Тәртіптің тіні – тәрбие

382

0

Заңдылықтарды қамтамасыз етуде әскери прокуратура қызметкерлері әскери бөлімдердегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтап қана қоймай, жеке құраммен тұрақты түрде жоспарлы жұмыстар жүргізуде.

Құқықтық  тәрбие  – әскери қызметке саналы көзқарасты қалыптастырудың маңызды құралы. Әскерде құқық бұзушылықтың алдын алу, әсіресе әскери қызметшілердің өз борышын ең жақсы орындауы кезінде бөлімнің, бөлімшенің жауынгерлік әзірлігі үшін жауапкершілікке тәрбиелеу, әскери жарғылармен және антпен қамтылатын жеке қасиеттерді бойға сіңіру ерекше мәнге ие.

Президент Жолдауында мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем жол бермеу қағидатын ұстануы тиіс екені, алдын алу шараларының негізінде заңдарды түсіндірудің ұтымдылығы айтылған. Жауынгерлердің заңдарды, жарғыларды қалай құрметтейтіні, оларды қаншалықты дәл орындайтыны, әскерде әскери тәртіпті нығайту қажеттілігін терең түсінуі ең алдымен, Қарулы Күштердің алдына қойылған маңызды міндеттің орындалуына байланысты.

Құқықтық насихаттың сапасын арттыру көптеген факторларға байланысты. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің алдында тұрған міндеттер әскери қызметшілермен тәрбие және құқықтық жұмысқа ерекше көзқарасты талап етеді.

Маусым айында Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасының басшылығы әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының ведомствоаралық кеңесін өткізді. Онда әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту мәселелері талқыланды. Тәртіпті қатаң сақтауға, қылмысты жоюға нақты алғышарттар жасау, осы жұмыстардың маңызын дұрыс түсінуге, одан әрі жетілдіруге байланысты бірқатар нұсқамалар ұсынылды.

Осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштерде, барлық әскерлер мен әскери құрылымдарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және әскери тәртіпті нығайту бойынша айтарлықтай бірлескен жұмыс жүргізілетінін айта кету қажет.

Президент биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай, Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының бастамасымен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу  үшін  облыстық интернат үйлерінің біріне 2022 жылдың 5 қаңтарында Қызылорда қаласында жаппай тәртіпсіздік кезінде ерлікпен қайтыс болған ҚР ҰҰ 5547 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Мадияр Оразалыұлы Қайсаровтың құрметіне атау беру мәселесі қолға алынған болатын. Бұл бастама облыс әкімдігімен келісіліп, 7 сәуірде М.Қайсаровтың ата-анасының арнайы қатысуымен салтанатты түрде облыстық интернаттың «Жетісу» үйінің атауы Мадияр Оразалыұлы Қайсаровтың құрметіне өзгертілді.

Қызылорда гарнизонының барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде, әскери қызметшілер үшін қолжетімді орындарда «Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының құқықтық бұрышы» стендтері орналастырылған. Онда қандай да бір құқық бұзушылықтың алдын алу үшін әскери прокуратураның сенім телефондары бар.

Сонымен қатар, Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасы қадағалаудағы әскери бөлімдерде қызмет атқарып жатқан жас сарбаздардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін «Прокурор сағатын» тұрақты түрде өткізеді.

Әскери қызметшілермен кездесулер кезінде анонимді сауалнама, әрбір әскери қызметшімен жеке кездесу жүргізіледі. Кенеттен дене тексерістері, қауіпсіздікті сақтау, заң талаптарын орындау және барлық заңсыз әрекеттер бойынша гарнизонының әскери прокуратурасына жедел хабарлау туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.

Құқықтық тәрбиенің түпкі міндеті – заң талаптарын терең меңгеруді қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге әскери қызметшілердің санасына құқықтық нормаларды қатаң және мүлтіксіз жеткізу, заңдылық пен құқық тәртібі үшін белсенді күрес қажеттілігі туралы түсінік беру, құқық нормаларын сақтауды әр адамның үйреншікті ісіне айналдыру.

Әскери қызметті өткеруге байланысты мәселелер туындаған кезде азаматтар Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасына Қызылорда қаласы, Нұрмақов көшесі, 2А мекенжайы бойынша және телефон нөмірлері бойынша жүгіне алады: 8 (724) 2-27-77-37, +7 705 433 9499.

Әскери прокуратура органдары қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты өтініштермен Бас әскери прокуратураның Ішкі тергеп-тексеру тобының (тел. 71-29-39) сенім телефонына хабарласа аласыз.

Ғалымжан МАХАНБЕТОВ,

Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<