«САРАТС» серпін берген слет

344

0

Бүгін Арал өңіріндегі Қамыстыбас көлінің жағасында V халықаралық балықшылар слеті басталды.

2015 жылдан бастап  Қамбаш көлінің жағасында өтетін Арал өңірі балықшыларының слеті қазір дәстүрлі мерекеге айналды. Ертең бесінші мәрте өтетін шараға Сыр өңірінен бөлек Түркістан, Ақтөбе облысынан қонақтар келеді деп межеленуде. Аталмыш слет келешегіне деген сенімді бағындырған жетістігін баршаға паш ететін тағлымды жүздесу болатыны даусыз.

Толқыны көкке шапшыған, табиғаты көркем Қамбаш көлінің жағасында өткенді таразылап, ертеңгі күнді жоспарлайтын шараның балық шаруашылығының ертеңі үшін маңызы зор.

Теңіз тартылған тоқырау кезең аралдықтар жадына қорқынышты түстей сақталып қалды. Балық өңдейтін кәсіпорындар, балық аулайтын шаруашылықтар жапппай жұмысын тоқтатты. Теңіз суының тұздылығы көбейіп, балық аулау мүлдем тұралады. Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна  камбала глосса аталатын бір ғана түрі ауланатын халге жетті. Бар тірлігін айдынмен ұштастырған теңіз перзенттерінің көңіліне Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асқан САРАТС  жобасының алғашқы кезеңі үміт отын жақты. Кіші теңіздің қалпына келуі, Көкарал бөгетінің салынуы, Ақлақ тоспасын жасау өңірді қайта түлетті. Теңіздегі балық қоры молайды. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі артты. Теңіз деңгейі Арал қаласына біршама жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі ұлғайып үміт оты қайта жанды.

Сондай-ақ, көптеген ірі көлдердің қалпына келуі балық шаруашылығының  жандануына жол ашты. Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайтадан өсе бастады. Қазір балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсті. Биыл аудан бойынша балық аулау лимиті 7067 тонна болып бекітілген.

         Бүгінгі таңда Арал өңірінде  7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш», «Ар-М-Кон» шағын балық өңдеу зауыты балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен  шұғылданады. Балық  өңдеу саласындағы 31 балықшылар бригадасында 405 тұрғын еңбек етеді. Балықшылар бригадасы көптеген өздігінен жүретін,  өздігінен жүрмейтін флот, үлкен және шағын кемелер, құрма, кермеше ау, жылыммен қамтамасыз етілген. Слет барысында кемелердің шеруін тамашалаған жан керемет көрініске куә болары анық.

     «Төртеу түгел болса-төбедегі келеді». Өңір жұртшылығының ортақ іске жұмырықтай жұмылуы, ағайын арасындағы береке-бірліктің арқасында Арал өңірі уақыт өткен сайын кемелдене түсуде. Теңіздің жандануымен мұндағы қабырғалы қауымның тұрмыс-тіршілігі оңалып, балық кәсіпшілігі өзге де салалар қарқынды дамуда. Нақты кезеңде балық шаруашылығы аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналды. Заманауи технологиямен жабдықталған зауыттарда  өңделген  балық түрлері Еуропа мемлекеттеріне экспортталып жатыр.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

                                                                                                 Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<