«ЗЕБА» өңірде алғаш өндіріске енгізілді

428

0

Соңғы жылдары суармалы егіншілік жағдайында күріш шаруашылығын дамытып, елімізді осы дақыл өнімімен толықтай қамтамасыз етіп отырмыз. Дегенмен, Сыр өңірінде, трансшекаралық Сырдария өзенінің су ресурстарының азаюы экологиялық және экономикалық тұрғыдан алаңдататын мәселелер туындатуда.

Осы жағдайға байланысты, облыста өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бағытында, суды аз тұтынатын ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту көзделуде. Олардың қатарына жаз­дық бидай, мақсары дақылдары да жатады. Себебі, олардың бейім­делу мүмкіндіктері жоғары, өнімділігі және жан-жақты пайдаланылуы жағынан әлемдегі же­текші дақылдар қатарына кіреді.

Қазір ауыл шаруашылығы өн­­дірісіндегі басты мәселенің бірі – климаттық өзгерістерге қа­рамастан, астық өндірісін тұрақ­тандыру. Демек, астық мәселесін шешу ауыл шаруашылығы ғылы­мының жетістіктерін қолдануды керек етеді.

Облыстың агроөнеркәсiп кеше­нінде ғылым жетістігіне қоятын талаптардың бірі: шөлегін жерде (богарное земледелие) су үнем­дегіш технологияларды ен­гізу ар­қылы да­қыл­дар өсіруді ұйымдастыру болып отыр.

Осы талапқа сәйкес 019 бағ­дарламасы бойынша «Қызыл­орда облысының оңтүстік аймағында орналасқан тәлімі (тау етегіндегі суарылмайтын жерлер) жерлерде дәнді және майлы дақылдарға ылғал сақтағыш тәсілдерді қолдану арқылы ресурс үнемдегіш технологияны өндіріске енгізу» атты жоба дайындалып, қолданысқа  ұсынылды. Ол жұмыс сәтті жолдамасын алды.

Астық өндірісі саласын же­делдетіп дамыту – еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жолындағы мемлекеттік-аграрлық саясаттың бірінші кезекті міндеті екені белгілі.

Ал, Арал өңірі (Қызылорда облысы) жағдайында ауыл шаруашылығын көтерудің негізгі бағыты – басты дақыл күрішті интенсивті дамыту. Бірақ, қазіргі кезде су ресурсының негізгі көзі – Сырдария өзені суының азаюына байланысты, жылдан-жылға су тапшылығы күшейіп, жаз айларында өзен суы ауылшаруашылық дақылдарын суғаруға жеткіліксіз болып отыр. Болашақта бұл жағдай алаңдататыны да ескертіліп жүр.

Сондықтан, суды аз талап ететін дәнді дақылдарды, мысалы, жаздық бидайды, мақсарыны өндіріске енгізу экономика жағынан тиімді дейміз.

Жаздық бидай бағалы азықтық, ал мақсары өте сұранысты майлы дақыл. Бидай мен мақсарыны өсіруге Арал өңірінің топырақ-климаттық жағдайы жалпы қолайлы болғанымен, оның да жайсыз кезеңдері бар. Тәлімді (шөлегін) жерде өсірілетін жаздық бидай мен мақсары дақылдарына олардың өнімділігін арттырып және сапасын жақсартатын, әрі суару режимін оңтайландыратын технология енгізу қазіргі кезеңде өте маңызды.

Жоба жұмысының іске асырылатын жері Жаңақорған ауданы болып таңдалды. Ауданның Қаратау тауының бөктерінде өсірілетін жаздық бидай және мақсары егісіне наурыз, сәуір, мамыр айларында жауатын жауын-шашын мөлшері, олардың вегетациялық мерзіміне керекті ылғал мөлшеріне жуықтайды. Яғни, жаздық бидай мен мақсарыны өсіруге жағдай қолайлы. Дегенмен ауа-райының жылма-жыл құбылмалы екендігін де ескергеніміз жөн. Сондықтан бұл дақылдарды басты кезеңде ылғалмен қамтамасыз ету үшін, егістікке ылғал сақтағыш технологияны қолдану қажет.

Бұл технология қолдану негізі Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ертеректе жасалған болатын.

Гидрогельдің ВП-2 Қазақстандық түрі осы институтта 2006-2008 жылдары күріш дақылына зерттелген (Х.Жамантіков, 2006-2008 ж.ж.). Гидрогельдің су үнемдегіш технологияның ерекше нысаны екенін және оның суперабсорбциялы қасиеті зор екені сол кезде дәлелденген.

Қазақстандық ВП-2 гидрогелі қазіргі таңда өндіріс көлемінде шығарылмағандықтан, зерттелген гидрогельге ерекше қасиеттерімен жақын американдық «ЗЕБА» гидрогелі жоба жұмысына пайдаланылып отыр. Әйтсе де, өзіміздің препаратымыз болса ғой деген арман көкейімізде тұр.

Сонымен, тәлімі жерлерде өсірі­летін жаздық бидай және мақсарының  өніп-өсу дәуірінде үнемі ылғалмен қамтамасыз ету үшін, гидрогель препаратын колдану арқылы ылғал сақтағыш қасиеті бар инновациялық технологияны өндіріске енгізу жұмысы басталды.

