Алдағы міндет ауқымы

453

0

Қазақстанның ірі қалалары мен барлық өңірлерінде халық арасында іріткі салуды көздеген бұзақылар террористік акт ұйымдастырып, қарапайым халықтың қауіпсіздігіне нұқсан келтірді. Еліміздегі әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым орасан зор зардап шекті. Қаруланған бұзақылық топ біздің Сыр аймағын да айналып өткен жоқ.

Рас, елімізде өз шешімін уақытылы таппай отырған мәселелер жоқ емес. Әлеуметтік әділетсіздік, бағаның өрескел қымбаттауы, әсіресе азық-түлік бағасының ретсіз шарықтауы, жалақының аздығы мен жұмыссыздықтың белең алуы бар. Өкінішке қарай, мұндай толғаулы мәселелерді қарумен шешуге ұмтылыс жасалуы тым қате. Мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтып, іргетасын бұзуды мақсат еткен содырлардың түрмеге тоғытылып, қатаң жазаланатынына бек сенімдемін.

Келеңсіз жағдай мемлекетіміздің өсіп, өркен жаюына тілеулес барша халықты ойландырды. Осы наразылықтан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел-халықтың мұң-мұқтажын  ескеріп, шұғыл шешімдер қабылдағанынан хабардарсыздар. Қордаланған мәселелерді бақылауға алып, елде төтенше жағдай жариялап, саяси батыл шешімдер қабылдады. Халыққа Үндеу жолдады. Онда еліміздің амандығы мен тұтастығын, мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ел-халық төтенше жағдай талаптарына бағынып, сын сағатта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сабыр сақтау қажеттігін баса айтты.

Президент Мәжілістің пленарлық отырысында ел тарихында бұрын-соңды болмаған осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге зор сенім білдірді. Осы бір қаралы күндері сабыр сақтап, тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге мейлінше күш салған Қазақстан азаматтарына алғысын айтты. Ең бастысы, ел Тәуелсіздігін сақтай отырып, еліміздің игілігі мен экономикалық жағдайын жақсартудың жасампаз жолдарын егжей-тегжейлі баян етіп, алдағы уақытта атқарылар ауқымды шараларды ел-халық назарына ұсынды. Жаңа үкімет жасақталып, алдағы жылдары атқарылар міндеттер жүктелді.

Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде Тәуелсіздік тарихында өте қатерлі жағдайға тап болып, бүгінгі күндері әлеуметтік-экономикалық мәселе ұлттық мәселеге айналып отырғанын баса айтты. Билік пен халықтың байланысы болса ғана бұл тұрғыдағы күрмеуі қиын мәселелер өз шешімін таппақ.

Президенттің мәлімдеуінше, елімізде экономиканы әртараптандыру, ол үшін өңдеу өнеркәсібін өркендету аса қажет. Үкіметке өнеркәсіп салаларына түбірлі талдау жасау керектігін жүктеді. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласына да баса назар аударылуы қажеттігін жеткізді. Бұл саладағы субсидиялауды қайта қарау керектігін, яғни жеңілдетіп, қолжетімді болуын ескертті. Азық-түлік тауарларының мол болуы қажеттігін де ескертіп, бағаның бақылауда болып, тұрақтылығын сақтауға баса назар аударылмақ. Бұл саладағы инфляция 3-4 %-тен аспауы керек. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтауды да қатаң тапсырды.

Кәсіпкерлерді барынша қолдап,  жоспарлы жұмыс жүргізілуі керектігіне де баса назар аударды, оларды қолдау мақсатында жақында ғана заңға қол қойғанын мәлім етті. Айтқандай, жекешелендірудің де ашық әрі жүйелі өтіп жатпағанына баса көңіл бөлді. Тамыр-таныстыққа, сыбайластыққа мүлдем жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті.

Ел Президенті мемлекеттік қызметтің ашық, яғни билік өкілдері халықпен етене байланыста болуын назарға салды. Елімізде жұмыссыздар қатарын азайтып, жас кадрларды даярлау қажеттігіне баса көңіл бөлінбек. Десе де, жасы алпысты алқымдаған, білікті де білімді, елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарды қызметтен шеттетпеуді де тапсырды. Бұған біздер – ардагерлер қауымы құба-құп дейміз.

Мемлекет басшысы елімізге шетелдік мамандарды тартуға тоқтам жасауды да баса айтты. Ол үшін «Самұрық-Қазына» қорын түбегейлі реформалауды қатаң тапсырды. Өйткені, бұл қорға байланысты тамыр-таныстыққа, сыбайластыққа жол беріліп жүргеніне қатысты арыз-шағымдар көптеп түсуде. Сол сияқты Кедендегі былықты да түбегейлі жоюды міндеттеді. Әсіресе, Қытай шекарасындағы жағымсыз жағдайлар ойландыруы, яғни тамырына балта шабуымыз аса қажет. Мемлекеттік шекараны нығайтып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда. Осы саладағы салық төлемдері де мардымсыз екенін, Қазақстан Даму банкі санаулы тұлғаның жеке банкіне айналғанын да ашық айтты, қайта құрылым жасалуын да ескертті.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құру туралы бастамасы көп көкейін дөп басты ғой деп ойлаймын. Бұл қор не Президенттің, не Үкіметтің қоры емес, халықтың қоры болуы керек. Мемлекет және жеке кәсіпкерлер бұл қорға қомақты қаржы түсірмек. Түскен қаржы, ең алдымен, балаларды емдеуге, спорт кешендерін салуға, мәдениет саласын өркендетуге жұмсалмақ. Қор қаржысы ашық, яғни қатаң бақылауда болады. Осы бағытта бақылау кеңесі құрылмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, министрлер мен облыс, қала, аудан, ауыл  әкімдерінің айлық жалақысының өсіміне 5 жылға тоқтам жасалғанына құба-құп дегім бар. Әрине, Президенттің айтуынша, бұл ұсыныс осы дәрежедегі бірлі-жарым тұлғаларға жақпауы да мүмкін. Десе де, ел қаржысын үнемдеп, қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақыларын сатылап өсіруге септігін тигізбек.

Президент өз мәлімдемесінде еліміздің алдағы жылдары даму бағыттарын айқындап, жаңа Қазақстанның қуатты мемлекетке айналуына жеткізетін сара жолды көрсетіп  берді. Алдағы тұрған асқаралы міндеттерді жедел әрі табысты шешу бағытында жаңадан жасақталған Үкіметке жоспарлы жұмыс жүргізу қатаң тапсырылды.

Мың өліп, мың тірілген халқымыздың келешек ұрпағы кешегідей сорақылықты көрмеуі тиіс. Мемлекетіміздің іргесі берік болып, шаңырақтың шайқалмауына баршамыз өз үлесімізді қосуымыз керек. 

Мемлекет басшысының Мәжілісте көтерген мәселелеріне барынша қолдау жасап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарардай бірлікте болуымыз аса қажет. Өйткені, еліміздің тұтастығы – бірлікте.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<