«Ел басқарар жігіттің етек-жеңі кең болар» дейді халқымыздың ғибратты сөздерінің бірі. «…етек-жеңі кең болар» дегенде оның атымтай жомарттығы, немесе кең қолтық дарқандығы ғана емес, алдымен мінез-құлқы, білімі, ақыл-ойы, адамдарға, қоғамға, қоғамның ыстық-суығына төзімділігі, іскерлігі, қайраткерлігі сияқты қасиеттері ескерілсе керек.
Халқымыздың ел басқару дәстүрінде, тарихында ежелден ел алдына шыққан адамға талап та, тілек те ең жоғарғы тұрғыдан қаралатыны қоғам санасында орныққан. Сондықтан да мейлі, ауыл, аудан, қала болсын немесе облыс, республика көлеміндегі болсын билік басына келген адамның көпшілік көңілінен шығуы да оңай емес. Сол қиынға шыдас беріп, халық қамын қамтуға адал еңбек ететін адамдарды да ел таниды, ондайда олар билік басындағы адамға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетеді. Қандай да бастық, лауазымды қызметкер болса да ел кейбір жағдайдың бір күнде шешілмейтінін, мысалы егістік суғаратын канал бір күнде өзен болмайтынын немесе мектеп бір күнде тұрғызылмайтынын жақсы біледі. Сол проблемаларды шешу жолдары, қаржыландыру көздері анықталып, жоба, жоспарлар жасалып, орындаушылары белгіленіп, жауапкершілік тұрақталып жатқаны ел сенімін орнықтырады.
Қысқа қайырып айтқанда, елмен бірге болу, тіл табысу, олардың мұң-мұқтажын дер кезінде шешуге нақты қаракет жасау, адамдардың құқығын сыйлау, заң аясында тұрмыс құрып, сөз бен істің бірлігін байланыстырып еңбек ете білген басшы халық қолдауына ие болып, ыстық ықыласына кенелері де сөзсіз.
Сондай елге танымал азаматтарымыздың бірі – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев. Ол жастайынан өз қабілетін қатесіз бағамдап, өмір жолын дұрыс таңдай білген жігіт. Жоғары оқу орнына түспес бұрын жастардың басым көпшілігі тән қандай да еңбек етуді ауырсынбай, жеңіл жол іздемей жұмысшы да болды, азаматтық парызын орындап, әскер қатарында да қызмет етті.
Бердібек Машбекұлы тәуелсіз мемлекетіміздің соңғы 30 жылдан астам дәуірінде Премьер-министрдің орынбасары, Үкімет Кеңсесі бастығы, министр, Кеден комитеті төрағасы қызметтерін айтпағанның өзінде жиырма жылға жуық Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі қызметтерін атқарыпты. Әңгіме тек жоғары лауазымдарда емес, адамның сол мемлекеттік жауапты орындарда зор абыроймен еңбек етуінде. Ол туралы қоғамдық пікір сарапталып, әкімдер жұмысына рейтингтік баға беретін әртүрлі институттардың, бұқаралық ақпарат құралдарының әр жылдар қорытындысы бойынша дауыс беру арқылы жинақтап жарияланған көрсеткіштері де куә. Көп жылдар әкім Сапарбаев үздік топтың қатарында аталып жүрді. Бекең республика Президенті қай орынға қойса да сонда табысты еңбек ете алды. Адал, әділ, білікті басшыға жақсы сөз ерді. Кейбір мансап иелерін қызмет көтереді. Ал Бердібек Машбекұлы өзінің еңбекқорлығымен, мемлекет ісіне адалдығымен министр, әкім деген лауазымдардың беделін көтерді. Жас әкімдерге, әсіресе аудан, қала дәрежесіндегі қызметкерлерге жақсы үлгі бола білді. Қай өңірге, қай салаға барса да Сапарбаевтың өзіне тән жұмысының ізі, нәтижесі бар. Олар мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар болсын немесе спорттық, өнер кешендері, жол құрылысы, кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары болсын ел-жұрттың тұрмыс жағдайын жақсартуға қосылған қоғамдық, елдік қор, қазына. Бекең енді ресми қызметтерін абыроймен тәмамдап, Президент Жарлығымен әкімдік қызметін тапсырып, еркіндікке яғни, зейнетке шықты. Сондықтан да замандастарымыздың қатарында еліне деген адал еңбегінің жемісін, жақсылығын көруге толық құқылы болғандықтан оның 70 деген мерейлі жасына ұлтымыздың «Жақсының жақсылығын айт» деген ұстанымын ақ тілегімізбен қосқанды жөн көрдік.
Амал не, тағдырдың, мезгілдің шешімі еш пендеге белгісіз бір ғайып. Ол тек құдіреті күшті Ұлы Алланың құзырындағы құбылыс.
Ендігі кезең – Бекеңнің отбасы, жары, ұл-қыздары, ұрпағы, халқына, мемлекетіне, Отанына аянбай еткен еңбегі, достары, әріптестері, замандастары арқылы жалғасатын жақсы аты, мәңгілік сапары. Жаны жаннатта болғай.
«Жақсының аты өлмейді» деген ғибратты сөз дәл осы Бердібек Сапарбаев Машбекұлы сияқты тұлғаларға айтылса керек. Оның мемлекеттік қайраткерлік еңбегі ел-жұрттың көз алдында, жадында, ұрпаққа өнеге.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері





