Қасірет шеккен қариялар

336

0

Бейдауа ғалам өмірде жолы болғандардың ғана ғұмырларынан тұрмайды. Қайдан басталғаны және қайда зулап бара жатқаны белгісіз жалғанда түрлі-түрлі тағдырлар мен әркімнің маңдайына шақ тәлкек бар…
Осы жолы байырғы қызылордалық фототілші Болат Омарәлиевтің шығармашылық қоржынына қол салғанымызда бір сурет шықты, деп жазады «Egemen Qazaqstan».
– Бұл кісілердің тағдыры өте ауыр! – деді фототілші. – Талай адамдарды суретке түсіріппін. Бірақ осы қариялардың қасіретті оқиғасы есімнен еш шықпайды.
– Қайбір жылдары газет жұмысынан қолым қалт еткенде, табиғат көріністерін, әртүрлі фотоэтюдтер түсіруді әдетке айналдырып алдым. Сондай демалыс күндерінің бірінде дария жағалап келе жатып, жағалаудағы қалың жыңғылдың арасынан саманнан салынған кішкентай үйді көрдім. Үйдің қатарына шағын мал қора тұрғызылған. Сырттай қарасаң егесіз үй сияқты. Жақындап келсем, үй маңынан біреулер қараңдап көрінеді. Қой, жөн сұрайын деп үйге кіргенімде ерлі-зайыпты қариялар жүр екен.
Бұл 1982 жыл болатын. Ақсақалдың жасы 88-де болса, кемпірінің жасы сол кезде 83-ке келіпті. Екеуі есік алдында күн шуақтап отыр екен. Жөн сұраса келе, ақсақал Тасбөгет деген жерден Сырдариядағы бөгеттің құрылысы басталған 1946 жылы көшіп келгенін білдім. Қазалы жақтың адамдары екен.  
Сырдарияға салынған бөгеттің құрылысы 1956 жылы бітіпті. Соның арасында бұл кісілер 13 баласымен жабылып жүріп, осы үйді салып алған екен. Сол он үш перзенті тегіс қайтыс болған. Біреуін ат сүйретіп кеткен. Біреуі дарияға кетіп өлген… Балаларының көбісі жастай шетінеп кеткен. Басқа салмасын, ұл-қыздарының біреуі де қалмаған мүсәпір жандар екен, – дейді суреттің авторы.
 Осыншама қасіреттен кейін қос мұңлық күлді ме, шындап өмір сүрді ме, нені медеу етті, тек өздеріне аян.  
«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» деп бекер айтпаса керек. Қызылордалық байырғы фототілші бұл аз болғандай, олардың жалғыз бұзаулы сиырын да түнде ұрылар бұзауымен қоса ұрлап кеткенін айтады. Тіпті бұл да аз болғандай, есіктің алдында ес болып жүрген итін де дария жағалап жүрген бұзықтар сойып жеп, терісін тастап кетіпті.
Сол заматта Тасбөгет кентіндегі, Сырдария ауданының басшыларына барып осы мүсәпірлердің жағдайын айттым. Олар қатырамыз, жетім қалған қарияларға қарайласамыз деп маған уәде беріп қалды. Әкімшіліктің адамдары әне барамыз, міне барамыз деп жүргенде шал қайтыс болған, кемпірді ағайындары алып кетіпті… 
Бұл суреттің сыры осындай.  
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<