Сол сәтті сағынышпен еске аламын

735

0

Теңге айналымға енген тарихи сәт күні кешегідей санамда сақталып тұр. Мен ол уақытта облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық төтенше комиссиясының төрағасы едім. Сондықтан да ұмытылмас уақытты, ерекше күнді әр жыл сайын сағынышпен еске аламын.

Облысқа ҚР Президенті аппаратынан қосымша тапсырма келді. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің бақылауымен 14 қараша күні облыс әкімінің ғимаратында түнеп, ертесіне ұлттық валютамыздың айналымға шыққанын хабарладық. Кабинетіме ешкім кірмейтіндей етіп, есіктің сыртынан мөр басылды. Құпия шифрі бар телеграмманы ҰҚК қызметкерлері әр екі сағат сайын маған жеткізіп беріп отырды. Мен сол тапсырмаларды таң атқанға дейін жүргіздім. Барлық ақша ауыстыру бөлімшелерінің жұмыстары жасырын түрде дайындалды.

Өте құпия жағдайда арнайы ұшақпен банкноттар әкелініп, қоймаларда сақталды. Алғашқы банкноттарда Сүйінбайдың, Құрманғазының, Абылай ханның, Әбілқайыр ханның суреттері бейнеленген. Таңертең теңгені ауыстыруға келген адамдарға қолайсыздықтар туындамас үшін бүкіл облыста тиісті қызметкерлер жұмыс орындарында болды. Біздің облысқа теңге аса қиындықсыз жетті.

Егемендігіміздің бір нышаны Әнұран, Елтаңба, Көк туымызбен қатар аталатын ұлттық валюта – төл теңгеміздің 30 жылдық мерейтойы баршамызға құтты болсын. Қаржыгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне толағай табыс тілеймін!

Нажмадин Мұсабаев,

қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<