«ОРДАМЕН» ҮЙ АЛА БАСТАДЫ

336

0

Өңірлік «Орда» бағдарламасы аясында сол жағалаудағы жаңа қоныстан үй алушылар саны күн сайын артып келеді. Әне-міне дегенше бұл жақта қоныс тойлар көбейетіні анық. Жыл басынан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бағдарламаға қатысушылар арасында конкурс өткізіп, сол жағалау тұрғындарын анықтауда.

Орайы келгенде «Орда» фбағдар­ламасының тиімділігін айта кетелік. Облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынған бағ­дарлама баспанаға мұқ­таж­дардың ішінен белгі­лен­ген санаттарға арналған. Атап айтқанда, көпбалалы немесе толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері және мемлекеттік қызметкерлер, бюджет мекемелерінің қызмет­керлері және жасы 35-ке толмаған жас отбасылар. Бағ­дарламаның бір ғана талабы бар. Ол – банк есепшотында кем дегенде 500 000 теңге жинағыңыз болу керектігі.

Ал «Орда» бойынша берілетін пәтер бағасы отбасы бюджетіне соншалықты салмақ салмайтындай есептелінген. Мәсе­лен, жалпы ауданы 58 шаршы метр болатын 2 бөл­мелі пәтер 6 960 000 теңге. Жаңа пәтерінде 8 жыл бойы тұрып келген банк салымшысы осы уақыт ішінде шотына ай сайын 36 888 теңгеден ақша аударып тұру керек. Жыл сайынғы мемлекеттік және банк сыйақысын қоса есептегенде жинақ сомасы үй бағасының 50 процентіне жеткен кезде қалған 3 480 000 теңге несие түрінде рәсімделеді. Бір атап айтарлығы, бұл бағдарлама халықты табысынан ақша жинап пәтер алуға үндейді. Бүгінде бағдарламаның тиімділігін пайдаланып, сол жағалаудан үй алып жатқандар аз емес. Солардың бірі – жас отбасы Рахметовтер. «Орда» бағдарламасына қатысуға жас отбасылардың мүмкіндігі бар екенін естіген Жангелді Рахметов жұбайы екеуі ақылдаса келе «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, ақша жинай бастайды. Конкурс жария­ланған сәттен өтінім тапсырған олар сол жағалаудан үш бөлмелі үй алу құқына ие болады. Конкурстан өткен жас отбасы енді жаңа қонысқа көшуге асығып жүр.

Салтанат Рахметова: Сол жағалау игеріле бастаған кезде сол жақтан үй алсақ деп арман­дайтын едік. Арманымыз орындалды. «Орда» бағ­дар­ламасының тиімді екенін естіп, «Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкінен» шот ашып, ай сайын ақша жинай бастадық. Жастар жылында жолымыз болды. Жақында сол жағалаудағы үйлерден «Орда» бағдарламасы бойынша жарияланған конкурсқа қатыстық. Қорытындысында №17 үйден 3 бөлмелі пәтер бізге бұйырды. Жақында кілтін аламыз. «Орда» жас отбасы үшін ең тиімді бағдарлама екеніне көзіміз жетті. Қуанышымызда шек жоқ.

Айта кетелік, жыл басынан бері «Орда» бағдарламасы бойынша 248 пәтерге конкурс жарияланып, бүгінгі күнге 80 тұрғынға пәтер берілген. 168 пәтерге конкурс жалғасуда.

 Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<