Кәсіпкерлердің көңіліне демеу болды

133

0

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін қайта қарауды тапсырды.

«Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің тапсырмасы кәсіпкерлердің көңіліне кішкене болса да демеу болуда. Құн салығының көбеюі халықтың әл-ауқатына тікелей  әсер ететінін ескерсек, бұл реформа тиімсіз. Себебі егер салықты көбейтсе, тауар қымбаттайды, инфляция шарықтайды, әлеуметтік теңсіздік туындайды.  Осылайша халықтың әл-ауқаты төмендеген соң орта бизнес өкілдері бәсекеге түсе алмайды. Мысал келтірсем, бір жейденің құны 4000 теңге болса, қазіргі 12 пайыздық қосымша құн салығымен есептегенде тұтынушы оны 4480 теңгеге сатып алады. Бұл жердегі 480 теңгені кәсіпорын салық ретінде мемлекетке төлейді. Демек, қосымша құн салығының көрсеткіші тауар бағасының құбылуына тікелей ықпал етеді. Бұл жерде айналып келгенде күш тұтынушының қалтасына түседі. 

Сондықтан ең бірінші халықтың жағдайын ойлауымыз керек. Президентіміз дұрыс айтты, бизнес жүргізіп отырған кәсіпкерлерге кедергі болмай, олардың дамуына қолайлы жағдай жасай отырып, тиімді әдіс табу қажет. Сонда ғана біздің экономикамызда алға жылжу болатыны сөзсіз.

Ділмұхамед АБЫЗОВ,

«Dalatex» ЖШС директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<