Ел дамуына серпін береді

346

0

Биылғы ел өміріндегі маңызды саяси оқиға – кезектен тыс президент сайлауы аяқталды. Еліміз өз таңдауын жасап, жолын айқындады. Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – Конституциялық өзгерістер енгізілгеннен кейін, жаңа форматта өтуі. Оған сәйкес, президент бір мерзімге жеті жылға ғана сайланады. Жалпы жеті жыл ұзақ уақыт. Енді еліміздің алдында осы уақыт ішінде билік пен бәсекелестіктің тұрақты ауысуын қамтамасыз ету міндеті тұр.

Жетіжылдық мерзімнің басты артықшылығы – басталған реформаны түпкілікті аяқтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ саяси монополияны жоюға бағытталған. Бір тұлғаның көп жыл билікте отыруына, олигополияның, олигархияның қанат жаюына тосқауыл қояды. Сонымен қатар елдің тұрақтылығы мен бірлігіне басты кепіл болатын тетіктердің бірі.

Қаңтар оқиғасы халықты оятты. Қашан да сергек болуды ескертті. Халықтың күші бірлікте болатынына, қоғамдық институттардың, елдің саяси өміріне белсенді қатысудың маңыздылығына көз жеткізді. Бұл ретте сайлау елімізді күтіп тұрған өзгерістердің бастауы деуге болады.

Ең алдымен, қоғамның сайлауды әділ өткізуге деген сұранысы жоғары. Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – бюллетеньде «Барлығына қарсымын» деген бағанның пайда болуы. Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беру арқылы да азаматтар өз таңдауын білдіре алды.

Өзгеріс сайлаушылардың белсенділігі бойынша қорытындыда да байқалады. Қорытынды есеп бойынша сайлаушылардың 70 пайызға жуығы қатысты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, 5 пайыздан астамы «барлығына қарсымын» деген дауыс берген. Бұл да дұрыс. Сайлаушылардың 50 пайыздан астамы келсе, сайлау өтті деп есептеледі. Сондықтан оны ұйымдастыру деңгейін де халықтың қатысу көрсеткішімен өлшемеу керек. Менің ойымша, халықтың қатысу деңгейі елдегі қазіргі жағдайды анық көрсетіп отыр. Нәтижені осылай бұрмалаусыз, ашық көрсеткен жөн. Сайлау – демократиялық мәдениеттің, электоралдық мәдениеттің, құқықтық сананың өсуінің көрсеткіші. Бұның барлығын еліміздегі демократиялық жаңа өзгерістердің қадамы ретінде түсінуге болады.

Жалпы, бұл сайлау – Қазақстанның даму жылнамасындағы тарихи сайлау. Үлкен өзгеріс, жаңа дәуірмен бетпе-бет келіп тұрмыз. Алда мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғырту, экономика мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында ауқымды міндеттер тұр. Сайлаудан кейін еліміздің дамуы ерекше серпін алады деп сенемін.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<