\»Нұр Отан\»: 20 жыл

333

0

  Қызылордада «Нұр отан» партиясының 20 жылдығына орай конференция өтті.  Конференцияда Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты партияның алдағы жұмыстары жайлы мәселелер талқыланды.
А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналған конференция өтті. Конференцияның ашылуында Қызылорда облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев «Нұр Отанның» еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңыздылығын атап өтті.
Конференцияда 27 ақпанда Астана қаласында өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съездінің делегаттар тізімі бекітілді. Қызылорда облысынан съездге 61 делегат қатысады.
 «Партияның бірінші съезі  1999 жылдың 1 наурызында өткен еді. Еліміздің жетекші партиясы жиырма жылдың бедерінде үлкен жолдан өтті. Өткен жылдар ішінде партия еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға, елді дамыту мен халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы міндеттерді орындауға зор үлес қосты»,-деді аймақ басшысы.
Партия ардагері, 1999 ж. Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың жетекшісі Қуанышқали Шапшаңов «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» тақырыбында баяндама жасады.
«Тарихи өлшемге салсақ, 20 жыл – қас қағым сәт. Алайда, осы бір уақыт жолағында «Нұр Отан» партиясы шын мәніндегі жасампаздық пен біріктіруші күшке, саяси сахнада салмағы басым көшбасшыға айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өздеріңізге мәлім, «Нұрлы көш», «Ауыз су», «100 мектеп», «100 аурухана», «Болашақ» және тағы басқа да ірі әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар іске асты. Қазіргі таңда мектеп оқушылары үшін 1000 тегін IT-сынып пен ақпараттық технологиялар саласына білікті мамандар даярлау үшін 20 IT орталық ашу, геоақпараттық онлайн қызмет порталын құру, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту және тағы басқа да заман талабымен үндесетін істер бар. Бүгінгі күні 1 миллионнан астам Қазақстан азаматтары партия қатарында»,-деді Қ.Шапшаңов.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси бюросының мүшесі, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының облыста жүзеге асырылуы туралы айтты.
«Облыс бойынша жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын көтеруге ниет білдірген мекемелер мен кәсіпорындар арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Нәтижесінде бүгінгі күні облыс бойынша 29 ірі және орта кәсіпорындарда 2548 адамға жалақыларын 44 400 теңгеден 54 200 теңгеге дейін  көтеруді растап отыр. Білім беру саласында аймақта Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдістемесіне сәйкес білім беру жүйесінде жаңартылған мазмұнды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі күні ол 46 мектепте енгізілді»,-деді Р.Рүстемов.
Сондай-ақ, жиында атқарылған жұмыстар туралы аймақтағы мемлекеттік органдардың басшылары да баяндама жасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<