Білім саласы: мамандар сапасы маңызды

388

0

ҚР Парламенті VIII сессиясының алғашқы отырысында сөз сөйлеген Президент: «Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет» деді. Сонымен қатар, бүгінгі уақыт талабына сай білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартудың қажет екенін алға тартты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл салаға нағыз кәсіби мамандарды, яғни білікті мұғалімдерді тарту қажет. Өйткені келешекке қызмет ететін жас ұрпақты жан-жақты даярлауда мұғалімге артылған міндет өте жауапты. Ал кәсіби мамандарды қайдан тартуға болады деген сұраққа келсек, Президенттік жастар кадрлық резерві бар. Бұған қоса, білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетіні айтылды. Ол үшін арнайы бағдарлама қабылданып, іске асырылатыны да сала жұмысына серпін береді деп ойлаймын. Жалпы педагогика саласында кадр мәселесін жолға қоюға баса мән берілетін болады.

Өзімізге келсек, Абай атындағы мамандандырылған мектепте оқушылардың бейімділіктері мен қабілеттеріне сәйкес жаратылыстану-математикалық бағыттары бойынша тереңдетілген білім беруді қамтамасыз ететін оқу бағдарламалары мен сол негізде әзірленетін мамандандырылған оқу бағыттары жүзеге асырылады. Сондай-ақ, білім алушылардың тілдерді, ғылым, мәдениет, өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең игеруіне, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға басымдық беріледі. Бұл үшін кәсіби білікті педагогтер құрамы бар.

Жоғарыда атап көрсетілген тапсырмаларды негізге ала отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінде жаңашыл бастамаларды енгізіп, заман талабына сай оқыту, мамандар сапасына баса назар аудару қажеттігі туындайды.

Жанат Сәдуақасова,

Абай атындағы мамандандырылған мектеп директоры,

қалалық мәслихат депутаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<