Өндірушілерден сатып алу – өзекті мәселенің шешімі

338

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы саласында атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталды. Кеткен кемшіліктерді саралап, аталған түйткілдердің шешу жолдарын қарастырды.

Ашығын айтқанда, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің маңызы зор. Оған мүмкіндігіміз мол. Дегенмен кейбір жұмыстарды үйлестіре алмай келгеніміз жасырын емес. Солардың бірі – өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолы. Мәселе көп жылдан бері тұрақты көтеріліп жүр. Менің ойымша, бұл азық-түлік өнімдерін тұрақтандыруға оң әсерін тигізеді.

Бұдан бұрын Президент тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастағаны белгілі. Білуімізше, биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалған екен.

Ендігі кезекте Президент тапсырмасы негізінде өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдары айқындалады.

Сыр өңірі де негізінен аграрлық салаға бейімделген. Бізде ауыл шаруашылығы саласында күріштен өзге көкөніс-бақша, жеміс-жидек өнімдерін молынан өндіруге болады. Рас, кейбір шаруашылықтар қаржылық мүмкіндігіне қарай ондай ауқымды жұмыс жасай алмауы мүмкін. Бұл орайда Президент айтқандай Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс.

Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтар өнімді сату мәселесінде көптеген қиындық көріп жүргенін жасыра алмаймыз. Өндірілген өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейтіні шындық. Мемлекет басшысы осындай кедергілердің бәрін біртіндеп ретке келтіру қажеттігіне тоқталды. Нақтырақ айтқанда, фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырды.

Қай елде де аграрлық салаға көрсетілген қамқорлық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді. Сондықтан Президент айтқан тапсырмалар алдағы уақытта өз деңгейінде орындалады деген сенімдемін.

Омархан ПАШКЕНОВ,

ҚР Фермерлер қауымдастығы

облыстық филиалының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<