Міндеттерді орындауға мүмкіндік жеткілікті

328

0

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІV сессиясы өтті. Сессия төрағасы, депутат Нұридин Әмитов сессияға ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілесов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева қатысып отырғанын мәлімдеді және облыстық мәслихатта болған кадрлық өзгеріс жөнінен хабардар етті. Ұзақ жылдар бойы облыстық мәслихатта аппарат басшысы қызметін жемісті атқарған Мэлс Қосмамбет зейнеткерлікке шығуына орай бұл қызметке Бақытжан Ідірісов тағайындалды. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған Б.Ідірісов бұған дейін облыс әкімі аппаратыныӊ әдеп жөніндегі уәкілі қызметін атқарған болатын.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – облыс әкімінің өзіне жүк­­телген функциялары мен мін­деттері туралы есебі және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Үкіметінің кең- ­е­й­­тілген отырысында қойыл­ған мін­деттері туралы облыс әкімі Қ.Ысқақов баяндама жасады.

Сөз басында аймақ басшысы өзіне сенім артып, қолдау көрсеткен барша депутаттарға шынайы алғысын жеткізді. Сонымен бірге аймақта кейінгі жылдары қол жеткізген барлық қомақты табыстар облысты алты жылдан аса уақыт абыройлы басқарған Қырымбек Елеуұлы Көшербаев жасаған жұмыстардың игі жемісі екенін атап өтті.

– Ендігі біздің ортақ мін­дет – осы жетістіктерді еселеп, басталған жобаларды одан әрі жалғастыру және барлық көрсеткіштерді төмендетпей, әлеуметтің әлеуетін көтеру. Бұл бағытта бірлескен жұмысымыз табысты болады деп сенемін, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірдің 6 ай ішіндегі дамуын қоры­тын­дылап, алдағы міндеттерді бел­гіледі.

Аталған мерзімде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері бойынша, өнеркәсіптік өнім көлемін қоспағанда, оң динамика қалыптасты.

«Экономикаға тартылған инвестиция 2 есе,  құрылыс 2,4 есе, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша 21,6 пайыз және ауыл шаруашылығында 2,3 пайыз  өсім қамтамасыз етілді. Соңғы 6 жыл ішінде облыста мұнай өндіру көлемі 4,2 млн тоннаға қысқарды. Болжам бойынша, биылғы жылы  тағы 1,1 млн тоннаға қысқарады деп отырмыз. Жалпы өңірлік өнімнің 35% және өңірдегі барлық өнеркәсіп өндірісінің 70% астамы мұнай өндіруге тиесілі екенін ескерсек, бұл, әлбетте, экономиканың барлық салаларына тікелей және жанама әсер ететіні белгілі. Облыстың экономикалық дамуындағы өсімге қол жеткізу үшін біз аймақ экономи­касын индустрияландыру ар­қы­лы әртараптандыру стратегиясын жүзеге асырудамыз. Қазіргі таңда индустриялық-инновациялық даму­дың  мемлекеттік бағдарламасы аясын­да жүзеге асырылған 24 жоба­ның 18-і 90%-дан 100%-ға дейін жос­парлы қуаттылығын игерді», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, осы жылдың бірінші жартыжылдығында шығарылған өнім көлемі былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18%, ал экспорт көлемі 37%-ға артты.

Облыстың ірі инвестициялық жобаларымен қатар шағын өндірістерді дамыту бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Осыған байланысты біз «қара­пайым заттар экономикасы» бағдар­ла­масы аясында жалпы құны 12,6 млрд теңге болатын 124 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жасау­дамыз. Бұл – ет-сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, сусындар мен құ­рылыс материалдарын шығару. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы біз импортты төмендете отырып, бір мезгілде өзіміздің жергілікті шикізат базасын дамытамыз», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өңірде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы айтты. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған облыстың екі аудан орталығында 21 жобаны жүзеге асыру бойынша тиісті  жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылы жоба аясында облыстың басқа аудан орталықтары бойынша да жұмыстар жалғасатын болады.

