Құндылықтар шежіресі

1773

0

Саясаттану ғылымдарының докторы Мұрат Бақтиярұлының «Қадірлі Қазыбай аға» деп жазып берген «Құндылықнама» атты кітабын алдым. Қызыл қаламымды ұштап, шұқшия қарап басынан аяғына дейін оқып шықтым. Сондағы түйгенім, біріншіден, дәл осы уақыттағы қоғамдық қажеттіліктен туған дүние екеніне көзім жетті. Себебі қазір рухани ауа жетімсіздігін бастан өткізудеміз. Автордың сөзімен айтқанда, «көшпенді өркениет өзегіміз»  бізге толық жеткен жоқ. Жастарымыз бен кейбір ақсақалдарымыз да интернет, т.б. шырмауында.

Екіншіден, ұлтты ұйыстыратын бірден-бір құрал – ана тіліміз заңды мемлекеттік тіл деп есептелгенмен, өзінің тарихи-рухани орнын тапқан жоқ. Кейінгі жылдардағы геосаяси жағдайдың ушыға бастап, Ресей мен Украина арасындағы соғыстан орыстар Қазақстан сияқты жайлы қонысқа орала бастады. Бұл онсыз да басым орыс тілінің аясын кеңейтті. Жақсы әм жаман жақтарымен бізге жеткен И.Сталин 1923 жылы РКП(б)-нің ХІІ съезінде: «Мы должны бороться с великорусским шовинизмом, подсечь его в самом корне, потому что он стремиться создать «единную и неделимую». Он старается стереть все нерусское, собрать все нити управления вокруг русского начала. Вот эту опасность товарищи, мы должны во что бы то ни стало свалить на обе лопатки» деп мәселенің ашығын айтыпты. Терең ойлап, түйсігін тебірентетін қазақ түсінеді ғой деп ойлаймын.

Үшіншіден, «Құндылықнамада» діни құндылықтарға ерекше мән берілген. Себебі дін идеология ретінде тек жақсы жайттарға зор мән береді, соған жетелейді. Автордың еңбегі бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітаппен астасып, бірін-бірі толықтырып тұрғандай.

Төртіншіден, «Құндылықнаманы» әрбір отбасына, балабақшалар мен мектеп оқушыларына, күллі жастар мен студенттерге, оқу бағдарламаларына енгізу еш артықтық етпес еді. Өйткені, бұл – кемел келешегіміздің қажеттіліктерінен туындап отырған дүние. Бесіншіден, «Құндылықнаманы» зерделеп оқыған оқушы автордың көп жылғы ғылыми ізденісінің нәтижесі екеніне көзі жетеді.

Автордың бұл еңбегінде «Құндылықнама – құнды кітап» деген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғалым, жазушы Қ.Салғариннің алғысөзі берілген. Әлқисса, сөз басы, яғни, еңбектің беташарын автордың өзі жазған. Мұнда ұлттық мемлекет, ұлт, этнос сияқты категорияларға анықтама беріліп, ұлттық рухымызды жандандыру мақсатын тек қазақтар шешетінін меңзейді. Жалпы құндылық  ұғымы Адам және адами құндылықтан басталатыны ескеріліп, кітапта тарау деген ұғым шырқау түсінігіммен алмастырылыпты. Өте ұтымды ой, дұрыс шешім деп есептеймін. Себебі, дамудың логикалық байланысын есептей  отырып, автор Әуелгі шырқауда өткен тарихымызды алға тартып, қоғамдық, саяси, экономикалық дамуымыздың жаңа Қазақстанға қарай бет алғанын шынайы дәлелдермен келтірген. Әлемді қамтыған жаһанданудың қыр-сырын аша отырып, оның Қазақстанды ешқашан айналып өтпейтінін, соған дайын болу керектігін қарапайым сөздермен санамызға құяды.

Екінші шырқауда әлеуметтік, отбасы құндылықтарын бірінші кезекке қойып, олардың мәні мен мағынасын қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері арқылы қарапайым мысалдармен дәлелдейді. «Өзекті жанға өлім бар» деген қағиданы алға тарта отырып, автор қазақтың басқа ұлттарда кездесе бермейтін жұбату, жоқтау, аза тұту, артын күту, ас беру, т.б. сияқты тарихи қалыптасқан дәстүрді алға тартады. Ойлана оқысаңыз, ажалдың адамды айналып өтпейтініне иланып, өзіңізді сабырға шақырып, материалдық дүниені мансап етпей, адамдық, адалдық, қайырымдылық, кішіпейілділік, т.б. жақсы қасиеттерді бірінші кезекке қоюға ұмтыласыз.

