартылыпты. Жалпы мамандардың айтуынша, су беру бекітілген кестеге сәйкес жүргізілген.

– Биыл «Абзал және К» толық серіктестігі 4600 гектар жерге күріш екті. Егістің басым бөлігі Н.Ілиясов ауылына қарасты жерге орналасқан. Былтырғымен салыстырғанда су тапшылығына байланысты күріш көлемін 500 гектарға дейін қысқарттық. Соған қарамастан су жетіспеушілігі сезілді. Өңірдегі «Қазсушар» мекемесінің мамандарының «Шіркейлі» каналы арқылы үш аудан – Қармақшы, Жалағаш, Сырдариядағы шаруашылықтарға суды кезектестіріп беруі арқасында күріш алқаптары толық суарылды. Өзіміздегі өнім жылдағыдай жақсы деңгейде. Қазір гектарына 68,8 центнерден келуде. Ал былтыр 67,5 центнерден болды. Қанша қуаңшылық болды дегенмен де, еңбекқор диқандардың арқасында әрі облыс әкімдігінің қолдауымен су деңгейін түсірмей, өнім көлемін арттырып келеміз. Сондай-ақ егістікке су апаратын қашыртқылар мен каналдар тазаланып, қосымша арамшөп, қамыстарды улау да жыл сайын атқарылып келеді, – дейді серіктестік директорының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асқар Әлиакбаров.

Асқардың айтуынша, шаруашылықты су тапшылығынан құтқарған агрономиялық әдістің бірі – жерді тегістеу. «Абзал және К» толық серіктестігі 8 «MARA» лазерлік жер тегістегіші арқылы жыл сайын егіс алқаптарын тегістеп отырады. Мысалы, былтыр шаруашылықтың 600 гектар жері тегістелсе, биыл да алда күріш егілетін жерге осындай жұмыстар басталып кеткен.

Жерді тегістеу дегеніміз – суға үнем деген сөз. Мысалы, бұрынғы алқаптарда бір гектар жерге 30 мың текше метр су кететін болса, кейінгі технологиямен тегістелген күріштіктің гектарына 20-22 мың текше метр су кететін көрінеді.

– Біздің шаруашылықтың да өзгелер секілді су мәселесінде қиындықтары болмай қалған жоқ. Бұл біздің өңірдің ғана емес, мемлекеттік, одан қалды халықаралық ортақ мәселе екені де белгілі. Жалпы егін егуде су қорының мол болуы өнім көлемін арттыруға бірден-бір себепші. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы жағдайды жіті түсініп, су шаруашылығы мамандарына тапсырма беріп, қиындықтан құтылуда оң жұмыстар атқарды. Біз негізгі «Шіркейлі» каналы арқылы егістікке су аламыз. Тиісті мекеме мамандарының қатаң қадағалауының арқасында әр елді мекен, ондағы әр шаруашылықтағы күріш алқаптарына уақытында су барды. Одан бөлек, біздің шаруашылыққа екі «СМК-500» дизельді су айдайтын мотор беріліп, жаз бойы пайдаландық. Шаруашылықаралық каналдарды тазартып, жер тегістеуге де қосымша жұмыстар жүргізіліп келеді, – дейді Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылындағы «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов.

Айта кетейік, «Шаған Жер» серіктестігі биыл 2800 гектар күріш егіпті. Оның ішінде 2500 гектары – «Лидер», қалғаны – «Янтарь» сорты.  Гектарына 50-60 центнерден өнім алынуда. Сондай-ақ қосымша 1200 гектарға жуық жоңышқа, 400 гектар бидай, 50 гектар мақсары да өсіреді.

–  Су  жетіспеу қиындығын сезіндік. Бірақ ұйымдастыру жұмыстары  мен  Үкімет  берген  көмектің арқасында облыста жағдай тұрақты болды. Вегетациялық кезеңде теңгерімдегі 19 ірі магистральді және шаруашылықаралық канал арқылы 3,4 млрд текше метр су алынып, келісім-шартқа сәйкес 2,8 млрд текше метр су егістіктерге берілді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасымен «Жол картасы» әзірленді. Жағдайдың алдын алу үшін Үкімет резервінен 615 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, республикалық меншікке жататын 17 каналды механикалық тазалау жоспарланған еді. Ұзындығы 220 шақырымнан астам осы каналдардың 14-нің жұмысы бітіп, қалған үшеуін тазалау жұмыстары жүруде. Екіншіден, қашыртқылардағы суды пайдаға асыру да маңызды болып отыр. Осы мақсатпен республикалық бюджеттен берілген 834 млн теңгеге 67 электрлі және дизельді су насосы алынды, – дейді «Қызылорда СуШар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.

Расы сол, облыстағы суармалы егістік жердің сортаң әрі тұзды болуына байланысты ауыл шаруашылығы ішінде егуге ең тиімдісі – күріш дақылы. Мұны заманауи тәсілмен жаңбырлатып не тамшылатып суару мүмкін емес. Дегенмен кейінгі жылдары біздің диқандар әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдар егіп жүр. Ал республика мен өзге де шет мемлекетке күрішін экспорттайтын Сыр елінің биылғы өнімі де жаман емес. Қазір орташа есеппен гектарына 50-55 центнерден өнім жиналуда. Бұл – су мамандары және егін даласындағы еңбекқор ағайынның қажырлы қайратымен болып жатқан тіршілік.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<