Уақытыңды ұрлатпа!

401

0

Ақпараттық саланың дамыған дәуіріне аяқ басқанымызға да біраз уақыт болды. Жаңа технологияның түр-түрін меңгеру заман талабына айналды. Егер білмесең, жүйрік уақыт жолындағы тасбақаның күйін кешесің. Сол себепті көпшілік бәрін білмесе де, бірін білуге тырысып бағады. Дегенмен осы заманауи жетістікке қарсы қоғамда сыни пікір көп. Аға буын өкілдері әлеуметтік желіде жастардың ұзақ отыруын өзінің және елінің болашағына жасап жатқан қастандық деп түсіндірсе, ал, жастар жағының пікірі басқа.

«Бәрін айт та, бірін айт»,  ұялы телефоннан аттап кетуге болмас. Жас айырмашылыққа қарамай ел іші «екі қолда бір смартфон».  Көшеде, үйде, дүкенде, көлікте,  тіпті ұйқыдан тұрғанда да сол смартфон қолдан түспейді. «Бұның ішінде не бар екен?» деп қаласың. Жастардың қолындағы ұялы телефон әлеуметтік желіге толы, ал балаларда ше? Енді өсіп келе жатқан балақайлардың телефоны – онлайн ойындардың сандығы. Мәселен, Free fire, Standoff, Minecraft. 

Желіде жөнсіз іс-әрекет өріп жүр. Жалпы бұл тақырып бойынша ой өрбітуіміздің себебі де осы. Интернет қолжетімді болғаннан кейін былық пен шылық үлкендермен бірге бала-шағаға да ортақ. Бұл желіде не жоқ,  сайқымазақ Мұрат Әбілда балағат сөз боратса, Шырын есімді тараздық қыз күллі жұртты жалаңаштанып таңғалдырмақ болады. Жаға ұстатар әрекеттерімен халыққа танылып, нәпақасын тауып жүргендер ұяттан алыстады. «Атың шықпаса, жер өрте», демекші, бұл әрекеттің елдің имиджіне кері әсерін тигізетіні анық.

Қош. Кейінгі буынның іс-әрекетін жастық максимализм деп қабылдадық. Алайда, халыққа пайдасын тигізбек түгіл, абыройсыздыққа үйір болып, жастардан қалыс қалмай келе жатқан елдің тұтқасын ұстайтын аға-әпкелеріміз ше? Мұндайда кімнен ақыл сұрарыңды білмей абдырайсың. Сондықтан тек жастардың бейәдеп қылығын таразыға салу қаншалықты дұрыс? «Тиімді тұсынан гөрі тиімсіз жағы басымырақ па?» деген ой келеді. Өйткені адам баласы ең қажет дүниесін естен шығарды. Ол – уақыт. Тас тескен тамшыдай сыртылдаған әрбір минуттың өткенін экранға желімдей жабысқан адам байқамайды. Желі – ақылды, адам – ақымақ болып тұр. Себебі, әлеуметтік желінің қолданушыға ұсынысы шексіз һәм әртүрлі. Ал, адам баласы, ұзынсонар жіпке тізілген бүкіл бағдарламаға байланып, алтын уақытын уыстап шашып, айдалаға жұмсап жатыр. Мәселен, Instagram, Facebook, Tik Tok, YouTube, WhatsApp сынды желілердің күндіз-түні қолданыста екені жасырын емес. Бұл психологиялық тұрғыда санамызды улап, үлкен кесел тудырды.

Алайда, кез келген нәрсенің екі жағы бар екенін ұмытпаған абзал. Жаңашылдық жаңа бетбұрысқа жетелейді, қазіргі таңда мобилограф, копирайтер, таргетолог, контент-мейкер, блогерлік салалар дамуда. Бүгінгі күнде желілерді дұрыс әрі түрліше бағытта қолданып жүрген жастар бар. Жас режиссер, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Бауыржан Сәду:

– Әлеуметтік желіні қолдануға көзқарасым жақсы. Қазіргі кезде желіні кішкене баладан бастап, үлкендерімізге дейін қолданады. Себебі, бұл – заман талабы. Бірақ, айта кететін маңызды жайт, қолданушының оны не үшін және қандай мақсатта пайдаланатыны туралы. Өзімнің жұмыс жасайтын салама интернеттің, нақты айтқанда Telegram, Instagram, Tik Tok платформаларының пайдасы тиді. Оларды жұмысыма жарнамалық әдіс ретінде қолданамын. Бір видео арқылы танымалдылыққа ие болып жатқандар қаншама? Келесі бір жақсы тұсы, қоғамда орын алып жатқан мәселелер өзінің оңтайлы шешімін табуда. Ал желінің, жалпы интернеттің ең жаман күші – хакерлер. Ең бастысы, дұрыс бағытта қолдана білсек, жаман іс-әрекеттердің азаятыны хақ, – дейді ол.

Әрине, біз айтарымызды тұспалдадық. Ар жағын әркім өзі ойланар. Біз енді әлеуметтік желілер жайлы шамалы ақпарат бере кетейік:

1. Әр 20 минут сайын facebook-те 1 миллион сілтеме таралады.

2. Әр сағат сайын facebook-те 4,5 миллион адам қандай да бір іс-шараға шақыру алады.

3.Барлық қолданушылардың 50 пайызы аптасына 1-5 сағат уақытын әлеуметтік желілерде сөйлесумен өткізеді.

4. Әр секунд сайын 8 адам қандай да бір әлеуметтік желіге тіркеледі.

5. Google-дегі іздеу саны күніне 1 миллиардтан асады.

Ал, «Economist.kz» сайтындағы деректер бойынша, 2021 жылдың қаңтарында интернет пайдаланушылар саны 15,47 миллион адамды құраған, ал 2020 жылдың басынан бері (741 000 адам) 5%-ға өсті. 2021 жылдың басында интернеттің адам өміріне енуі 81,9% болды.

Әлеуметтік желі – ақпараттар әлемінің королі һәм табыс көзі. Жаныңыздан бір елі кетпейтін  виртуалды досыңызды пайдаланарда қандай мақсатпен қолданатыныңыз туралы ойланыңыз. Уақытыңызды ұрлатпаңыз!

Әлия ТӘЖІБАЙ,

Қорқыт  ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<