Тамақ, ауыл, еңбек, құндылықтары да автордың қаламынан тыс қалмай, қазіргі отбасы құндылықтарының қас жауларының бірі – ажырасу мәселесіне ерекше мән береді. Бұл құбылыс үлкен ұлттық қасірет ретінде қарастырылып,  оның  қоғамға, отбасына, балаға келтіретін зиянын ерекше атайды. Өте орынды. Тұлпардың тұяғымен, найзаның ұшымен бабаларымыздың бізге аманат еткен ұлан-байтақ жерінде қазақтардың аздығы ойға оралады. Жастарымыздың ажырасуын ұлтқа басылған қара таңба деп қабылдауымыз керек. Демографиялық процесті жандандыру, қазақтың санын көбейту мемлекет алдындағы өзекті әм бірінші мәселе болу керек. Бұл – жалғыз менің ғана емес, елдің пікірі, қажеттілігі, болашағы.

Үшінші шырқау – ұлттық, тіл, білім құндылықтарын қамтиды. Мемлекетіміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны ұлттық құндылығымыздың негізгі компоненті ретінде қарастырылады. Тіл құндылығы тарихымыздың негізгі ұйымдастырушысы, дамытушысы, біріктірушісі ретінде көрсетіліп, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту жайлы нақты ұсыныстар айтылады. Автор білім құндылықтарын мемлекеттік, қоғамдық және тұлғалық құндылықтар ретінде қарастырып, оның болашақ дамуына жол сілтейді.   Тәуелсіздік жылдарында ең көп тартымсыз, нәтижесіз реформаларға ұшыраған – білім саласы. Бұған дейін бұл саланы басқарған министрлердің ешқайсысы ұсынған реформаларын аяғына жеткізген емес. Бүгінгі күні саланың екіге бөлініп,  жаңа Қазақстан жағдайында әрекет етуінен үмітіміз зор.

Төртінші шырқау мәдени мұра, діни құндылықтар мен Жапония, Қытай. Корея, Түркия, Грекия, көп мәдениетті Канада, көршілес Ресей сияқты елдердің құндылықтарының бізге тиімді жақтарын нақты дәлелдермен келтіреді. Мәдени мұра аясында жүзеге асырылған археологиялық жұмыстар, тарихи ескерткіштер, елордада 2017 жылы Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметіне, «Тұран мұрасы» жобасының жетістіктеріне тоқталған. Ұлттық тарихымызға байланысты шетте қалған жәдігерлерді елге қайтару мәселесін көтеріп, кітап реставрациясына, «Бабалар сөзі» 100 томдығының тарихи маңызына, «Жеті жарғы» секілді жеті жобаны талдайды. Діни құндылықтардың, яғни, діннің тілден де зор әсерін ескере отырып, ұлттың негізі белгісі тілі болса да, оның дін арқылы қалыптасатынын, отаршылық басқыншылықтан тілдері жойылған ұлттардың діндері арқылы дәстүр-салты жалғаса беретінін дәлелдейді.

Автор діни дәстүрлерді ұлттық дәстүрлерімізбен байланыстыра қарап, отбасылық дәстүрлерге айрықша тоқталады. Жоқтан жаратушы Алланың мүмкіндігі шексіздігін Аристотельдің «Әлем ішіне қарай да, сыртына қарай да шексіз» деген кемел қорытындысын, Ұлы жаратушының жаратқан дүниесіне адамның білімі жетпейтінін көрсететін бірден-бір өлшем екенін алға тартады. Дін тарихының төрт дәуіріне алғашқы – Адам ата, Хауа ана, екінші – пайғамбарлар, үшінші – ақырғы пайғамбарлар, төртінші – ақырзаман дәуірлеріне сипаттама береді. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бізге аманат болып қалған Құран Кәрім мен қасиетті хадистердің маңызын көрсетеді. Сезім мен ой, бір мен нөл, жаратылыс, жан, тән, құл мен құлшылық, тобыр сияқты категориялардың мәнін, мазмұнын дінге байланыстырып сипаттайды.

Қорыта айтқанда, Мұрат Бақтиярұлының «Құндылықнама» атты еңбегі оқуға жеңіл, дәйекті дәлелдермен жазылған. Мұнда қазақ ғұламаларымен қатар әлемдік деңгейдегі әртүрлі ұлт өкілдерінің ой-пікірлері көптеп орынды пайдаланылған. Жоғары палатада екі мерзім сенаторлық қызмет атқарған Мұрат інім – тек саясатпен емес, ғылыми ізденістерін де қатар алып жүрген тұлға.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,

Қорқыт ата университетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<