
Естеріңізге сала кетейік, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Магистралды газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша өтеді. Газ құбыры жылына 2,2 млрд текше метр көгілдір отын өткізу мүмкіндігіне ие, ұзындығы 1061 км құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру 2 миллион 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылыс мердігері – «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы, ал операторы – «Астана газ ҚМГ» мекемесі. Газ құбырының құрылысы ағымдағы жылдың соңына қарай елорданы газдандыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Жобаны жүзеге асыру аясында Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларында автоматты газ тарату станциялары салынады. Аталған қалаларда магистральдық газ құбырын салумен қатар, жергілікті бюджет есебінен көгілдір отын тарату желілерінің құрылысы жүргізілетін болады. Жобаның қуаты – жылына 3,6 млрд текше метр. Құрылыс барысында 1690 жұмыс орны, іске қосылған соң 194 жұмыс орны құрылады.