Жастар бастамаларын  қолдау маңызды

621

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында отандастарымыз, соның ішінде ел жастары үшін аса маңызды мәселелерге тоқталды.

Қазір елімізде кейінгі толқынның әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселелерін шешу және жастардың бәсекелік қабілетін дамыту өзекті болып отыр. Бұл ретте жастардың жұмысқа орналасуы басты назарда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Мұның негізгі шешімі кәсіпкерлікпен айналысу екені анық.

– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа  жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді, – деді Президент.

Қазір кез келген жолмен нәпақа тауып, күн көріп жүрген жұмыссыз жастар табыс іздеп жүріп заңнан аттауы мүмкін. Расымен де, бұл жағдай осы күннің өзекті мәселесіне айналды. Президент мұны бекер айтып отырған жоқ. Ол жастар мәселесін әркез назарда ұстап келеді. Өскелең ұрпаққа қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, қалыптасқан жағдайды ашық айтады. Айтып қана қоймай, пайда болған мәселенің шешу жолын да ұсынады. Бұл қадам ең алдымен жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға серпін беретіні сөзсіз. Президенттің бұл ұсынысын қолдаймын. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау кәсіп ашқысы келетін жастарға үлкен көмек болады. Сондықтан мемлекет жастарға беретін мүмкіндікті шектемеген жөн.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесін бір емес, бірқатар ведомство қолға алуда. Оларға түрлі ақыл-кеңес беріп, бірқатар жобаларға грант бөледі. Жеке кәсібін бастағысы келген жастарды оқытады. Яғни, бұл бағытта бұрыннан бері жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жалпы, бұған дейінгі жылдарда жастар саясатына қатысты жүйелі іс-тәжірибе қалыптасқан. Соның нәтижесінде биыл еліміздегі жұмыссыз жастардың деңгейі 4%-ға төмендеген. Ендігі кезекте оның аясын кеңейту қажет.

Дәулет ІЗБАСАРҰЛЫ,

кәсіпкер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<