Абай мектебіндегі шешендік өнер

2185

0

Елімізде Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат бар. Алматы қаласындағы білім ордасының бір ерекшелігі – оқушылар негізгі пәндерден бөлек шешендік сөз өнері пәнін қатар игереді.

Мұндай өзгеше бағыттағы сабақ барысында баланың сөйлеу, жазу нормасын қалыптастыру, сөздердің мағы­насын жете түсіну, ойлау жүйе­сін жетілдіру секілді дағ­дылары қалып­тасады. Аталған мектеп-интернатының пән мұғалімі Жарқын Сәленұлы сабақ барысында Абай Құнан­байұлының шешендік өнеріне ерекше мән бері­летінін айтады.

– Басты мақсат – оқу­шы­ларды қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлеуге тәрбиелеу. Бабаларымыздың мәдени-әдеби жәдігері мен болмысы сөз құ­діретіне бай екенін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге тырысамыз. Бұл орайда Абай мұралары да шет қал­майды. Сабақ барысында Абайдың сөз өнері, шешендік қыры, қарым-қатынаста қолданған сөйлеу әдісі секілді өзекті та­қы­рыптар игеріліп, оқушы­лар­мен бірге талқылаймыз. Се­­бебі, Абай шығармашылығы – өзіне дейінгі шешендік өнердің жетілген үлгісі, – дейді Жарқын Сәленұлы.

Екі жыл бұрын қолға алынған бастама қазір өз же­місін беріп келеді. Тіпті, ше­шендік сөз өнер бойынша мек­теп­ішілік сайыстар өткізіліп тұрады.  Мектеп-интернат жа­нынан «Ділмәр» үйірмесі құрылған. Оқушылардың алды жоғары оқу орнының студенті атанып, білімін жетілдірсе, үйірме мүшелері сөз додасында топ жарып жүр. Ұстаздың ендігі тілегі – шешендік сөз өнері пәнін мектеп бағдарламасына енгізілсе деген арман.

Айта кетейік, аталған білім орда­сының 60 жылдан астам тарихы бар. Сонау 1957 жылы малшы­­ балаларына арналған респуб­ликалық деңгейдегі мектеп-интер­нат болып ашы­лып, 2003 жылы «Респуб­ликалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін те­реңдете оқытатын орта мектеп-интернат» деген атауға ие болып, оған Үкімет қаулысымен 2006 жылы Абайдың есімі берілді.

Жалпы, шешендік өнер – ел құра­лып, халық қалыптаса бас­тағаннан бері халықтың өнеге тұтып, өмір тәжіри­бе­сіне пайдаланып келе жатқан ақын­дар мен шешендердің, хан­дар мен билердің, ел ағасы болған данышпандардың, жас­тайынан жалындап өскен өткір ойшыл­дардың аузынан шыққан дуалы, өнегелі, қисынды, қа­сиетті сөздер.

Рүстем АЙБОЛАТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<