Бағдарламалар – байыпты іске бастау

241

0

   Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев пен еңбек саласын бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев өткен жылғы атқарылған жұмыстарын саралады. 

    Басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы өткен жылы салаға қатысты бағдарламалар мен жол карталарын жүзеге асыру бойынша межеленген көрсеткіш толық орындалғанын айтты. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 процентті құрап, 11384 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде 36674 адам хабарласса, оның басым бөлігі тұрақты жұмысқа тартылған. Нысаналы топқа жататын 984 адамның 545-і жұмыс тапты.

     2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 15831 адам қатысқан.  Сонымен бірге Талғат Дүйсебаев 2018 жылдан бастап енгізілген «Электронды еңбек биржасы» порталына 7581 жұмыс іздеуші мен 1501 жұмыс беруші тіркелгенін жеткізді. Облыс бойынша қабылданған «Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру» Жол картасы толығымен орындалыпты. Осы ретте е-HR  арқылы еңбек шарттарын  есепке алудың Бірыңғай жүйесіне 378 мекеме мен кәсіпорын қосылып, электронды түрде тіркелген.

    Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында берілген тапсырманы орындау мақсатында 264 мекеме, кәсіпорында  еңбек ететін 7794 жұмысшының жалақысы көбейген.

       Облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында жүйелі істер жүргізілуде. Қазіргі кезде өңірде  29 мыңнан  мүмкіндігі шектеулі жан болса, оларға инватакси қызметі, қоғамдық көлікке мініп түсуіне, санаторий-курорттық емделуіне жағдай жасалған, 3000-нан астам адамның протезді – ортопедиялық  ескірген сурдо-тифло техникалық құралдары заманауи көпфункционалды электронды гаджеттерге ауыстырылған.

     Облыс әкімінің тікелей қолдауымен бірінші топтағы мүгедектерге қызмет көрсететін жеке көмекшілердің  ақысы көтеру мәселесі шешімін тапты.  Оған жергілікті бюджеттен қосымша 162 млн теңге қаражат бөлініп, 1300 көмекшінің қызмет көрсету уақыты 4 сағатқа ұзартылып, қызмет ақысы өсті.     Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев өткен жылғы жұмыстарды саралап өтті. Мемлекеттік еңбек инспекторлары облыс аумағында орналасқан әртүрлі меншіктегі 290 мекеме мен кәсіпорынға тексеру жасаған. Оның қорытындысы бойынша 420 заң бұзушылық анықталған. Оған тиісті шаралар қарастырылған. Есепті мерзімде еңбек даулары орын алмаған. Жалақы мәселесіне қатысты дерек келтірген басқарма басшысы қабылданған шаралар арқылы 86 кәсіпорын мен мекеменің 1816 қызметкеріне 179,5 млн теңге жалақы қарызы өндірілгенін атап өтті. Сондай-ақ, өткен жылы облыс бойынша 59 жазатайым оқиға тіркеліп, оның 41-нің еңбек қызметімен байланысты екені анықталған. Оларға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілген.

Сара АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<