Жолдау үлкен міндеттер жүктейді

495

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының бағыт-бағдары айқындалып, экономикалық мәселелерді шешу және салалар арасындағы тиімді тетіктерді құру үшін Жаңа экономикалық саясат қағидалары ұсынылды.

Мәселен, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру, мемлекеттік капитализмнен және экономикаға шектен тыс араласудан бас тарту. Бұл жерде атап өткім келетіні, мемлекеттің экономика салаларын кәсіпкерлік ортаға, яғни бәсекелестік ортаға беретінін көрсетеді. Себебі жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша әлем елдерінің рейтингісінде «Компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі» деген жеке көрсеткіш бар. Бұл мемлекеттің экономикаға араласуын азайтудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Екіншіден, бәсекелестікті дамыту, яғни барлығына тең мүмкіндіктер беру. Осы орайда назар аударатын мәселе, стартап ашуға, жұмыс жасап тұрған бизнесті кеңейтуге немесе кәсіпкерлікте жаңа бағыттарды ашуға бірдей мүмкіндіктер болған кезде қуатты экономика қалыптасады. Тұрақты экономика шағын және орта бизнестің үлкен секторы қалыптасқан экономика екенін бәріміз жақсы білеміз.

Жолдауда аталған тағы бір ерекше мәселе – ұлттық табысты әділ бөлу. Сондай-ақ Президенттің балалар капиталын қалыптастыру туралы шешімінің стратегиялық маңызы зор деп есептеймін. Балалар – біздің кемел келешегіміз. Балалар кәмелетке толғанға дейін жоғары оқу орындарына немесе баспанаға бастапқы капитал алады және мемлекеттің мұндай қолдау шарасы Қазақстандағы  отбасыларға тікелей көмек көрсетеді.

Бұл маңызды межелерге қол жеткізу – Қазақстанның қазіргіден де биік асуларды бағындырып, қуатты мемлекетке айналуына зор мүмкіндік. Ендігі кезекте Жолдауда айтылған нақты тапсырмалардың жүзеге асуына халық, қоғам болып атсалысуымыз керек.

Өз кезегінде Жолдау партияға да айрықша міндеттер мен үлкен жауапкершілік жүктейді. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының барлық бастамаларын толық қолдаушы саяси күш ретінде жаңа бастамаларына қолдау білдіре отырып, оларды іске асыруға белсенді қатысуда. Осы мақсатта Жолдау партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестер мен «TALQYLAU» диалог алаңында сараланып, партия филиалдары жанынан жасақталған арнайы ақпараттық топтар барлық бастауыш ұйымдар мен еңбек ұжымдарында белсенді насихаттауда.

 Л.ТӨРЕШОВА,

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының

атқарушы хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<