ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

283

0

 Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай аймағымызда «Ерлікке, елдікке тағзым!» атты іс-шара өтті.

Әуелі «Тағзым» алаңында Ауған соғысы жауын­гер­ле­рінің ескерткіші алдында со­ғыста қаза тапқан жауын­гер­лерді еске алу митингісі болды.

Облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақов сөз сөйлеп, қанша жыл өтсе де бұл күнді еске алу жауынгерлер үшін оңай емес екенін жеткізді.

–Тәуелсіз елімізде бүгін­де Ауған соғысына қатысқан 18 мың жауынгер бар болса, соның 3 мыңдайы мүгедектер қатарында. Оның ішінде Сыр елінен қатысқан 643 аза­маттың 13-і өмірден озды, 5-і соғыс даласында із-түзсіз жоғалды. Қазір 598 ардагер бар. Сол күндерді еске алу қанша қиын болса да бүгін, міне, еске алып тұрмыз. Себебі кейінгі ұрпаққа соғыстың қасіретін түсіндіріп, оның ешқандай елге жақсылық әкелмейтінін айтуымыз қажет. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлан-байтақ жері­міздегі бей­бітшілік бәрі­нен қымбат екенін әрдайым ұғындыру біздің міндетіміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Митингте сөз алған қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов, «Ауғанстан соғысы ардагерлері» ұйымы қо­ғамдық бірлестігінің төр­ағасы Қайраддин Баймаханов бұл күн ауған соғысына қатысқандар үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін маңызды екенін атап айтты.

 Митинг соңында ескерт­кіш­ке гүл шоқтарын қою рәсімі жа­салып, соғыста қаза тапқан жауын­герлердің рухына бағыш­талып құран оқылды.

Айта кетелік, Семей поли­гонының ардагері 70 жастағы Серік Өтебалиев ерлікке тағзым ретінде жалғыз өзі Тағзым ал­а­ңына дейін 12 шақырым жер жү­гіріп келіпті. Ардагердің ерлікті дәріптей отырып са­ла­­уатты өмір салтын насихаттауы кейінгі тол­қынға үлгі етерлік іс.

Іс-шара А.Тоқмағамбетов атын­дағы мәдениет үйінде жал­ға­сын тапты. Салтанатты жиында туған жеріне, отбасына деген сағынышын хатпен жеткізген жауын­гердің көңіл күйі, ­театр әр­тіс­терінің сахналық көрі­ніс­тері көрерменді бей-жай қал­дыра алмады.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Қ.Ыс­қақов атаулы күнде Ауған соғысы ардагерлеріне мемлекеттен қол­дау жасалып жатқанын, әлі де жаса­латынын жеткізді. Биыл Ауған соғысы арда­герлеріне бюджет қаражатынан 175 мың теңгеден аса бір реттік ма­териалдық көмек берілетін болады.

Жақында Ауғанстан соғы­сында ерлігімен аңызға ай­налған «Қара майор» – Борис Керімбаев өмірден озды. Оның отбасына Елбасымен қатар Сыр жұртшылығы атынан облыс әкімі көңіл айту жеделхатын жолдағаны айтылды.

Шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев Елбасының «Ау­ған соғысы ел тарихының жыл­намасында ең қаралы күн» деп атағанын, жауынгер ерлігі жас­тарды отансүйгіштікке тәр­бие­леуге үлгі екенін жеткізді.

Сондай-ақ ауған соғысының ардагері Әлібек Жаров, «Ау­ғанстан соғысы ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов жауынгер достарын бүгінгі күнмен құттықтап, елімізге бей­бітшілік тіледі.

Салтанатты шарада бірқатар жауынгер-ардагер Алғыс ­хат­пен мара­патталды.

Шара жергілікті өнерпаздар концертімен жал­ғас­ты.

Суреттерді түсірген

Нұрболат 

Нұржаубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<