САБАЛАҚТА ПОЛИЦИЯ ПУНКТІ АШЫЛДЫ

139

0

Қала іргесіндегі «Сабалақ» саяжайында учаскелік полиция пункті ашылды. Аталған шараға облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов қатысты.

Халық саны 4 мыңға жуықтаған елді мекеннің 72 азаматы профилактикалық есепте тұр. Мұнда жыл басынан 6 қылмыстық іс ашылып, 20 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Саяжай тұрғыны Бақыт Құлмағамбетова пункттің қажеттілігін жеткізіп, департамент бастығына зор алғысын айтты.

– Темірдей тәртіпті қамтамасыз ететін мұндай орын керек болатын. Арыз-шағым жазуға қайда барарымызды білмейтінбіз. Учаскелік полиция инспекторына рақмет, қызметін мүлтіксіз орындап, жоғалғанымызды тауып, тентегімізді тезге салып жүр. Халықпен етене араласып, өзінің білікті маман екенін әлдеқашан танытқан, – деді ол.

Соңғы кездері малы жиі ұрланған тұрғындардың жоғын тауып берген учаскелік полиция инспекторы Руслан Әбуовтің арқасында ұрлық-қарлық тыйылды дейді тұрғындар. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, талап-тілектеріне ден қойған департамент бастығы Қ.Мұхитов бұған дейін қала маңындағы саяжайлар тұрғындарымен кездескен болатын.

Дәулет ҚЫРДАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз