Кәсіпкерлік қанат жайған аудан

273

0

 “Арал ауданында физика, химия және ағылшын тілі мұғалімдері мен дәрігерлердің жетіспеушілігі бар. Осыған сәйкес, Ақтөбе облысы мен аймақтың ЖОО жұмыс жасауда”, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.

Өткен жылы ауданға 28,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 2017 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артқан. Ал, бюджеттік түсім 15,5 млрд теңгеге орындалған. Өнеркәсіп орындары жыл бойына  12,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Арал ауданында өткен жылы өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына 5 жоба енгізіліп, оның 3-і іске қосылса, 2-і биылдың еншісіне қалып отыр.

Кәсіпкерлік саласында да алға ілгерілеушілік басым. Бүгінде шағын және орта бизнес субъектілері 4237 бірлікті құрауда, тиісінше, 5292 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 12 жоба субсидияланса, қосымша 7 жоба кепілдендіру арқылы іске асырылды. Сондай-ақ, гранттық қаржыландыру бағытында 18,4 млн теңгені құрайтын 23 жоба қайтарымсыз грантқа ие болған. Тыңғылықты жұмыс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі болар, Арал ауданы кәсіпкерлік саласының көрсеткіші бойынша республикадағы 290-ға жуық аудандар ішінен 7-орынды иеленуде. Бұл өңір үшін жоғары жетістік.

Халықтың басты кәсібіне айналған ауыл шаруашылығында да өсім бар. Аудандағы 73 мал шаруашылығы құрылымдарына 72 млн теңге көлемінде субсидия берілген. Қазіргі таңда өңірде жылдық қуаты 18900 тоннаны құрайтын 7 балық өңдейтін зауыт жұмыс жасауда. Өткен жылы 6919 тонна балық ауланып, оның ішінде 3575 тоннасы өңделсе, 1950 тоннасы экспортқа шығарылған.

Экология мәселесі бұл аумақта қашанда маңызды. Осы ретте экологиялық сауықтыру шараларына 391,4 млн теңге  қаржы қарастырылып, Балғабай, Бекетай, Бесжарма, Басықара каналдарына тазалау және гидротехникалық құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Тұщы-1, Тұщы-2 көлдері суландырылған.

Аралда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жыл ішінде 192 тұрғын үй пайдалануға беріліп, бірнеше отбасы баспаналы болды. Одан бөлек, 150 орындық аудандық орталық аурухананың, өрт сөндіру депосы мен Арал қаласындағы №14 мектеп ғимаратының, Сексеуіл кентіндегі әмбебап спорт алаңы мен спорттық-сауықтыру кешенінің, сот ғимаратының және Арал қаласындағы №4 мөлтек ауданындағы ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңының құрылыстары бой көтеріп, ел игілігіне берілген. Сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 3 елді мекеннен медициналық пункт, Жақсықылыш ауылына фельдшерлік акушерлік пункт, Бекбауыл елді мекеніне дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға беріліп отыр. Ал, Шижағада мәдениет үйінің құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жұмыс басталған.

Ауданды газдандыру жұмыс­тары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Өткен жылы Арал қаласындағы 3 мектептің бу қазандықтары қайта жаңғыртылып,  газ отынына көшірілген. Оған қоса 5876 тұрғын үй, 169 мекеме мен кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынға қосылған.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<