Қазалылық Ләззат Бекназар асыл тұқымды заанен ешкісін өсіруде

450

0

Қазалы ауданындағы Қашақбай Пірімов ауылының тұрғыны Ләззат Бекназар асыл тұқымды швейцариялық заанен ешкісін өсіруде. Өзгелерден ең алдымен сүттілігімен ерекшеленетін ешкіні алуға мемлекеттік бағдарламаның септігі тиген. Ләззат Қуанбайқызы өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, осы кәсібін бастап кеткен.
– Өзім ауылдық жерде тұрғандықтан жас кезімнен малдың жайын жақсы білемін. Сондықтан да асыл тұқымды ешкі өсіруге ерекше қызығушылық таныттым. Өйткені, Швейцарияның Заанен өлкесінен тараған заанен тұқымдас ешкі ең алдымен сүттілігімен ерекшеленеді. Ал ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті мол екені көпке мәлім. Тәулігіне 3,5-4 литрге дейін өнім беретін ешкінің сүті де қымбат, – дейді ауыл тұрғыны.  
Бүгінде Ләззат Бекназар грант арқылы қол жеткізген 750 мың теңгеге асыл тұқымды заанен ешкісінің 7 төлін алған. Жоба бойынша алынған малға қол жеткізген соң кәсіпкерге жем-шөп алу үшін қосымша 75 мың теңге қаржы берілген. Мұның өзі кәсібін енді бастаған жан үшін таптырмас көмек.
Қазіргі таңда сатып алған асыл тұқымды ешкілер төлдеп, мал басы біршама көбейген. Ләззат алдағы уақытта қолға алған кәсібін дөңгелентіп әкету үшін өз қаржысының есебінен тағы да 2-3 ешкі сатып алуды көздеп отыр. Себебі асыл тұқымды ешкі сүтінің 1 литрі бізде 500 теңге болса, көршілес Байқоңыр қаласында оның литрі 1000 теңгеден өтеді.
– Заанен ешкісінің сүті мың да бір ауруға ем екен. Бұл істі қолға алмас бұрын әбден зерттедім. Сол кезде адам сенгісіз оқиғаларға өз көзіммен куә болдым. Талай жыл ауырып жүрген жандар ешкі сүтін ішкен соң дертінен айығып, аяққа тұрып кеткен. Сондықтан да бұл жануардың өнімі қымбат тұрады. Өзім қорада азын-аулақ мал ұстап, сиыр сауып отырмын. Оның сүтінен бастап, құрт-майға дейін базарға өткіземін. Сиыр сүтінің литрін 250 теңгеден, май мен құрттың келісін 2000 теңгеден сатамын. Бұйырса, ешкі сүтінің де құрт-майын да сатам ба деп отырмын, – деп алдағы жоспарымен де бөлісті.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<