Келісім – қоғам бірлігіне жету құралы

793

0

Қоғамда өзіндік мүдделері мен мақсаттары бар түрлі әлеуметтік топтар мен саяси күштер болады. Осы топтар мен саяси күштердің өзара сенімі, келісімі, әрекеттестігі мен ынтымақтастығы әлеуметтік өмірдің ерекше сапалы жағдайы болатын қоғам бірлігін құрайды. Қоғам бірлігі – қоғамның ілгерілеуін жеделдетудің, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын нығайтудың қуатты факторы. Егер елде қоғам бірлігі болмаса, кез келген қиындықтардан шығу жолында елеулі кедергілер кезігеді.

Қоғам бірлігі қалай сақталады деген сауал – әлеуметтік ғылымдағы ең маңызды мәселелердің бірі. Ең алдымен қоғамдық келісім теориясымен байланысты деп ойлаймыз. Кейін бұл теория бірлікке жету құралы ретінде консенсус идеясымен ауысты.

Қоғам бірлігі деп нақты нені түсінеміз? Біздің ойымызша, ынтымақтастықпен байланысты. Француз әлеуметтанушысы Э.Дюркгейм өз еңбектерінің бірінде әлеуметтік ынтымақтастықты өлшеуге болмайтынын айтты. Демек, біз бір қоғамның ынтымақтастығы жоғары, екіншісі төмен деп айта алмаймыз.

Мұны тек мүшелердің консенсусы ғана емес, қалыптасқан қағидалардың бірлігі ретінде де қарауға болады. Оны құру процесінде осы қағидалар арасында иерархиялық тепе-теңдік орнайды. Бұл тепе-теңдік әрбір жағдайда қоғамдық келісімді көрсетеді. Оған қол жеткізу – туындайтын қақтығыстарды еңсеру тетігі. Тек мемлекет қана емес, бүкіл азаматтар осы қоғам бірлігі тетіктерін дамытуға бірлесе атсалысуы қажет.

Ғылымда адамдар қауымдастығының маңызды белгілерінің бірі – олардың бір ұғым туралы идеяларының бірлігі туралы көп айтылады. Ұжымдық шынайылыққа көзқарасты білдіретін түсінік ұжымдық көзқарастардың қауымдастық негіздеген қағида бойынша әрекет етеді. Ұжымдық көзқарастар қоғам бірлігінің мазмұнын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені, оның көмегімен кез келген адам өзін қай топқа жататынын таниды.

Қоғамның дамуымен ортақ моральдық сезімдерге негізделген ынтымақтастық, оның ішінде механикалық ынтымақтастық өз ретімен еңбек бөлінісіне негізделген органикалық ынтымақтастықпен ауысады. Нормалар мен ережелер азаяды және органикалық ынтымақтастық қоғамындағы адамдар түрлі қызметтерді орындайды.

Қоғам бірлігін зерттеуде американдық әлеуметтанушы Т.Парсонс теориясының тәсілдері маңызды рөл атқарады. Ол қоғам немесе әлеуметтік топ бірлігінің негізін әлеуметтік жүйенің қажетті типі туралы идеялар ретінде анықтайтын және үлгіні сақтау және жаңғырту қызметтерін орындайтын құндылықтар деп атайды. Құндылықтар қолдаушылардың ортақ идеяларға сәйкес әрекет етуін және бірге әрекет ететін жеке тұлғалар бірлестіктерін – құндылыққа негізделген бірлестіктерді құруға міндеттейді. Т.Парсонс пен Э.Дюркгейм тұжырымдамаларында құндылықтар мен ұжымдық қағидалар сәйкесінше қоғамның интеграциясына, оның тепе-теңдік жағдайына жетуіне ықпал етеді.

Француз әлеуметтанушылары Л.Болтански және Л.Тевено бірлік ұғымын қалыптастыруда алты әлемге мән беру қажеттілігін негіздейді. Біріншісі – адам шабыты әлемі. Шығармашылық, ағартушылық негізгі ресурсы болып саналатын шабыттанған туындыгер – оның субъектісі. Екінші, дәстүр, сенім, бедел, жеке қарым-қатынасқа назар аударумен сипатталатын үй әлемі. Үшінші, ынтымақ, теңдік, ұжымдық мүддені жүзеге асыруға ұмтылатын азаматтық әлем. Төртінші, тиімділік пен өнімділікке бағытталған индустриалдық әлем. Бесінші, танымалдылық пен қадір-қасиет ең маңызды категориялар болып табылатын пікірлер әлемі. Алтыншы, баға, айырбас, ақша және сатып алу қабілетімен өлшенетін нарық әлемі.

Қоғамның бірлігі мен ынтымақтастықтығының негізі индивид пен ұжым арасында үнемі тепе-теңдік орнату арқылы өзара әрекеттестікке ұмтылумен байланысты. Мұндайда жеке адамдар мен ұжымдардың бастамалары қолдау тауып, мемлекет әділдік пен сабақтастықтың, ұжымдық талқылаудың кепілі ретінде әрекет етеді. Талқылаулар арқылы туындайтын ұжымдық жауапкершілік болмаса, бірлік пен ынтымақтастық жекешілдікке толы олқылықтарды жоюы ықтимал. Демек, қазіргі жаһандану заманында бірлік пен ынтымақтастықта болуымыз керек.

Біздің ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері бірлік пен ынтымақтастықты жоғары бағалады. Мұны «Бірлік болмай – тірлік болмас», «Ырыс алды – ынтымақ» секілді көптеген мақал-мәтелдерімізден білуге болады. Осы қағидаларды негіз етіп бірлік мемлекетіміздің дамуы үшін аса қажет екендігін айтқымыз келеді.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<