Сондай-ақ, «Байқоңыр» кешенін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың мамыр айында өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Президент «Байқоңыр» космодромы ғарыш саласының негізі болып табылатынын және облысқа жоғары технологияларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

«Сонымен қатар, коммуналдық қызметтердің жоғары тарифі мен қолданыстағы салықтық режим тұрғындардың кәсіпке деген белсенділігін тежеп отыр. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV аймақаралық ынтымақтастығының форумы барысында Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Байқоңыр» кешенінде еркін экономикалық аймақ құруды пысықтау туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында, біз өз тарапымыздан «Байқоңыр» еркін экономикалық аймақ құру тұжырымдамасын және «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймақ құру туралы үкіметаралық келісім жобаларын дайындадық. Президенттің қолдауын күтудеміз», – деді Қуанышбек Досмайылұлы.

Өздеріңізге белгілі, өңірдің жедел дамуын қамтамасыз ету және тұр­­ғындардың өмір сүру сапа­сын жақсарту мақсатында ағым­да­ғы жылдың 7 ақпанында Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­­зиденті-Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырысында Қызылорда облысының өзекті мәселелері қарал­ды. Елбасы әкімдіктің барлық ұсы­ныс­тарын қолдап, Қызылорда облы­сының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын бекітуді тапсырған еді.

«Аталған тапсырманы орындау мақсатында осы жылдың мау­сым айында Үкіметпен Кешенді жоспар қабылданды. Кешенді жос­парды іске асыру нәтижесінде 2022 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн 62 млрд теңгеге ұлғайтылатын болады», – деп толықтырды облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс басшысы Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкі­метке және аймақ басшыларына халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсартуға бағыт­талған өте маңызды міндеттер жүктегенін жеткізді.

«Олар: индустрияландыру, агро­­өнер­­кәсіптік кешенді және кәсіп­керлікті дамыту, тұрақ­ты макро­экономикалық орта қалып­тастыру, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту, білім және денсаулық сақтау жүйесін нығайту, аймақтарды дамыту, мемлекет басқару тиімділігін және мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру мәселелері. Біздің ендігі міндет – аймақта басталған жұмысты қарқынды дамыту. Бұған біздің әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де толық жетеді», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Аймақта  аграрлық саланы дамытудың 9 негізгі бағыты анық­талды. Олар – ет және сүт мал шаруашылығын дамыту, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, суармалы жер­лерді қалпына кел­тіру, зә­кірлік кооперацияны қайта өң­деу және дамыту, балық шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өткізу, инфра­құрылымды дамыту және цифр­ландыру.

«Аталған бағыттарды іске асыру мақсатында кластерлік негізде өндірістік процестерді басқаруға цифрлық технологияларды ендіру қажеттігі туындауда. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында 148 жобаны іске асыруды жос­парлап отырмыз», – деді облыс әкімі.

Ал әлеуметтік салада көп­балалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау көрсету бойынша 2021 жылға дейінгі Аймақтық әлеуметтік жол картасы қабылданды.  Жол картасы аясында өзінің шағын бизнесін дамытуға қай­та­рымсыз негізде 1922 грант бөлу, сауықтыру лагерьлерінде аз қамтылған 17 мың баланың демалысын ұйымдастыру, әл­жуаз отбасылардан шыққан 25 мыңнан астам оқушыны тегін тамақпен және мектеп киімімен қамтамасыз ету, Қызылорда қаласы бойынша 6800 балаға қоғамдық көлікте тегін жүру қарастырылуда. Сондай-ақ, әлеу­меттік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларды жоғары оқу орындарында оқытуға облыс әкімінің қосымша 200 гранты бөлінуде.

Облыс әкімінің баяндама­сынан кейін депутат Темір­хан Әлімқұлов өңір экономи­касының түрлі салаларындағы жетістіктерге тоқталса, депутат Шәкизада Әбдікәрімов Сыр өңірінде ұлтымыздың рухын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан игі жұмыстарға өз бағасын берді. Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов алдағы атқарылар жұмыстарға сәттілік тіледі.

Келесі кезекте 2018 жылға ар­налған облыстық бюджеттің ат­қа­рылуы жөніндегі есепті бекіту туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев, облыс­тық тексеру комиссиясының төрағасы Сәуле Құлымбетова, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қар­­ма­сының басшысы Нұрлан Қордабай, облыстық мәсли­хаттың экономика, қаржы және жергілікті басқару мәсе­лелері жөніндегі тұрақты комис­сия­сының төрағасы Райхан Ысқақова хабарлама жасады.

Сессия барысында күн тәр­тібіндегі өзге де мәселелер бойынша депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<