Нақты нәтижелерге баспалдақ болған күн

406

0

Бұрынғы сайлауларға қарғанда бұл сайлауда жұртшылық ынтасының өзгеше екені көрініп тұрды. Халықтың келешектен үлкен үміт, нақты нәтиже күтетіні, таза сенімі анық байқалды. Өйткені, ел-жұрт отыз жылғы бірсарындылықтан мезі болған.

Бүгін әділетті Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Жаңа реформалар жүзеге асырыла бастады, сөз бен істің нәтижесі көрінді. Олай болса халық пен биліктің дәнекері, әділетті мінберден әрбіріміздің қажетімізге қарай іс қылатын, дуалы сөз айтатын азаматтарымыз қашан да қолдауға ие. Сырбойылықтардың осындай қолдауын сайлау нәтижесі де көрсетті.

Қызылордалықтардың ауызбірлігін тағы бір мәрте дәлелдеген дауыс беру қорытындысында біздің облысымыз бірінші орынға шықты.  Өңірдің өзге аймақтарға қарағанда жоғары көрсеткішке ие болуы тек салыстырмалы санау нәтижесі емес, жерлестеріміздің ынтымақ, бірлігі деп білеміз.

Бүгінгі күні облыс өмірінен нәтижелі жұмыстарды, игі бастамаларды көріп отырмыз. Ұзақ жыл сүрленген шыны зауытында еңбек ырғағы басталды. Қала жолдары кеңейіп, шет аймақтарға газ кіргізіліп жатыр. Баспана беру ісі де жалғасын табуда.

Алысса жеңіп, жарысса озатын кешегі батыр аталарымыздың ұрпағы, бүгінгі жерлестеріме болашағымыз жарқын болсын, қашан да осы ауызбірліктен айырылмайық деген ақ тілегімді арнаймын.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<