Ұлт саулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамиды

712

0

Жолдауда белгіленген маңызды межелерге қол жеткізу – Қазақстанға қазіргіден де биік асуларды бағындырып, қуатты мемлекетке айналуына зор мүмкіндік береді. Біздің бүгінгі таңдағы жетістігіміз де қомақты. Соның бірі – денсаулық саласы. Еліміздің болашағын ойлайтын ел алдымен халық денсаулығына ден қоятыны белгілі. Сондықтан бұл мәселе тұғырдан түскен емес.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі денсаулық сақтау мәселесін де баса айтты.

– Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Адам денсаулығы – қоғам байлығы. Осы тұста әр адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру қажет. Еліміздің келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтауда. Өсіп келе жатқан ұрпақ санасына денсаулықтың маңызын түсіндіріп, олардың денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру – баршаның борышы.

Дәрігер мамандардың жетіспеушілігі де – біздің саладағы өзекті мәселенің бірі. Жолдауда атап көрсетілгендей, резидентураға түсетіндердің саны 70%-ға ұлғайтылса, медициналық жоғары оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды бастаса, алдағы 2-3 жылда маман тапшылығы мәселесі бір ретке келері сөзсіз.

Алдағы екі жылда 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынса, толығымен жабдықталса,  миллиондаған азамат медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізеді. Ұлттық жоба аясында аудандық 32 аурухана жаңартылып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналатыны да біздің саланың жаңа белеске көтерілетінін аңғартады. Оларда инсульт орталығы, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімшелері пайда болса, төрт миллионнан астам азамат үшін медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік туады екен. Оған қоса телемедицина дамытылып, шалғай аудандардың тұрғындарының білікті көмек алуына жол ашылмақ. 

Нұридин Әмитов,

облыстық көпбейінді медицина орталығының директоры,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<