«Баланы ең алдымен түстер тәрбиелейді»

652

0

Өнерде ең қызығы – суреткер тұлғасы. Егер ол шынайы болса, бойындағы кемшіліктің қандайы да кешірімді. Тіпті, қарапайым адам үшін өнер кеңістігінде суреткер тұлғасынан басқа сөз ететін нәрсе де жоқ. Сондықтан Қайырбай Зәкіровпен сұхбаттасудың орайы келгенде, оның тұлғасын ашып көрсете алатын «өнер рухы» деген бір ғана ұғым аясында әңгіме өрбітуге келістік. Өңір жұртшылығына таныстырып жатуды қажет етпейтін, жұмбақ көрініске толы 150-ден астам картиналар сериясын өмірге әкелген суретшінің ерекше ойларына ­қанықтық.

– Қайырбай аға, кескіндеменің қай түрі қазіргі заманның рухын дәл бейнелейді?

– Біріншіден, сурет – тілсіз өнер. Ал оның әдейі мәнсіз, мазмұнсыз етіп айтылған бүгінгінің тілімен ара қатынасы қаншалық екенін білмеймін. Қазір сурет салудың өзін шоу­ға айналдыра бастады ғой. Бұл – артистизм. Қандай да бір идея­ны, ойды жеткізуге деген талпыныссыз, тек кеңістікті толтыру мақсатымен ғана жасалған нәрсе. Маңдай тері бетін жуып, мидың сұйығын кенепке құйып отырып салмаған соң одан жанды дүние шықпайды.

– Мүмкін жастардың, ке­йінгі буынның рухани қажеттілігі сол шығар?

– Өнерді буынға бөлуге болмайды. Тоқсаннан асқан шағында әйгілі Пикассоға да осындай сұрақ қойғанда, «Жастар деген мына мен» деп жауап беріпті. Жас деген бо­йындағы өнері сарқылмаған, әлі де болса берері бар, жемісті еңбек етіп жүрген жан дегені болса керек. Бұл жерде барлығы шоуға, терең түсініктен ада жеңіл бағытқа бет бұрып жатыр деген сөз емес. Түптеп келгенде, уақыт өте қоғам өз нормативін бәрібір жасап алады ғой. Бірақ сол бағытқа бетбұрыс байқалатын сияқты.

– Дегенмен, концептуалды өнер деген бар емес пе? Оның шоумен екеуінің ара жігін аша білу де керек шығар?

– Әрине. Бұл ретте өнерді салалап бөлмей, өнер деп ғана қараған жөн. Бір ғана мысал айтайын. Бұрынырақта көне қала Жанкентте симпозиум өткіздік. Бүкіл түркі дүниесінің тарихында маңызы зор, ертеде тіпті Үнді мен Иранға алғын-шығын арқалатып, салық төлеткен көне шаһарымыз. Симпозиумда қайтсек те Жанкент тарихына жұрт назарын аудартқымыз келді. Ол үшін арнайы ақ киім дайындап, ескі қаланың орнында қурайды үйіп от жағып, отты айнала аруақ бейнесінде би билеп, қобыз тарттық. Осылайша бағзының рухын оятқымыз келді. Бұл перформанс шымкенттік суретші Молдағұл Нарым­бетовтың идеясы еді. Айта­йын дегенім, мысалы, перформанс сіз айтқан концептуалды өнердің бір түрі ғой. Оған арнайы сахна, алаң қажет емес. Әлденеге назар аударту, көрген адамның есінен кетпестей ету ғана.

– Сіздің Жанкентті жыр қылып айтатыныңызды бі­леміз. «Ежелгі Жент қаласы туралы фрагменттер» аталатын циклыңыз бар. Жалпы серия­лы туындыларыңыздың барлығы бір­тұтас шығарманың тарау­лары сияқты көрінеді. Шынында да солай ма?

