КӨЛІК ҚАТЫНАСЫНДА ҚАРҚЫН БАР

333

0

Көлік қатынасы тұрғысында облыс бойынша даму айтарлықтай қарқын алды. Өткен жылдың шілдесінен бастап аймақ тұрғындарына Ресей астанасы Мәскеуге әуе жолы арқылы тікелей жетуге мүмкіндік туды. Аптасына төрт мәрте «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» рейсі маршруты қолға алынды. Сұранысқа ие бұл бастамаға байланысты ресейлік «Аэрофлот» компаниясымен биылғы наурызға дейін келісімшартқа қол қойылды.

Бұл күнде «Қорқыт ата» әуежайы арқылы Мәскеуге 97 рейс жасалып, 10,4 мың жолаушы аталған бастаманың игілігін көрді. Одан бөлек биылғы маусымда Анталияға тікелей рейс те ашылмақ. Халықаралық статусқа қол жеткізген әуежайдан ашылар бұл бағытта аптасына бір мәрте әуе кемесі ұшырылады және 4 сағат 40 минутта межелі жерге жеткізеді. Ал шойын жолда өңірден 20 жұп жолаушы поезы өтеді. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы бағытында 7 жұп поезд қатынайды. Сондай-ақ, облыс орталығынан шығатын «Қызылорда-Алматы-Семей», «Қы­зылорда-Көкшетау», «Қы­зыл­орда-Астана Нұрлы жол», «Қы­зылорда-Петропавл», «Қы­зылорда-Жезқазған», «Қы­зылорда-Бесарық-Түркістан» облысаралық алты жұп поезд тұрақты жүргізіліп тұр.

Қалаішілік қоғамдық кө­лік қатынасы да ретке кел­ді. Соңғы бес жыл кө­лемінде арнайы автобус пар­кі құрылып, жаңа үлгідегі қо­ғам­дық көліктер қызмет көрсетіп келеді. Бір кездері тек Тасбөгет кенті мен шаһардың шет аймағын байланыстырған жаңа автобустар қазір 32 бағыттың 6-нда қатынап жүр. Мекеме еншісіндегі 122 үлкен сыйымдылықты автобустың қатары биыл да артады деген жоспар бар. Мұнан өзге де жағымды жаңалықтар жоқ емес. Мекеме басшысы Нұржан Ахатовтың айтуынша, биыл толық электронды билетке көшірілмек.

– Біз электронды би­леттің бастамасын қа­зірден қолға алдық. 2018 жылдың 1 қыркүйегінен 1 қаңтарға дейін «Сенім» компаниясымен бірлескен жобамыз бойынша 15 мыңға жуық жолау­шы тасымалданды. Жалпы, электронды билетті халық арасында кеңінен тарату үшін түрлі шаралар жасадық. Нәтижесі жаман емес, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Н.Ахатов.

Жалпы автобус паркі бүгінде талапқа сай жұмыс істеп келеді. Жанармай құю бекеті мен көлік жөндеу орны тәрізді маңызды нысандармен қамтылған. Болашақта цифрлы технологияны өндіріске енгізіп, түрлі жобаларды қолға алмақ. Биыл қолға алынатын электронды билет – соның алғышарты.

Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<