Жолдауда жаңашылдық көп

551

0

Кейінгі уақытта мемлекетте көп өзгеріс болып жатқаны жасырын емес. Содан болар, осындай маңызды сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын барша халық күтті. Мемлекет басшысы бұған дейін де халыққа бірнеше үндеу жариялап, елдің өте өзекті мәселелерін айтқан еді. Ең бастысы, республикамыздың дамуына оң ықпал тигізетін, саяси құрылымдық және аумақтық өзгерістерді қамтыған бұл Жолдауда жаңашылдық көп. 

Расында да бұл Жолдаудың маңызы зор. Санамалап айтсақ, қаңтардағы бүлік, сын сағаттағы кейбір лауазымды тұлғалардың мемлекетке опасыздығы, соның кесірінен мемлекетке төнген қауіп жайында ашып айтты. Сондай-ақ Парламенттегі Мәжілістің ықпалын күшейту, сайлау жүйесіндегі кейбір олқылықтарды болдырмау – демократиялық басымдық деп түсінеміз. Жергілікті мәслихаттың құзыреті, партиялардың тең дәрежеде болуын да қалыс қалдырмады. Көпшілікті Семей жерінде Абай, Жезқазған өңірінде Ұлытау және Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облысын құру жайлы ұсынысы қуантты. Әсіресе, жаңадан құрылатын Жетісу облысының орталығы – Қапшағай қаласының атауын нар тұлға Дінмұхамед Қонаев атына беру туралы сөзі де қоғамға жылы леп әкелгендей. Расымен, Мемлекет басшысының өзі айтқандай, біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта аламыз.

Сонымен қатар, Жолдауда Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажеттігі сөз болды. Өзгерістердің оң бастамаға айналарын, елдегі саяси жүйенің өзгерерін Мемлекет басшысы ашық айтып отыр. Менің ойымша, мемлекет жолындағы нақты қадамдар айтылды, болашаққа сәуле түсірер бастамалары да жетерлік. Ең бастысы, бұл Жолдау халыққа бос уәде емес, оң өзгерістер керегін нақтылап берді.

Біздің ең басты байлығымыз, ол – Тәуелсіздік. Бір кездері нарықтық заманға өтіп, тоқырауда титықтаған жұрттың сенімін нығайтқан да осы Тәуелсіздік ұғымы болатын. Өткен жылы ғана еліміздің егемен болғанына 30 жыл толды. Үлкен деңгейде іс-шаралар атап өтілді. Қуанарлығы, 30 жыл ішінде кеудесін тіктеп, даму жолында түрлі қиындықты жеңген Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт күніне куәміз. Ал дәл осындай шуақты күнімізді, береке-бірлігімізді бұзғысы келетін нашар ниеттілердің жазасыз қалмайтынын Мемлекет басшысы Жолдауда нақты атап көрсетті.

Отыз жылғы шежіренің барлығын тізбектеу көп шаруа. Уақыт тез өтіп кеткен секілді. Солай бола тұра, халық үшін ғасырға татитын 30 жылдың келер ұрпаққа айтары көп. Сабақ болар да, көңіл тоғаяр да шаруа жеткілікті. Бастысы, алдымыздағы бір міндет – Президент айтқан бастамаларды барынша қолдау.

Гүлшат ОҢҒАРБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<