Еселі еңбектің бағасы

936

0

«Егемен Қазақстан» газетінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Елін сүйген Елбасы» атты мақаласы жарияланды. Мақалада  тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тұңғыш Президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің өсіп-өркендеуі жолында атқарған ауқымды істері, мемлекет дамуындағы зор еңбегі айтылған. Әсіресе, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан Елбасының орасан үлесі туралы баяндалған.

Расында, өңіріміз Нұрсұлтан Әбішұлының қамқорлығына бөленіп келеді. Мұны автор өз мақаласында былай деп көрсеткен: «Елбасының Сыр халқымен байланысы неде десек: ең алдымен, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Елбасының «Сыр – Алаштың анасы» деген қанатты сөзі ойға оралады. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде экологиялық апат аймағы ретінде тарап кеткелі тұрған Сыр елі Тұңғыш Президентіміздің дана саясатымен тәуелсіз ел тарихындағы өз орнын сақтап қалды. Екіншіден, Арал теңізін сақтап қалуды әлемдік тұрғыда көтерді. Еліміздің ертеңіне сенген Елбасы Аралды сақтап қалу мақсатында ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын және облысты таратпау жөнінде тарихи шешімдер қабылдады. Бұны қазір саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да өте көрегенділікпен жасалған шешім деп айтуымызға әбден болады».

Мақаланы оқи отырып, Елбасының еліне, жеріне, ұлтына деген шексіз махаббатына, ерен еңбегіне тәнті боласың. Оның Сыр елінің болашағына деген сенімі сырбойылықтардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыратыны сөзсіз. Мақала осынысымен де құнды.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Шиелі ауданының және Қызылорда қаласының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<