Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа тарихи қадам

3235

0

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі, Қазақстан Ұлттық құрылтайының мүшесі Қылышбай Бисеновпен сұхбат

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауын жариялады. Жолдауда еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары айқындалды. Бұл – жалпылама түсінік.

Осы Жолдау жолдарын халықтың жанына жақын ұғыммен жеткізу үшін өзіңізді сұхбатқа шақырып отырмыз. Жолдаудың ең басты мақсаты нені білдірді?  

– Әділетті мемлекет құру кезеңіндегі Қазақстанның бүгінгі жағдайында бұл Жолдаудың тарихи маңызы өзгеше. Оны «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген аты да анықтап тұр. Осы үштаған секілді үш киелі ұғым – күллі халықтың көкейіндегі ойы және оның іске асырылуының көкжиегі.

Мәселені мына нәрседен бастайық. Әрбір азамат өз мемлекетінің, өз жерінің иесі екенін сезініп, игілігін көруі қажет.

Осыған дейін Конституцияға «Жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық» деген норманың енгізілгенін білеміз. Ата заңдағы аталы сөздің қолға алына бастағанын осы бүгінгі Жолдаудан көрдік. Демек, мұны құр сөз болып қалады дегендермен келісуге болмайды.

«Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуға тиіс. Сондықтан мен жариялаған балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау өте маңызды деп санаймын», – деді Президент Жолдауда.

Осылайша, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ін 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аудару ұсынылды.

Балалардың болашағын қамтамасыз ету – мемлекеттің болашағын орнықтыру. Әрине, мемлекет бала болашағына әр кезде, әр заманда мән берген. Бірақ, бұған дейін кәмелеттік жасқа толған әрбір бала ата-ана қамқорлығына мұқтаж болып келді. Енді бұл мұқтаждықты шешуге мемлекет араласады. Демек, кәмелет жасқа толған балаларымыз білім алуға немесе үй салуға өз қаражатын жұмсай алады. Мұны Жаңа Қазақстанды орнатудағы тың қадамның бірі деп бағалауға болады. Мұндай жақсылық нышаны Араб елдерінде болды, алайда, оған кез келген дамыған деген мемлекеттеріміздің өзі қол жеткізіп отырған жоқ.

– Бұрын Жолдау сайын Президент өкілеттілігін толықтыру, ұзарту мәселесі сөз болатын. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев өз өкілеттігі туралы тосын шешім жасады және кезектен тыс сайлауға баруға дайынмын деді. Осы жайында не айтасыз?

– Қазіргі геосаяси жағдайда Президенттің жаңа мандатқа ие болуы маңызды. «Әділетті Қазақстанды құру жолындағы түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет» деп, мұны Президенттің өзі де атап көрсетті.

Өйткені, Мемлекет басшысы өзі бастаған реформаларды халықпен бірге іске асыруды қалайды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы елімізді ізгі мақсаттарға жұмылдыра түсетіні сөзсіз.

Сонымен бірге, Президент мандатының мерзімі 7 жыл болып, қайта сайлауға түсуіне тыйым салынатыны анық атап көрсетілді. Бұл біріншіден, біздің еліміздің демократия қағидатына беріктігін танытады, сондай-ақ, президенттік билікті көп жыл бойы иеленуге жол бермейді. 7 жылдық мерзім өзге мемлекеттер тәжірибесінде де бар, ал, бір реттен кейін қайта сайлауға түспеу туралы шешімді әзірге еш мемлекеттің басшысы жасаған жоқ. Қазақстан Президентінің «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік» деген ұстанымы қазіргі жаһандық геосаяси үдерістерге жауап беретін өркениетті,  әділетті Қазақстан – отанымызды өркендетудің бірден-бір тарихи жолы, – деп түсінуіміз керек.

– Бұрынғымен салыстыра қарасақ, жастар мәселесі, оның ішінде жоғары білімді қолжетімді ету, жұмыспен қамту жайы күпті көңілімізге мықты сенім орнықтырған Жолдау жаңалығының бірі болғандай.

– Білім – бар игіліктің басы, ұлт сапасы, бұл – ақиқат. Сондықтан Президенттің сапалы білім беру туралы түйткілді мәселелерді қозғауы қоғамға зор жауапкершілік артады. Елімізде балабақша жетіспейтіні рас, бұған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру, анығырақ айтқанда, жалақысын көбейту – қуанышты жайт.

