Жарқын істердің куәсімін

587

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында отыз жылдық торқалы той қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін туған халқымен ой бөліскен. Мақалада Тұңғыш Президент еліміздің басты құндылығын атады. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. «Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін» деп жазды.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз береке-бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырдық. Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады. Осының қадірін білуіміз керек екенін де Елбасы еске салды.

Расында да, тәуелсіз еліміздің дамуы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасы бәсекеге қабілетті, қуатты Қазақстанды қалыптастырды. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі кезеңде Сыр бойындағы халық – Ұлт Көшбасшысының мейіріміне, қалтқысыз қамқорлығына бөленіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы «Сыр – Алаштың анасы, Сыр елінің дамуы менің ұдайы назарымда» деп айтып жүрді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың біздің аймаққа қатысты жарқын істерінің куәсі болғандардың бірімін.

Тәуелсіздік таңы атқан кезден кешегі уақытқа дейін мемлекеттік қызметте болып, оның ішінде Сыр өңірінде басшылық қызметтерді атқардым. Елбасының Арал ауданына 2005 жылы арнайы іссапармен келгенде: «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деген қанатты сөзі барша халықтың есінде. Мен ол кезде Арал ауданының әкімімін.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен жүзбе-жүз кездесіп, әңгімелескенімді өмірімдегі өте әсерлі сәттердің бірі санаймын. Бір емес, үш рет кездескенім, менің есімде қалатын болады. Қазақ ауылында қарапайым отбасынан шығып, әлемдік биіктен танылған, халықаралық сарапшылар мойындаған ықпалды саясаткерге айналған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ халқының бағына біткен жұлдызды тұлғасы. Ұлт Көшбасшысының Сыр еліне жасаған сапарларында өңірімізге оң бағасын беріп, Тәуелсіздік жылдарындағы ел дамуын бір ғана Қызылордадан көруге болатынын айтқан еді.

Нәжмадин МҰСАБАЕВ,

қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<