ЖАСТАРҒА ЖАСАЛҒАН МҮМКІНДІК

51

0

Жақында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылуы рәсіміне қатысып, онда ауылды дамыту, аграрлық саланы өркендету бағытында нақты тапсырмалар берді. Бұл жастардың ауыл шаруашылығын дамытуға деген ынтасын арттырмақ. Осыған дейін қаншама жас маманның ауылдың әлеуметтік -экономикалық әлеуетін көтеруге үлес қосуына мүмкіндік берген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы Жастар жылында біршама жетілмек. Осы бағдарлама игілігін көрген жастың бірі – Сырдария ауданы Шаған елді мекенінің тумасы Рүстем Сматов.

Ол аудандағы «Шаған-Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инженер-технолог қызметін атқарады.  Бүгінде облыстың агросаласындағы ір­гелі құрылым саналатын шаруа­шылықтың негізгі кә­сі­бі күріш егу. Жас маман ел бай­лығын еселеген компанияда жұ­мыс істейтіндігін мақтаныш тұтады.

Рүстем  2011 жылы Астана қа­ла­сындағы С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ­ агро­техни­ка­лық универ­ситетін инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын «Абзал и К» компания­сында тұқым зауытының меңгеру­шісі қызметінен бастайды. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтында аға лаборант   болды. Институтта бір жылдай қызмет етіп, қайта ауыл­ға оралады. 2015 жылдан бастап «Шаған-Жер» ЖШС-да инженер-технолог ма­мандығы бойынша еңбек етуде. 

Жұмыста белсенді, тір­лігіне тия­нақты ол аға буын өкілдерінен тәжірибе жинақ­тады. Бірде жас маман газетке шыққан мақаладан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының тізі­міне жаңа мамандықтар қо­сылғанын көзі шалады. Мұның мамандығы да тізімге еніпті. Қуанышында шек болмады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне барып мән-жайды білді. Ондағы мамандар Рүс­темге бағыт-бағдар беріп, қа­жетті құжаттарды жинауға атса­лысты. Көп ұзамай ол бір реттік ақшасын алды. Тіпті тұрғын үй кезегіне тізілді. Өткен жылы бағдарлама ар­қа­сында жаңа баспанаға қоныстанды.

Еңбекқор жастың шаруа­шылық­тағы негізгі қызметі тұқым дайын­дау, сақтау, астық қоймаларын қадағалайды. Егін науқаны бастал­ғанда қажетті тұқымды әзірлесе, жинау кезде астықты тиісті орындарға жіберіп, қамбаға жеткізілетін өнім­ді бақылайды. Тынымсыз еңбе­гі­нің арқасында жас маман шаруа­шы­лық­тың талай марапатына ие болды. Өзі секілді жастармен бірлесіп, қоғамдық жұмыстарға да белсене  қатысады.

– Елімізде биылғы жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Осы бағытта біршама жаңа жобалар қолға алынбақ. Біз секілді жас мамандарға қолдау артса,  талай қатарластарымыз өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік алатын болады.  Соның бірі – «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасына енгізілетін ма­ман­дықтар тізімін кеңейту және ауылға көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөл­шерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделіп отыр. Мен де осы бағдарлама арқасында жаңа баспанаға ие болдым. Енді ауылға келіп жұмыс жасайтын әрбір жасқа барлық жағдай жасалатын болады. Сондықтан жас­тар аянып қалмауы тиіс, – деді ол.

Сара АДАЙБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз