Ел басындағы сынақты сабыр еңсереді

385

0

Береке бүлінбесін, бауырлар!

Кейінгі бес күнде барлық жерде жағдай ушығып тұр. Бейбіт шеруден басталған ел талабы аяғында осындай берекетсіздікке, дұрысы лаңкестікке ұласып отыр.

Рас, қоғамда шешілмей жатқан мәселе жоқ емес. Әлеуметтік әділетсіздік, бағаның қымбаттауы, оның ішінде азық-түлік бағасының шарықтауы немесе жалақының аздығы әсер етпей тұрған жоқ.

Бірақ бұны қарумен шешеміз деу тым қате, өзімізге мысал болатындай көп халықаралық жағдайлар да жетерлік. Менің жеке өз басым, халықтың амандығын, мемлекеттің тұтастығын қалаймын. Сол ғана бірінші орында тұру керек.

Бұлар – содырлар, иә, сыртқы күштің де әсері бар деп ойлаймын, айналып келгенде, мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтып, іргетасын бұзуды ғана ойлайды.

Дәл қазіргі уақытта Мемлекет басшысының қасына топтасып, қиын кезеңде жергілікті полицияға жәрдем беріп, ел іргесін бұзбауға тиіспіз. Барлық зиялы қауым осыны ескерсек екен.

Бұл содырлардың, лаңкестердің түпкілікті мақсаты, әрекеті Президент айтқандай зерттеледі. Барлығы да жазасын алады. Сондай-ақ Қазақстан үшін жаңа саяси-экономикалық шешімдер қабылданып, ынтымақ пен бірлікті сақтауда бұндай келеңсіздіктің келешекте қайталанбауына жұмыс жасалады.

Тәуелсіздік тұғырын сақтауда тәртіпсіздіктің тыйылуына барлық азаматтар атсалысса деген тілектемін. Бүлікшіл топтың бүгінгі қимылына қарсы біздің Қызылорда өңірі ғана емес, бейбітшілікті сүйетін миллиардтаған халық та үн қосады. Ел мен жер амандығы тек өзімізге керек. Соны ұқсақ екен.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Бізге керегі – бейбіт өмір

Ел бірлігіне, тәуелсіздіктің тұтастығына сын сағаты  туды. Жағдайды толығымен Мемлекет басшысы бақылауға алды. Туындаған мәселе рет-ретімен шешілуде. «Ел аман, жұрт тыныш» деген бір ауыз сөздің мәнін әрбір адам жете түсініп, оған өз үлесін қосуы тиіс.

Мына жағдайдан халық бейбіт өмірдің бағасын жан-тәнімен сезініп, ұғына түсті деп ойлаймын. Бізге керегі – ашық аспан мен тыныш өмір. Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын ұстап тұру сіз бен біздің қолымызда. Енді бар күш-жігерімізді соған жұмсауымыз керек. Оған әрбір адам үйінде отырып та үлес қосады.

Еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсеткенін Президент айтып өтті. Мәслихат депутаттары ҚР Конституциясы мен заңдары аясында қабылданған барлық шешімді толық қолдайды. Осы орайда өз атымнан жерлестерімізді ортақ заңға бағынуға шақырамын. Себебі халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасына сай қабылданып жатқан шешімдер мәселені шешуге бағытталған.

Қазақстан аумағында террористік қауіптің  «шекті қызыл» деңгейі енгізілді. Антитеррорлық операциялар басталды. Оны ұйымдастырғандар, жалған ақпарат таратқандардың барлығы жауапқа тартылатыны белгілі. Билік пен халық арасына сына қағуға тырысушылар бар екеніне көзіміз жетуде. Сондықтан халықтан тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймыз. Облыс тұрғындары аса бір қажеттілік болмаса көшеге себепсіз шықпауы керек. Тұрғындар өздерімен бірге жеке куәлігін алып жүруі тиіс. Аймақта жағдай тұрақтанып келеді. Территориялық тұтастығымыз бен мемлекетіміздің бүтіндігі – ұлы мақсат. Ұлттың ұлағаттығы, тәуелсіздіктің баяндылығы, елдің амандығы – ең басты мүдде. Халқымыз парасатты дәстүрі бар келешегі мол халық.  Болашақтың жарқын болуының кепілі, ең алдымын, бейбіт өмірде. Бейбіт өмірдің қадірін білуді ата-бабамыз қай заманнан ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келеді. Сондықтан, ата-баба аманатына абай болайық, ағайын!

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат хатшысы

Тұрақтылық – әрбір азамат үшін сын

Қашаннан да ел бірлігі, ынтымағы, татулығы маңызды. Қандай жағдайда болсын, қоғам қауіпсіздігін сақтау – әрбір азаматтың парызы. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге дейінгі жетістігі барша тұрғындардың ауызбірлігі арқасында жүзеге асты. Сондықтан қай кезеңде де сабырлықты ту етіп, кез келген түйткілді мәселе бойынша ортақ шешім қабылдауымыз қажет.

Әрине, елімізде болған келеңсіз жағдай мемлекеттің өсіп-өркендеуіне тілеулес барша халықты ойландырады. Қазақстанның ірі қалалары мен барлық өңірлерінде халық арасына іріткі салуды көздеген бұзақылар террористік акт ұйымдастырды. Олардың басбұзарлығы, жүгенсіздігі қарапайым халықтың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымға орасан зиян келтірді. Тіпті, мұндай жат пиғылды адамдар қару-жарақ сақталған қоймаларды басып алып, ел ішіне үрей туғызды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды антитеррор операциясы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Осыған байланысты Президенттің Қауіпсіздік алқасы жөніндегі шартқа сүйене отырып, ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларына осы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуге жүгінді. Шын мәнінде, мұндай келеңсіз жағдай мемлекет тұтастығына нұқсан келтіру, азаматтарымызға шабуыл жасау екені белгілі.  Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында азаматтардың игілігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын ойлау – Конституциялық міндеті екенін айтып өтті.

Тарихтан білетініміз, халқымыз ешқашан орынсыз басбұзарлыққа, жауапсыздыққа, жүгенсіздікке жол берген емес. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмысында бірқатар қиындық туындағаны рас. Осы орайда билікпен ортақ диалог құра отырып, бұл мәселенің шешім табуына назар аударғанымыз дұрыс. Қайсыбір проблеманың да шешімі болады. Оны кезең-кезеңімен орындап, әрбірімізге қолайлы жағдай жасау – басты міндет.

Біздің халқымыз сөзге тоқтап, әділдік туын көтере білген. Әрбір ата-ана өз баласының ел ішіне іріткі салғысы келген базбіреулердің жетегіне ермей, жүгенсіздікке жол бермеуін қатаң қадағалауы тиіс. Ол – ел дамуына жанашыр әрбір азаматтың ортақ парызы. Ойланайық! Тап қазіргі күрделі жағдайдан шығу әрбіріміз үшін өте маңызды

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<