Жалағашта күн электр станциясы салынады

269

0

Балама энергиямен жабдықтау – әлемдік деңгейдегі негізгі мәселеге айналды. Біздің елімізде де бұл бағытта нәтижелі жұмыстар жүргізіле бастады.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында  «2050 жылға қарай энергияның кем де­генде жартысын жаңартылған энер­гия көздерінен алуымыз керек» де­лін­ген. Осы орайда Сыр елінде дәс­түрлі шараға айналған «Baikonyr Invest» инвест­фору­мының 2018 жылы жел­тоқ­санда өткізілген кезекті Х форумы негізінен «жасыл экономикаға» арналған болатын.

Осы форум аясында Қызылорда облы­сында жалпы қуаты 170 мВт болатын 4 күн электр станциясының құрылысын жүргізу жөнінде келісімдер жасалды. Негізінде Қызылорда облысы күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақта орналасқан, жылына 3000 сағаттан астам күн сәулесі түседі. Сондықтан да бұл бағытта жасал­ған қадамдардың қай-қайсысы бол­са да құптауға тұрарлық.

Жоғарыда аталған келісімдер аясында Жалағаш ауданында қуаттылығы 30 мВт  болатын күн-электр станциясын салуды франциялық «Total Eren» компаниясы міндетіне алған еді. Аталған мақсатта Жалағаш ауданы аумағынан 164 гектар жер бөлініп, инфрақұрылымдары жүр­гі­зілді. Жобаның экологиялық және эко­номикалық тиімділігіне сараптама жа­са­лып, тұрғындар арасында қоғамдық тыңдау өткізілді.  

– Тұрғындар қолдау жасап отыр.  Бұл жоба Сыр өңірінің экономикалық да­м­уына оң әсерін тигізеді деген үміт­те­міз. Нәтижесінде өзге аймақтарға бұл жөнінен тәуелділіктен арылып, тариф бағамын реттеуге оң әсерін тигізетініне сеніміміз мол, – дейді Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бө­лі­мі­нің басшысы Жасұлан Еспенбет.

Бұл күндері бөлінген жер телімін тегістеу жұмыстары жүргізіліп, өзге дайындық шаралары басталып кеткен. Мердігер компания өкілдері құрылыс жұмыстары алдағы мамыр айында басталып, қазан айының соңына дейін нысан іске қосылатынын мәлімдеуде. Жоба жүзеге асқаннан кейін мұнда 15 адам тұрақты еңбек көзімен қамтылады деп күтіліп отыр.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<