Ел жүрегіндегі Елена

1285

0

Тарихта бір ғана шығармасымен халық жадынан өшпей қалатын тұлғалар бар. Мысалы, 14 ғасырда өмір сүрген Асан қайғы «Құйрығы жоқ, жалы жоқ – құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ – жылан қайтіп күн көрер» дейтін екі ауыз сөзімен-ақ өлмеске енді. Ал, өмірден кеше өткен Қадыр ақынның «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте…» дейтін өлеңі күллі қазақ ділінің темірқазығы болды.

Ақын, айтыскер, композитор, әнші Елена Әбдіхалықова – Сыр елінің гимніне айналып кеткен атақты «Сыр елім» әнінің авторы. Сөзі де өзінікі. «Шежірең қандай – көзінен қанбай, жұтатын кәусар бұлақтай…» деп басталса, бүкіл Сыр елі қосылып кете береді. Ақын бақыты дегеніміз – осы!

Біз бүгін оқырманға Еленаның бір топ өлеңін жария қылуды жөн көрдік.

(Өнерсүйер қауымға құлаққағыс, 18-19 қараша күндері Қызылордада, Н.Бекежанов атындағы драма театрында Елена Әбдіхалықованың ән кеші өтеді)

Мен – Сырдариямын

Мен – Сырдариямын!

Бәз баяғы, баяғы…

Басы сайран, құрдым тартқан аяғы.

Толқынымды жұлқи қашып барады,

Тұрлауы жоқ дүниенің баяны.

Мен – Сырдариямын!

Сахарада өксіп аққан өлең боп,

Жүрегімде желкенім бар, кемем жоқ.

Иірімімде талай ғасыр айналып,

Табанымда тағдыр жатыр тереңдеп.

Мен – Сырдариямын!

Оғыз орда, Тұран болған бесігі,

Қорқыт. Қобыз. Құран болған несібі.

Сирағыңнан келмейтұғын суымды,

Сөкпе, баба, кеш, іні.

Мен – Сырдариямын!

Алты Алаштың анасы,

Анасынан алас болған даласы.

Жұт жалмаған, құт қалмаған заманда,

Жүрегімнің жазылар ма жарасы?!

Мен – Сырдариямын!

Бәз-баяғы, баяғы,

Басы сайран, құрдым тартқан аяғы.

Сырым менің өзегімнің баяны.

Жырым менің өз елімнің аяны.

Мен – Сырдариямын, баяғы…

Кімсің деме

«Кімсің, – деме, – қайда және кімің бар?»

кімдігімді көздерімнен ұғыңдар!

Кіндігімді шырмап туған мұңым бар!

Түндігімді тулаттырған жырым бар.

«Кімсің, – деме, – құса шері меңдеген?»

Мен мың өліп қайта өмірге келген ем.

Жаным бірге теңіз, дауыл, желменен,

Мәңгі өлмеске серт бергенмін елге мен.

Тағдырыңның басса қайғы аспанын,

Тыңдайтұғын тал түгілі, тастан үн.

Шыбын жаны шырқырап бір шыққанша,

Үміт деген үзілмейтін қасқамын.

Жақсылардың жалғағанмын үзігін,

Мен кешегі ұлылардың ізімін.

Ақын деген ақиықтың жаны мұң,

Өлең деген ұзатылған қызымын.

«Кімсің?» деме!

Көкірегімде зар, шыным!

Жаңғырсын да, ғасырларда қалсын үн!

Ғадауатқа ғапыл дүние-думанда,

Махаббатқа жаным құрбан жаршымын!

Бұза алмайды болмысымды бұлтақ ән,

Сырлы сазбен кеуделерге гүл тағам.

Топырағына келбетімді ұқсатып,

Мен – даламның дауысымын шырқаған!

Шамырқансам жауым қане жеңбеген!

Талай шауып келгем озып көмбеден.

Жер бетінде нақақ күйген бір жұрттың,

Мәңгі сөнбес жүрегімін мен деген!

Бүгінгі кеш

Бүгінгі кеш

Үйлену тойым емес,

Атақ қуу, нан табу ойыма егес.