– Солай деуге де болатын шығар. Негізі сериялы туындыларымның орны бөлек. 2013 жылы «Оғыз­нама» циклы ТҮРКСОЙ сыйлығын жеңіп алды. Көңілім қатты өсті. Мақсат көне заманнан бүгінге дейін, айталық, Тұмар әжемізден кешегі Бегім анаға дейін, бағзы бабалардан кешегі Жанқожа, Есет батырларға дейінгі тұлғалар бейнесінен тұтас цикл жасау еді. Әлі соның аясынан алыс кеткен жоқпын.

– Тарихи тұлғалар каталогын жасау не үшін керек?

– Рухың күшті болуы үшін тегіңді білуің маңыз­ды. Бұтақтың бүршік жаруын, желек шашып, жапырақ жайғанын қаласақ, терең тамырдың ұшына дейін баруымыз, алдымен соны ойлауымыз керек. Олсыз өзіміз де өспейміз, өнер де пәс болмақ.

– Осы жерде бір қызық құбылыс еске түседі. Сурет өнерінің елімізде алғаш болып біздің өңірімізде өркен жайғанына не түрткі болды?

– Әуелде Суретшілер одағының филиалдары Алматы, Шымкент, Қызылорда, Семей қалаларында ғана болған. Оған еліміздегі алғашқы көрме де Қызыл­ордада өткенін қосыңыз. Неге өзге индустрия­лы қалаларда мұндай болмады? Себебі Сырда мықты өнер ортасы бар еді. Айталық, көп корейлер Владивостоктан депортацияланып, осы Сыр бойына келген. Бәрі маман. Солардың ішінде Ким Хен Юн, Ли Мен Су сияқты суретшілер болды. Уақытында, тарпаң бұзау шеріден де тайсалмайды деген сияқ­ты, жете ұғынбаппыз. Аса мән бермеппіз. Кейін өнер құрылымын терең түсінген соң ғана мықтылығын мо­йындадық қой…

– Солардың арқасында Суретшілер одағының филиалы ашылды ма?

– Филиал ашу үшін кемінде үш адам КСРО Суретшілер одағына мүше болуы керек-тін. 60-жылдары бізде одаққа мүше Ким Хен Юн ғана екен. Бірақ беделі өте зор болса керек. Сол себептен ашып берген. Солар бізге көп көмектесті, ықпал етті ғой. Содан өз туындыларындағы тосын шешім, тың үрдісімен елең еткізген Салихитдин Айтбаев, Сахи Романов, Мақым Қисамединов сынды біздің мықты ағаларымыздың көбі осы Сыр бойынан шықты.

– Олардың жаңашылдығы неде еді?

– Ол кездері барлығы Батыстағы кубизм, сюрреализм сияқты ағымдарға шошына қарайтын. Ал оларда еркіндік басым болды. Әлемдік өркениеттің озық үлгілері деңгейінде ойлау­ға үндеді. Осылайша жаңа үрдіске жол ашты. Салихитдин Айтбаев, Балтабай Табылдиев – Сыр бойынан барып, Алматыда оқып, сол жақта жұмыс істеп қалғандар. Олардың буынында Бақтияр Табиев, Тоқболат Тоғызбаев  бар.  Бұлар енді гиганттар. Алпысыншы жылғылар дейміз. Солардың уақыты – үлкен серпіліс болып, өнердің рухы көтерілген кезең.

– Мұндай серпіліске не түрткі болды?

– Бұлардың ерекшелігі, ақын, суретші, жазушы бөлек жүрмей, бір ортаға айналды. Осы жағдайда өнер жақсы дамиды екен. Сондай құбылыс ХІХ ғасыр­дың соңы мен өткен ғасырдың басында Парижде болды. Бүкіл әлемнің суретшілері сонда жиналып, өнердің шекарасын кеңейтті. Өте күрделі, өз уақытынан шығандап озған оларды жұртқа түсіндіруге Аполлинер, Блез Сандрар, Малларме сияқты ақындар, музыкада Вагнер, мүсін өнерінде Ренуар сияқтылар үлкен еңбек сіңірді. Бізде орын алған жағдай да соған өте ұқсас. Сабыр ­Мам­беев  данышпан адам. ­Алматыда бір көрмеде «Қызыл­орда шағын Париж ғой» деген екен. Ертеректе Мәскеудегі бір симпозиум­ға барғанымда дағыстандықтар, грузиндер, басқа елден келгендер маған Айт­баевпен таныстыршы деп қоймайтын. Өзімізге қарапа­йым көрінетін ағаларымыздың атағы аспандап тұрғанын көргенмін. Өйткені өнерде көкірек жоқ. Жасқа қарамай араласа береді. Сол өнердің өсуіне кеңістік ашты.

