Байыпты бастама татулықты нығайтады

381

0

Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында келелі ой қозғалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен болған сессияның пленарлық отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясына жаңа міндеттер жүктелді.

Президент ел алдында Қазақстан халқына ортақ ұлттық құндылықтарды қалыптастыру қажеттігіне кеңінен тоқталды. Байыпты бастама бірлікті нығайтуға негіз қалап, татулық пен достықты дәріптеуге жол ашады. Қашанда әрбіріміз ауызбірлікпен арандатушылық пен сепаратизмнің алдын алуға күш салуымыз тиіс.

Қазір әлемдегі кейбір елдерде болып жатқан шиеленісті жағдай бейбітшіліктің бәрінен қымбат екенін көрсетті. Қай кезде де ділге, дінге бөлінбей біртұтас ұлт болып, дамудың даңғыл жолына түсуіміз керек. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына артылар жүк ауыр.

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда, бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігін айтты.

Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болады.

Бақытжан КАМАЛОВ,

облыстық қоғамдық даму басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<