Бастамалардың саяси мәні жоғары

288

0

Биылғы жыл еліміз үшін аса маңызды қоғамдық-саяси оқиғалармен басталды. Әлем назары елімізге ауған сындарлы кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен нақты шешімдер қабылданып, елдегі тұрақтылық қамтамасыз етілді. Осындай қиын әрі күрделі кезеңде ел Президентінің бастамаларын қолдап, бірлік, ынтымақ, сенімді диалог ұғымдары аясында топтасуымыздың маңызы бұрынғыдан да арта түсті.

Қ.Тоқаев жыл басында жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді. Президент: «Ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық, яғни, бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер. Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті, кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды» деп атап өтті. Енді осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жұмылуымыз қажет. Ол үшін атқарушы билік пен депутаттар жүйелі түрде бірлесе еңбек етері анық.

Мен депутат және кәсіпкер ретінде шағын және орта бизнеске қатысты Президент бастамаларын қолдаймын және облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуі бұрынғыдан да қарқын аларына сенемін. Осы ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің алар орны ерекше. Бұл бағытта облыс әкімінің ұйытқы болуымен аймағымызда көптеген игі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде ірі мұнай компанияларымен, басқа да үлкен еңбек ұжымдарымен жұмыскерлердің еңбек құқықтары бойынша кездесулер өткізіліп, меморандум жасалуда. Меморандум арқылы тараптар кәсіпорындағы әлеуметтік-еңбек жағдайын және өндірістік процесті тұрақтандыру бойынша ұйымдастырылатын іс-шараларды бірлесе атқаруға, уағдаластықтар қағидаттарында туындаған проблемаларды шешуде ынтымақтасуға ниет танытуда. Бұл ынтымақтастық кейінгі уақыттағы аймақтың мұнай өндірісі саласындағы ахуалға қарамастан компаниялардың мыңдаған жұмыскерінің еңбек жағдайлары бойынша әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешіп, жұмыс орындарын қысқартпауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі – халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар.

Президент бастамаларының саяси мәні жоғары екенін кешегі референдумның қорытындысынан-ақ аңғаруға болады. Жалпы референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығы көрінді. Ел тұрғындарының дауыс беруге белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін сезіндірді. Бұл туралы Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша жасаған үндеуінде нақты айтып өтті.

«Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді» деді Президент. Енді қабылданатын шешімдер Жаңа Қазақстан құрудағы ең маңызды алғышарттар болады. Осы ретте айта кетерлігі, облысымызда Президент бастамаларын жүзеге асыру жұмыстары сапалы жүргізілуде.

Мысалы облыстық мәслихат депутаты ретінде біз облыстың барлық ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстардан тысқары қалып жатқан жоқпыз. Әсіресе ауылдардың барлық мәселесі біздің басты назарымызда. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде тұрақты түрде ақпарат алып отырмыз. Халық депутат қылып сайлағаннан кейін облыстық мәслихатта тек бір ғана ауданның емес, бүтін бір облыстың мәселесін көтеріп, оның шешімін табуына үлесімізді қосып келеміз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, қалаға жақын орналасқан Сырдария ауданында жол, су, әлеуметтік нысандар мәселесі шешілген деп айта аламыз. Ауданға газ да келді. Қазір Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарына табиғи газ жүргізуге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, республикалық бюджетке қаржыландыру үшін ұсынылуда. Жұмыс басталды, енді бұйырса тұрғындар көп ұзамай игілігін көреді. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолының жөндеуді қажет ететіні түрлі кездесулерде және әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған еді. Бұл мәселе облыс әкімінің бізбен, яғни облыстық мәслихат депутаттарымен өткен басқосуында да көтеріліп, тұрғындардың талап-тілегін жеткізгенбіз. Біздің халық қалаулысы ретінде жасаған ұсынысымыз қаперге алынып, биыл жол жөндеу жұмыстары толық жүргізілді. Қазір қалаға қатынайтын жолдың сапасы жақсарды. Бұл да – жергілікті атқарушы, өкілді органдардың бірлесе жасаған жұмысының жемісі.

Қорыта айтқанда, бізде нәтижелі еңбек етуге барлық мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті бірлік, ынтымақ, сенімді диалог ұғымдары аясында жетілдіріп, қолға алынған бастамаларды жүзеге асыруға аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана еліміздің болашағы жарқын, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жоғары болмақ. Сондықтан әріптестерімді ел игілігі жолында бірлесе еңбек етуге шақырамын.

Расул ЕСЕНОВ,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<