Жаңақұрылыстықтардың ризашылығы

365

0

Әріге бармай-ақ өткен жылдарды ой елегінен өткізсек, елімізде қаншама игі істер атқарылды. Осындай толымды тірлік Арал ауданынан шалғай, яғни 165 шақырым қашықтықта орналасқан «Жаңақұрылыс» елді мекенінде де жүзеге асуда.

Әрине, халықтың тілегі бір күнде орындала бермейді, әрбір іс өз кезеңінде атқарылады. «Жаңақұрылыс» елді мекенінде халық игілігі үшін біршама жұмыс атқарылды. Атап айтсам, екі қабатты жаңа мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, мал дәрігерлік пункт, ұялы байланыс мұнарасы, әрбір үйге Сарыбұлақ суының желісі тартылды. Болашағымыз жастарға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз. Осыған орай ауыл ортасынан жастар демалатын, жазда ойын-сауық кештерін өткізетін Жастар алаңы салынды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған «Тағзым алаңы» ашылып, ескерткіш бой көтерді. «Ақбасты» көлдерін суландыру үшін Сырдария өзені бойындағы «Нұралы» жармасына үш қақпалы шлюз салынды. «Жаңақұрылыс» халқы үшін маңызды «Аманөткел» елді мекені тұсынан Сырдария өзенінен бастау алатын «Ералы» каналы. Бұл бірнеше көлді, мал жайылымдарын, шабындық жерлерді суландыруға, егін егуге өте қажет. Бүгінде екі қапталы биіктеліп, арнасы кеңейтілуде. Халықтың ауызбіршілігінің арқасында «Өтеш ахун» мешіті және мешіт жанынан 100 орындық асхана салынып, ел игілігіне берілді.

Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылы мен Арал ауданы «Жаңақұрылыс» елді мекенінің аралығындағы халық күнделікті қатынайтын 35 шақырым жолдың әбден тозығы жетіп, жөндеу көрмегеніне 35 жыл болған еді.

Осы 35 шақырым жолдың 13 шақырымы Қазалы ауданына қарайды, бұл жол 2022 жылы Мұхтар Әуесұлы Қазалы ауданының әкімі болып тұрғанда жөнделіп, асфальт тартылып, халық игілігіне берілген. Ал қалған 22 шақырымы Арал ауданына қарасты. 2018 жылы 8 шақырымы асфальттанып, 14 шақырымы әртүрлі сылтаумен қаржысы бөлінсе де, жол істелмеді. «Ештен кеш жақсы» деген, арада 6-7 жыл өтсе де биыл тамыз айында ауданға жаңадан әкім болып келген А.Оңғарбаевтың араласуымен 14 шақырым жол тақтайдай тегістелді. Бұған бүкіл жолаушылар, алыстан келген ағайындар ризашылық білдіруде.

Күннің аптап ыстығына, дауылды желге, шаңға қарамай жұмыс жасаған «Нұрас и Компания» ЖШС басшысы Нүркен Ботабаевқа, жол тегістеуші грейдер машинисі Нүркеш Еркебайға, жүк тиеуші машинисі Серікбай Елеусізовке елдің ықыласын білдіруді жөн көрдім.

«Нұрас и Компания» ЖШС басшысы Н.Ботабаев сөз арасында «2022 жылы Қазалы ауданына қарасты 13 шақырым жолды біз асфальттап едік, енді міне, сәтін салып 14 шақырым жолды сапалы етіп асфальттап, ел игілігіне бердік. Рахаттарыңызға пайдаланыңыздар, сәтті жол болсын» деді.

 Жолды жөндеу жөнінде ауыл тұрғындары облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілепке өтініш айтып, аманат етіп тапсырды. Депутат жоғары орындарға жеткізіп, қаражат бөлу жөнінде көптеген жұмыс атқарып, жолдың сапалы істелуіне атсалысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында еліміздегі автожол құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына мән беру керектігін айтқан болатын. Облыс аудан, ауыларалық автомобиль жолдарының жақсы сапасы әлеуметтік тұрмыстың жақсаруының бірден-бір көзі. Сонымен қатар ауылдың дамуына, кәсіп ашуға оң ықпал етеді.

Жолдаудағы тапсырма орындалды деген осы емес пе?! Ел үшін осындай игі істер жалғасын таба берсе, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы жақсаратыны сөзсіз.

 Сердалы ШАЛБАЕВ,

«Жаңақұрылыс» ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<