БОКСҚА БЕЙІМ ТҮЛЕКТЕР БІЛІМІН ШЫҢДАДЫ

345

0

Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылы аймақтағы тіректі елді мекендер қатарында. Сондықтан мұнда клуб, балабақша, спорт мектебі жаңадан салынып, жұмысын жолға қойған. Ғимараты жаңадан салынғаны болмаса, бұл саладағы жұмыс он жылдан бері жүйелі жүргізіліп келеді. Жуырда бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен оның жаттықтырушысы Ғалым Байғұндиев бастаған былғары қолғап шеберлері осы спорт мектебінің оқушыларымен кездесті.

Жерлесіміз Қамшыбек Қоң­қабаев бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, көп­теген республикалық тур­нирлердің жеңімпазы, Қарулы күштер арасында Әлем чемпионы, ҚР IV жазғы спарта­киа­да­сының жеңімпазы, Оңтүстік Кореяда өткен қарулы күштер арасындағы Бүкіләлемдік спорт ойындарында екінші сатыдан көрінсе, Ташкентте өткен Азия чемпионатының, Гер­манияда өткен Әлем чемпио­наты­ның күміс жүлдесін иеленген.

Қазақстан боксы бүгінде әлемдік деңгейде әлеуетін мо­йын­датқан спорт түрі. Сон­дықтан бұған жастардың да қы­зы­ғушылығы басым. Спорт ше­берімен кездесуде жас талапкерлер бокс өнеріне қатысты өздерін қызықтырған сауалдар төңірегінде сұхбаттасты. Білекті боксшының бір ме­зеттік шеберлік дәрісі жас талап­кер­лердің қабілет-қарымын шың­дай түскендей.

Айта кетейік, Мәдениет ауы­лындағы спорт мектебі белгілі спортшы, осы ауылдың тумасы Садық Мұстафаевтың бастамасымен 2009 жылы ашылған. Бүгінде бұл мектепте бокс, дзюдо, таэквандо, қазақ күресі, еркін күрес, волейбол, гандбол секілді спорттың 7 түрін үйретеді. Жалпы, бүгінгі таңда мектепте 522 оқушы қамтылған.

Спорт мектебінің директоры Б.Әуесбаевтың айтуынша, тәлім алып жатқан балалардың жеткен жетістіктері аз емес. Айталық, өткен жылы 2 спортшы әлемдік додада топ жарса, 1 спортшы Азия ойындарының жүлдегері атанған. Бұдан бөлек, ел чемпионаттарында 7 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль иеленіп, 42 оқушы спорт шеберлігіне кандидат атанды.

Спорттың әр түрінен Елдос Нұрмағанбет, Аян Асылбеков, Әнуар Тажмаханов, Ера­сыл Қасымов, Оралжан Болатбеков, Асқар Қуанышов, Жасұлан Нұрмағанбетов сынды жаттықтырушылардың шә­кірт­тері республикалық және халық­аралық жарыс­тарда жүлде алып жүр. Олардың қатарында Руслан Теміржан, Арайлым Ханзада, Айым Тоғыман, Сымбат Мұхаммедқалиқызы, Балнұр Сәр­сенбай, Айсана Айтқұл, Мұха­метжан Таңатар секілді түлектер бар.

Шара соңында спорт мек­тебінің директоры Б.Әуес­­баев был­ғары қолғап шеберлеріне ал­ғысын білдіріп, естелік сый­лықтар табыстады.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<