Еңбекпен есейген жылдар

544

0

Жастайынан қызметке араласып, ауданның дамуы мен қоғамдық тәртібіне үлесін қосып, абыз жасына абыроймен жеткен Әбдісаттар Бөлебайдың есімі Шиелі ауданы халқына етене таныс. Бүгінде жетпіс жасқа толып, өткені мен бүгініне шүкіршілік етіп отырған ардагер ұзақ жыл аудандық ішкі істер бөлімінде жемісті қызмет етті. Учаскелік инспекторлықтан бастап, өзінің қарым-қабілеті мен тәжірибесінің арқасында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Бүгін ол өткен өміріне шүкіршілік айтып, естеліктерін бөлісті.

– 1953 жылдың 20 қаңтарында еңбекпен піскен диқанның отбасында өмірге келдім. Әкем Бөлебайұлы Төлеген Ленин атындағы колхоздың Ленин бөлімшесінде (қазіргі Бестам ауылында) күріш егіп, еңбекке ерте араласқан еті тірі жан болған. Анам Жолдыбайқызы Жаңыл да осы бөлімшеде еңбек етіп, құрметтің төрін көрді. Жастайымыздан бізді еңбекке, адалдыққа тәрбиелеп, өсірді. Мен Алғабас ауылындағы №157 орта мектепті 1970 жылы бітірдім. Мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ, жазғы каникулда бөлімшедегі күрішті арам шөптен арылтуға, жоғары сыныпта оқып жүргенде колхоздың малына жем-шөп, азығын дайындауға белсене қатысып, мектепке киер киімімізге, кітаптарымызға ақша табатынбыз.

Мектеп бітірген соң Бәйгеқұмдағы №97 СПТУ-да тракторшы-шоферлар дайындайтын 8 айлық курста оқыдым. Содан әскерге алынып, Германияның Бранденбург қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерден кейін Қызылорда қаласы Комсомол совхозындағы ауыл шаруашылық техникумының мал дәрігері бөлімін бітіріп шықтым. Телікөл, Қаракөл қой совхозының мал емдейтін пунктіне мал дәрігері болып жұмысқа кірдім. Біршама уақыттан соң комсомолдың жолдамасымен Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор болып жұмысқа орналастым.

Ол кезде ауданда 6 учаскелік инспектор болатын. Бұрын поселке деп аталатын аудан орталығында Әбдіқадыров Бердалы екеуміз қызмет атқардық. Бізден бөлек ауданның колхоз-совхоздарында Шәуенов Жұмаділдә, Бегалиев Қуаныш, Ақпанбетов Ділдәбек, Қошқаров Бөлтай қызмет етті.

Павлодар қаласындағы милициялар дайындайтын курста білім алған соң ішкі істер бөліміне қызметке келгенімде бөлім бастығы майор Жұмағалиев Кәрім, орынбасары капитан Бекмамбетов Бақыт болатын. Қиыншылығы көп милициядағы қарбалас жұмыстарды, бөлімге түскен арыздар мен тапсырмаларды орындауды, қылмысты ашуды сол кездегі учаскелік инспекторлар үйретті. Содан 1990 жылға дейін Коммунизм, (қазіргі Н.Бекежанов ауылы), Еңбекші, Төңкеріс, Авангард, Қарғалы, Гигант және Ы.Жақаев ауылдарында аға учаскелік инспектор болдым.

Алматы қаласындағы арнаулы милиция мектебіне сырттай оқуға түсіп, заңгер мамандығын алып шыққан соң ішкі істер бөлімі бастығының ұсынысымен аға анықтаушы, тергеуші, мемлекеттік тергеу комитеті Шиелі ауданы бойынша бөлімнің жалпы қылмыстарды тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі қызметін атқардым. Аудандық ішкі істер бөлімінде аға тергеуші болып жұмыс істеп, зейнетке шықтым.

Ол кезде ішкі істер бөлімінде анықтаушы, аға анықтаушы деген штат жоқ еді. Учаскелік инспектор қылмыстық іс қозғайды, тергеуді жүргізіп жауап алады. Сезіктінің кінәсі дәлелденіп тұрса, қамауға аудан прокурорынан рұқсат алып, тергеу амалдарын жүргізіп, қаулымен тергеушіге өткізетін. Содан тергеу жұмысын үйрендім. Бұл ұқыптылықты, шыдамдылықты қажет етеді. Қылмыс болған жерге барғанда жан-жақты тексеру жүргізіп, дәлелдер болса іске тіркеу оның тездетіп ашылуына септігін тигізетін.

Коммунизм колхозында учаскелік инспектор болып жүргендегі бір оқиғаны айта кетейін. Күздің бір күні, ел жатып қалған. Ауыл шетінде тұратын апа үйіме келіп, бейтаныс кісінің атпен келіп құдайы қонақ болып отырғанын, одан қорқатынын айтты. Тексеру барысында бейтаныс кісі Түркістан жақтың адамы екені анықталды. Еңбекші совхозының бір шопанының сеніміне кіріп жәрдемші болып, бір қора қойды далаға қалдырып, совхоздың атын мініп бой тасаламақшы болыпты.

Мал ұрлығы ежелден бар, тоқырау жылдары тіпті өршіп кетті. 1998 жылдың көктеміне қарай Тараз қаласына екі рет арнайы топ барып, күдіктіні таба алмай келді. Мамыр айында Дәрібаев Талғат, МАИ инспекторы Алдабергенов Ғази үшеуміз 4-5 күн іздеп, сезіктіні Бурныйда жасырынып жатқан жерінен ұстап әкелдік. Сезікті ұйымдасқан топтың жетекшісі екен, 41 ұрлыққа қатысқанын анықтап 41 эпизодты қылмыстық істі біріктіріп, 3 том болған істі тергеп, сотқа өткіздім. Халықтың малын ұрлап, зар қақсатып жүрген 4 адам сотталды.

Зейнетке шыққанша мемлекет еңбегімізді бағалап марапаттардан кенде қалдырмады. Атап айтсам, аудандық ішкі істер бөлімінің, облыстық ішкі істер басқармасының, ҚР ІІМ Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие болдым. «Отличник милиции МВД СССР», «За отличную службу МВД СССР», ІІІ дәрежелі «За безупречную службу» , ІІ дәрежелі «За безупречную службу» , «Қазақстан полициясына 20 жыл», «Қазақстан полициясына 30 жыл» сияқты марапаттарды алдым.

Отбасында 3 қыз, 3 ер бала дүниеге келді. Бір бала 27 жасында, тағы бір ұлым Руслан 24 жасында жол апатынан көз жұмды. Руслан шығармашылығымен, өнерімен бүкіл Қазақстанға танымал болған еді, – деді ол.

Үлкен әулеттің тірегі Әбдісаттар Бөлебай жетпіс жастың жемісін де, жеңісін де адал еңбекпен, алға ұмтылуды көздеген күш-жігермен байланыстырады. Руслан Бөлебайдың достары ардақты азаматты құттықтап, амандық-саулық тілейміз!

Асқар АЛТАЙҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<