Рақымшылық көпке үміт сыйлайды

586

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойған болатын. Қабылданған құжат қол қойылған күннен бастап алты айға дейін жарамды.  Жаңа заңның шарапатын елімізде 14 мың адам көретін болса, облысымызда 58 жазасын өтеуші, пробация есебінде тұрған 342 адам ілігуі мүмкін. Бұл жайында облыстық ҚАЖ департаментінің басшысы, әділет полковнигі Шаймерден Есенкелдиев  БАҚ өкілдеріне айтты. Ол жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспармен де бөлісті.

Бүгінде мекеме есебінде 1200-ден астам жазасын өтеуші мен тергеуде отырғандар бар. Өткен жылмен салыстырғанда 168 адамға көбейген.

Қоғамда темір тордың арғы жағындағы өмір жайлы жақсы пікір қалыптаспаған. Ондағы қызметкерлердің  жазасын өтеушілерге көрсететін қысымы, әлімжеттігі жайлы әлеуметтік желіде де аз айтылмайды. Алайда өмірде қате басқандардың құқықтары мен міндеттері заңмен қорғалған. Мәселен, олар үш мезгіл тегін тамақпен, киіммен, жылумен, тағы басқа керек-жарақтармен қамтамасыз етіліп, еңбек ете алады. Цифрландыру да бұл жүйеге енген. Соның арқасында біршама ашықтық бар. Айталық, жуырда тергеу изоляторы мен түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің арыз-шағымдарын, өтініштерін саусақ таңбасымен өкілетті органға жіберілетін электронды терминалдар орнатылған. Ол арқылы жазасын өтеуші немесе айыпталушы өзінің жеке ісі бойынша тікелей сотқа, прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арыз-шағым жасай алады. Пенитенциарлық жүйеге бейнекамераларды кеңінен енгізу ісі де құқық бұзушылықтың алдын алуда септігі тиетіні сөзсіз. Мекемеде әрбір қызметкер бейнетіркегіш құрылғысымен қамтамасыз етіліпті.

– Бізге қарасты мекемелерде жазасын өтеушілердің туыстарымен байланысын үзбеу үшін жағдай жасалған. Мәселен, ЗК-169/5 мекемесінде таксофон арқылы сөйлесуге арналған пин-кодтарды жедел жеткізу жүйесі «Zona-telecom» орнатылды. Бұл жоба халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы Өңірлік өкілдігінің қолдауымен және ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің келісімімен жүзеге асырылды. Жүйенің тиімділігіне келетін болсақ, жазасын өтеушілердің туған-туыстары телефон шалу үшін онлайн төлем жасайды. Түбіртекте олардың аты-жөні көрсетіледі. Сонымен қатар, өздеріне қажетті тауарларды сатып алу үшін арнайы электронды дүкен қолға алынуда. Бұл жүйелі жұмыстың нәтижесі деп білемін, – дейді департамент басшысы.

ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік аймағында 9 кәсіпкер 400 адамды жұмыспен қамтып отыр. Онда жазасын өтеушілер әк өндіру, нан цехы, қолөнер мен аяқкиім, көрпеше тігу, пластик терезе шығару, жиһаз жасау секілді істермен айналысады. Бұл ретте департамент басшысы алдағы уақытта облыстық білім басқармасына кәсіптік колледждерге заман сұранысына сай мамандықтар қатарын қосуын сұрап отыр. Мәселен, өңірге сылақшы, автокөлік жөндеушілері секілді жұмысшылар жетіспейді. ЗК-169/4 мекемесінде де 33 кәсіпкер 108 жазасын өтеушінің еңбекке араласуына жағдай жасаған. Ең төменгі жалақы 42  мың теңге болса, келер жылдан бастап 60 мың теңгеге көтеріледі.

Орта білімі жоқ азаматтар арнайы кешкі мектепте білім алуда. Биылғы оқу жылында 28 жазасын өтеуші білім алуға өтініш берген. Қызылорда сервис және бизнес колледжі мен политехникалық колледжде жыл басынан бері 70 адам «Тігінші», «Ағаш ұстасы», «Электр және газбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша оқып, диплом алған. Олар жаза мерзімі аяқталғанша ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, келтірген шығындарын өтеуде.

Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп шыққандардың қоғамға етене араласып, жұмыс жасауы үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Олар пробация есебіне алынып, әлеуметтік-құқықтық  көмек көрсетіледі. Кәсіп ашамын дегендер үшін де жол ашық. «Бизнес бастау» жобасы аясында 37 жазасын өтеуші мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болды. Қазір оның екеуі құс шаруашылығын ашып, кәсібін дөңгелентсе, бірі мал шаруашылығымен айналысуда. Енді бірі дәнекерлеу цехын, ал екіншісі типография ашып, кәсіптерін жандандырып отыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<