«Bolashak bridge» – көрермен көзайымы

1173

0

Сыр өңірінде алғаш рет толық метражды жастар фильмі жарық көрді. «Bolashak Bridge» атты жаңа туындыны «Aslan films» киностудиясы түсірген. Атауы айқындап тұрғандай, заманауи бағыттағы фильмде 25 жылдық тарихы бар «Болашақ» университеті студенттерінің қызығы мен шыжығы мол сәттері көрініс табады. Тың туындының тұсауы облыс орталығындағы «Kinoplexx» кинотеатрында кесілді.

«Болашақ» университе­ті­нің ғылыми жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досман­бетовтің тапсырысы бойынша түсірілген жаңа фильмнің атауы мен мазмұны сабақтас. «Bolashak Bridge» – «Болашақ көпірі» деген мағына білдіреді. Оқиғаның негізгі желісі студенттік өмірде жиі жолы бола бермейтін үш дос­тың арасында өрбиді. Комедия-мелодрама жанрындағы кинотуындыда жастық алаңғасарлық, нәзік махаббат, бастысы, достыққа беріктік шебер көрініс тапқан.

– Осы уақытқа дейін біздің оқу ордамыз туралы 16 сериядан тұратын «Болашақ аялдамасы» деп аталатын сериал түсірілгенін баршаңыз жақсы білесіздер. Бұл сериалды 2009 жылы түсіріп бастадық. Биыл университеттің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай, біздің жанашыр-қолдау­шыларымызға, оқытушылар мен студенттерге тарту ретінде осы «Bolashak Bridge» фильмін түсірдік. Бұл – біздің шәкірттеріміз, ата-аналар қауымы өзінің университетімен мақтансын, тұрғындар оқу ордасы жайлы кеңірек білсін деген мақсатпен түсірілген туындымыз. Кино арқылы жастар дамудың жолына түседі, мәдениетті, адаммен қарым-қатынас­ты үйренеді. Кейіпкерлерден үлгі алады. Жалпы айтқанда, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренеді. Студенттік шақ – тұлға болып қалыптасатын кезең. Осы кезеңде оларға білім мен тәрбие, болашағына бағыт-бағдар дұрыс берілуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, фильм арқылы жастардың жан-жағын танып, үлгі алып өсуін қаладық, – деді Бақберген Сәрсенұлы фильмнің тұсаукесерінде.

Жастардың зор қызығу­шылығын тудырған фильм ұзақтығы – 1 сағат. Бірақ осы уақытта кейіпкерлердің өткір әзілі мен шынайылығы көрерменді жалықтырмайды. Қайта оқиға шарықтау шегіне жақындаған сайын қызығушылығын тудырады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кинода студенттік шақты шебер суреттей білген.

Ең бастысы, Сырдарияның сол жағалауынан бой көтерген заманауи үлгідегі «Болашақ» университетінің материалдық-техникалық базасы кеңінен көрініс табады. «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков фильмде оқу орнының әлеуетін таныту басты мұрат болғанын айтады.

– Бұл фильмнің негізгі мақсаты – университеттің кәсіби бағдар жұмысын барлық ауданның жастарына көрсету, дәріптеу. Өйткені, оларда оқуға түскен кезде «Ертеңгі күні болашағым қалай болады?» деген күдік туады. Туындының ең соңында айтылатын монологта жоғары оқу орнында әрбір жас өзінің дос­тарын, махаббатын, болашақ жарын табатыны, өмірдегі ең үлкен қадамдарын жасайтыны туралы айтылады, – дейді ол.

Ерекше атап өтерлігі, бұл – біздің өңірде түсірілген алғашқы толықметражды жастар фильмі. Кинотуындыда ойнаған актерлар «Болашақ» университеті студенттері арасынан кастинг арқылы таңдалып алынған. Жалпы, шығармашылық ұжымның барлығы – жергілікті мамандар. «Aslan films» киностудиясы кейінгі жылдары осы салада жүйелі еңбек етіп келеді. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, 4 фильм, бірнеше бейнебаян түсіріп үлгерген.

Киноның тұсаукесеріне ел ағалары, қоғам белсенділері БАҚ өкілдері, оқу орындарының оқытушы-профессорлары мен жастар қатысты. Тұсаукесер соңында фильмнің басты рөлдерін сомдаған университет студенттері марапатталды.

Әрине, Сыр өңірінде таспаланған алғашқы фильмнің артық-кем тұсы бар. Бастысы, тыңнан түрен салынды. Сондықтан көрермендер де тұсау­кесерден соң түрлі пікір білдіріп жатты.

– Бүгінгі фильмнен жақсы әсер алдық. Кино студенттік шағымызды еске түсіріп, ерекше сезімге бөледі. Басты ерекшелігі жастардың еркін тілінде түсірілген. Сондай-ақ, эпизодтардың шынайылығы жоғары баға беруге тұрарлық, – дейді көрермен Нұршайық Әбдуәли.

Мемлекет басшысының   «Тәуелсіздік  бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылғандай, отандық киноны дамытуға баса назар аударуымыз қажет. Осы орайда, «Болашақ» университетіндегі студенттік өмірді бейнелейтін фильмнің жастарға серпін берері сөзсіз.

Айта кетейік, «Bolashak Bridge» фильмі «Aslan films» киностудиясының «Youtube» каналында жарияланбақ. Жаңа туындыға қызығушылық та­нытқандар тамашалап, ба­ғасын беруге мүмкіндіктері бар.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<