Қызылордадағы ас, құдайыларда жемқорлықтың зияны туралы айтылады

296

0

Қызылордада құдайыларда, астарда сыбайлас жемқорлықтың зияндылығы туралы уағыздар айту туралы бастама көтерілді, – деп хабарлады syrboyi.kz сайты облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне сілтеме жасап.

Бұл туралы аймақтағы түрлі діни ұйымдардың өкілдері қатысқан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы руханият пен адамгершілік» атты дөңгелек үстелде айтылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы және дін мәселелерін зерттеу орталығымен бірлескен түрде департамент ұйымдастырған шараның мақсаты – діни бірлестіктердің әлеуетін пайдалана отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске азаматтарды, оның ішінде жамағатты, діни қауым мүшелерін (прихожане) тарту.

Департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев:

– Бүкіл әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жетекші құрал бола алатын діннің қоғамдық процестерге ықпалы жыл сайын артып келеді.Дін қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мәдениетті қалыптастыруда үлкен әлеуетке ие. Сондықтан департамент тарапынан халық көп жиналатын орындарда, құдайыларда, астарда мен өзге де діни іс-шараларда жемқорлыққа қарсы уағыздар айту ұсынылды, – деді.

Жиында сөйлеген дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Б.Камалов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Б.Абуов және православтық шіркеу жетекшісі В.Иваншинин кісінің ақысын жеу, аманатқа қиянат жасау, пара беру мен пара алу, тіпті пара беруге үгіттеу де күнә екендігін айтты.

– Түпкілікті мақсатымыз бен міндетіміз – халықты имандылыққа, адалдыққа, адамгершілікке шақыру. Халық арасында рухани адамгершілік пен адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттауда бірлесіп жұмыс жасауды бірауыздан қолдаймыз, – деді.

Елімізде соңғы жылдары дінге бет бұрғандардың қатары артқан. Оның ішінде дін талаптарын ұстанатын жастар саны өскен. WIN/Gallup халықаралық ұйымының мәліметінше, елімізде өзін діни адаммын деп есептейтін азаматтардың үлесі 64 процентті құрайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<