Алдарыңда ақ сөйлеп ақтарылсам,

Ол біреудің жұмсаған сойылы емес.

Бүгінгі кеш

Мендегі арман кеші,

Арман көші талайдан қалған көші.

Ән көңілден төгілген әуенімен,

Әдемілеп  жатқаным жалғанды осы.

Бүгінгі кеш..

Айтар күн зар-мұңымды,

Зар-мұңымды – азапты тағдырымды.

Дүниенің көзінде бір тамшы боп,

Тіршілікте әлі де барлығымды.

Бүгінгі кеш…

Ол менің бір белесім.

Дұшпаны да бұл күні күндемесін.

Ұлып қашып оятар күй болмаса,

Сұлық басып, аян ғой үндемесім.

Бүгінгі кеш…

Иә, осы бүгінгі кеш!

Жол жоқ жарты батырға, жырындыға еш.

Бұзар болсам текті сөз, сырлы әніңді,

Басым түгіл, беу, жұрты, тілімді кес!

Бүгінгі кеш,

Өрт құшқан өлең кешім…

Жалынынан жұрт біткен елеңдесін.

Жүрегіңнің төрін бер, ей, ағайын,

Десең мәңгі өнер мен мені өлмесін!

Сенің үнің

Тамаша ғой!

Тұрғаным үніңді естіп,

Жақын жүріп алыстың күнін кештік.

Өмір, саған өкпем жоқ деп едім мен,

Өткере алсам ең жаман күнімді өстіп.

Тамаша ғой!

Білгенім хабарыңды,

Жалт еткізді бір алау жанарымды.

Білмей кімге мұңымды шағарымды,

Шарасыз боп жүруші ем бала құрлы.

Тамаша ғой!

Тілдесу тылсым күнде,

Күндей күліп кеудемде жүрсің бірге.

Сенің даусың болмаса сағым сынып,

Сен де менсіз, дүние-ай, күрсіндің бе?

Өмір дейтін өркеуде ұлы ағында,

Өзің менің шуағым, құмарым да.

Тамаша ғой, шынымен мынау дүние,

Сенің үнің тұрғанда құлағымда.

***

Елестет мені, үздіккен ән деп жанға бір.

Елестет мені, есінде жүр деп сан қабір.

Елестет мені, өкінбей кетер жан ғой деп,

Әзірейіл кеп әкетем десе дәл қазір.

Елестет мені, көктем деп, күндей күлді деп,

Үкідей ғана үмітім бар-ды үлбірек.

Ұстасып жүріп уақытпен үнімді ұқпайтын,

Үзіліп барып, тыншиды-ау сірә, бұл жүрек.

Күзі де басым, көңілі орта заманда от,

Күн сайын сынып, күрсініп үнсіз қалам көп.

Арманым жоқ-ау есінде қалсам бір жанның,

Өмірге ғашық жай ғана жұмбақ адам боп!

***

Сағынышым өлмейтіні несі екен,

Сағынғаным келмейтіні несі екен?

Келмейтінім сағындым ғой десе екен,

… Өлмейтінім осы екен ғой, осы екен.

Аңсағаным алдайтыны несі екен,

Ал, көңілім қалмайтыны несі екен.

Алданғанын біліп тұрып жүрегім,

Жол тосудан танбайтыны несі екен?

Сағым күндер сүймегенге бос екен,

Сенсіз… жалғыз сағынуды дос етем.

Шын махаббат сағынышқа оранып,

Бағыты жоқ басы ауған бір көш екен…

Туған жер

Сен аман бол, туған елім, кең өлкем,

Мен түгілі патшалар да жоқ ертең.

Қауырсындай қалдырмаймын зілімді,

Қабағыңа түспесін деп көлеңкем.

Талай тасыр талай ғасыр тонаған,

Дауылдарға қарсы тұрған бораған.

Жүрегімді жұлып ал да кеудемнен,

Жоса-жоса тағдырыңды көр одан!

Сенің мұңың – қайнайтыным ішімнен,

Сенің жырың – арылмайтын түсімнен.

Армансызбын, топырағыңды жастансам,

Мәңгілікке иіскеп жату үшін мен!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<