Ерекше атап айтатын жағдайдың бірі – жастардың оқуына 2-3%-тік жеңілдікпен несие берілмек. Жоғары білімнің қолжетімділігі өте қажет. Ал, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жылдық өсімі 2,5% болатын шағын несие қарастырылады. Мұнымен бірге, Президент алдағы жылы 100 мың жастың жұмыспен қамтылуы қажет екенін жеткізді.

Бұл – тәуелсіздіктің отыз жылында болмаған жаңалық. Еліміз жыл сайын жұмыссыздықпен күресіп келеді, бірақ, нақты нәтиже көрінбейді. Екі қолға бір күрек ұстаудың орнына жат әдеттермен айналысып кеткен жастар көз алдымызда жүр. Президенттің жастарға бағытталған бұл шаралары әділетті Қазақстанның құрылысшыларын тәрбиелеу жолындағы тың бастама болды.

– Түпкі мақсаты түсінікті болғанмен, халық МӘМС-ке көп шағым айтып келеді, демек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саясаты көпшіліктің көңілінен шығып отырған жоқ. Жолдау ішінде бұл мәселеге қатысты да сөз қозғалды.  

– Сөз қозғалды деген аз, Жолдауда халықтың денсаулығын қорғау мәселесі ұлттық жоба есебінде қаралды. 

Атап айтқанда, Президент ерікті медициналық сақтандыру жүйесін іске қосуды тапсырды. Саланың қаржыландыру жайының жеткіліксіз екені атап көрсетілді. Медициналық көмекке зәру адамдардың тиісті қызмет алуы кедергілерге тап келеді. Шын мәнінде, адамдар сақтандыру жүйесіне өз салымын салып отырса да, медициналық қызмет алуға келгенде толық риза емес. Мемлекет басшысы адамдарға қолайлы жағдай жасаудың барлық жолдарын – қаржыландыруды, инфрақұрылымды, яғни, медицина саласын жақсарта түсуді Үкіметке тапсырды.

Бұған дейін қордаланған мәселелер тез арада шешілмей келгені баршамызға белгілі. Халыққа түсінікті болу үшін атқарылатын жұмыстың мерзімі де аталып, екі жыл ішінде 650 ауылға медициналық және фельдшерлік бөлімшелер салынып, олардың толықтай құрал-жабдықтармен қамтамасызетілуі айтылды.

Олай болса, елді мекен тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға мүмкіндік жасалынатын болады.

Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар біздің облысымызда да айтуға тұрарлық. Медициналық мекемелер аймағымыздың барлық ауылдық жерлерінде көптеп салынуда. Алдағы уақытта олардың қажет ететіндеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи жабдықтау мәселесі нақты шешімін табуда.

– Сөз басында айтқанымыздай, Жолдаудың ең басты мақсаты не деген нәрселерді түгелдемесек те, тағы бір таразыласақ…

– Мемлекет шағын және орта бизнесті мейлінше дамытып, халықты нарық тұрақсыздығы ықпалынан – бағаның өсуінен, жұмыссыздықтан барынша қорғайды.

«Сән-салтанат салығын» енгізеді. Бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Керісінше, елге сырттан әкелінетін автокөліктерді заңдастыруда утилизация мен алғашқы тіркеуге төленетін қаржыны 200-250 мың теңгеден асырмауды реттейді.

Ең төменгі жалақының деңгейін 60-тан 70 мың теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр.

Білім алудың қолжетімділігі артады, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекет жоғары оқу орындары мен құрылыс компанияларының белсенді ынтымақтасуын іске асырады.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби біржарым жасқа толғанға дейін ұзартылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, 2022 жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауы өткізіледі. Президенттік өкілеттік жайы қайта қаралып, жеті жылдан соң екінші мәрте қайта сайлауға тыйым салу ұсынылды.

Мемлекет алдында тұрған ең биік мақсат – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Халықтың әлеуметтік ахуалын арттыра түсу. Осындай мақсаттар толық орындалғанда әл-ауқаты артқан әділетті мемлекет атанып, біртұтас ұлттың берекелі қоғамы өмір сүреді. Мемлекет басшысының бұл жолдауы – демократияның даңғыл жолына жасалған тарихи қадам. Біз бәріміз – әділетті мемлекет құру жолында қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік. Бұл – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Себебі ел мен жердің тағдыры, еліміздің болашағы – өз қолымызда. Әділдік бар жерде берекелі қоғам қалыптасады, сондықтан Президент айтқандай, әділетті Қазақстанды бірге құрайық!

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<