Америка Құрама Штатында жасалған «ЗЕБА» гидрогелінің 1 грамы 500 мл ерітіндіні бойына сіңіріп сақтайды, әрі ол өсімдіктің тамыры арқылы сорылып ылғалға деген сұранысын оңтайлы қамтамасыз етеді. Тәлімі жерде жаздық бидай дәнінің толысуына және мақсарының толық пісуіне жағдай осы препарат сақтаған ерітінді арқылы жасалады. «ЗЕБА» гидрогелі түйіршіктері өсімдік тамырларының шоғырланған топырақ қабатына сепкішпен орналастырылады.

Егін шаруашылығы бүгінгі күнге дейін негізі екі жолмен дамып отырғаны белгілі. Біріншісінде, егіс дақылдары суару арқылы өсірілетін болса, екіншісі – табиғи ылғалды сақтау шарасын қолданып өнім алу.

Демек, Оңтүстік ­Қа­­­зақстанда өңіріндегі тә­лі­мі немесе шөлейт бел­деуіндегі жерлерді игеру ғы­лым жетіс­тігіне жүгінгенді өте керек етеді. Қыстағы және көктемдегі ылғалды дақылдарға керек кезінде қолданатындай етіп, оны жинап, керек мөлшерін қанағаттандырып, қалғанын ыдысқа құйғандай, төкпей-шашпай сақ­тайтын ғылыми ізденістен туындайтын өнімді жасауды ғалымдар ертеректе армандаған еді. Ол ғылыми өнім гидрогель деп аталатын күрделі химиялық (полимерлік) қосылыс болып шықты. Оның ерекше сорғыштық қасиеті ғалымдарды қызықтырады.

Гидрогель – негізі ерігіш полиэлектролит. Бұл қосылыстың беткі қабаттары сорғыш, әрі алмасу реак­цияларына әрдайым дайын амин, карбоксил және гидроксил  топтарына толы, әрі олар электрленген түрде болады. Сондықтан, ол зат түрінде  жасалғанда оны  суперсорғыш, яғни одан күшті сорғыш, кеңістікте  сирек кездеседі деген сөз.

Гидрогель су ерітіндісін бойына жинап сақтайды.Топырақтағы тыңайтқыш ерітінділерін де ысырапқа ұрындырмайды. Өсімдік оның ерітіндіге толысқан ке­зінде тамы­рымен торлап сорып, ылғалын азайт­са, гидрогель түйіршігі топырақ ылғалданған жағ­дайда қоректік ерітін­діні қайтадан сорып толық қалпына келеді. Осылай «резеңке губка» сияқ­ты «сорғыш» рөлін дақыл піскенше, топырақ­тағы ыл­ғал таусылғанша күзге дейін мінсіз атқарады.

Күзде гидрогель, әсіресе «ЗЕБА» препараты тез ыдырайды. Себебі, ол – жүгері крахмалының қосын­дысы­нан тұратын гидрогель. Крахмал фруктозаға, ал ол глюкозаға айналады. Оларды микроағзалар (микробтар) таласып жейді, қорек етеді. Осыдан гидрогельдің топыраққа және өсімдікке зиян келтірмейтінін көреміз.

Сонымен «ЗЕБА» атты гидрогельді қолданып, Жаң­а­­­қорған ауданындағы «Бес­арық + О» ЖШС-ның көрсетілім алаңына (көлемі 5 га) екі дақыл: жаздық бидай мен мақсары егілді. Бұл, әрине, облысымызда алғашқы атқарылған жұмыс. «ЗЕБА» препараты (гидрогель) Қызылорда облысында бірінші болып өндіріске енгізіліп отыр.  Бидай мен мақсарының  шығымы, өсуі қазіргі  кезде жақсы  көз тойдырады. «ЗЕБА» қолданған жерде жаздық бидайдан, орташа есеппен, 15% артық өсімдік өсіп шықты, ал мақсарыдан 41% өсімдік көбейіп өсті. Бұл нәтижелер салыстырмалы түрде өсімдіктердің түп айыру кезеңі басталған кездегі 1 шаршы метр мөлтек аудандағы өсімдік сандары. Мөлтек өлшем (1м2) бірнеше жерге салынып есептелді.

Осы бастамадан күтілген нәтижелерге: жаздық бидайдан гектарына 7 центнерден – 15 центнерге, мақсарыдан  7-ден 12 центнерге дән өнімін көтеруге мүмкіндік жасаса, онда ауыл шаруашылығының екінші тынысына жол ашылады деуге болады. Ылғалды ұстап, оны тиімді пайдалану арқылы егіншіліктің жаңа (шөлегін) бағыты жетіледі. Ғылыми өнім гидрогельдің әсерімен ылғалды сақтап, оны үнемдеп, өсімдікке беру қасиетінің зор күші байтақ шабындық жерлер арқылы дәнді және майлы дақылдар егісінің көлемін өрістетуге үлкен ықпал етеді. Қысқасы, шөлегін бағыты біртіндеп нәтижелі дамыса, оның келешегіне сенім артуға болады. Әрине, егіншіліктің бұл бағыты өндіріске де әрі ғылыми жетістіктердің сапасына да  үлкен талап жүктейтіні сөзсіз. Ол үшін барынша табанды еңбек жасалады деп білеміз.

 

Бақытжан  ДҮЙСЕМБЕКОВ,

Хасый  ЖАМАНТІКОВ,

Камалдин ШЕРМАҒАМБЕТОВ,

Ы.Жақаев атындағы 

қазақ күріш шаруашылығы 

ғылыми-зерттеу институтының жетекші мамандары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<