– Сонда өнер рухы еркіндікке ғана емес, синтездік нюанстарға да байланысты ма?

– Ақиқаты сол. Өнер – тұтас нәрсе. Мен өз жұмыстарымның да қай жері өлең, қай жері сурет екенін білмеймін. Мұндай синтез пайда болуы үшін барлығын бір жерге жинау да қажет емес. Орта жан дүниесі қажет еткен соң ғана бас біріктіргендерден құрылады.

– Маған осындай түрлі ағыс­тардан құралған бірден-бір өнер иесі Әділ Ботпанов сияқты көрінеді…

– Әділ – айналасында болып жатқан психикалық деформацияны жан жүйесімен сезінгендердің бірі. Суретке қатты қызықты. Шеберханама іздеп келіп тұратын. Терең сөздер айтатын. Ешқандай қалып­қа сыймай жүрді ғой.

– Өнерді тағдыр жасайды ма?

– Мүмкін. Менің досым, зергер-ұста Дәркенбай Шоқпаров өлең жазатын. Алматыға, үйіне барсам әжесінен қалған көне сандығын ашатын. Іші толған қолжазба. Өлеңдер. Барлығы жайына қалып, жазғанын маған оқып беретін. Кейін сол өлеңдеріне ақын Қанипа Бұғы­баева өте жоғары баға берді. Мен Қомшекең – Қомшабай Сүйеніш ағамызға көрсеттім. Ағамыз да жоғары бағалап, алғысөз де жазып берді. Аманжол Оңғарбаевтың демеушілігімен «Ай алқа» деген атпен жинақ етіп басып шығардық. Айтайын дегенім, уақытында Дәркенбай сол жазғандарын қазақтың бір үлкен ақынына көрсеткен ғой. Сөйтсе, «Дәркенбай, сен өлеңді қойсаңшы»  депті.  Солай айтуға бола ма адамға? Ол өзінің ішкі дертін жазды. Жазбасына қоймады. Абайдай ақын болып кетем деген жоқ. Біз мынаны түсінуіміз керек. Өнерге үлкен сахнада ән айтып тұрған әнші мен өз үйінде ыңылдап ән салған қарапа­йым адамның хақы бірдей.

– Сурет өнері де осы қағидаға бағына ма?

– Әлбетте. Байқасаңыз, біздің әжелеріміздің салған өрнектері нағыз өнер. Орыс­тар беспредметное исскуство дейді ғой. Шынында да солай. Нақты ештеңені бейнелемейді. Бірақ нағыз абстракционизм. Бояу­дың құдіретін қазақтай терең ұғынған ел кемде-кем. Шеті-шегі жоқ иен даладан киіз үйге аттап кірсеңіз, көз қарықтырар көп түске тап боласыз. Халқымыз, өмірге көз ашқанда баланы, ең алдымен, түстер тәрбиелейтінін түсінген ғой. Содан кейін, есін біле бастаған соң ғана сөз тәрбие­лейді. Тіпті, баланың салғанындай сурет салу ең ұлы суретшілердің көбінің қолынан келмеген. Бұл – нағыз ақырет. Өйткені баланың санасында ересек адамда қалыптас­қан шектеу­лер жоқ. Қиялы шексіз. Бұл бағыт өнерде дадаизм аталады. Оны Пикассо, Матис сияқты сретшілер ғана өз деңгейінде алып шыққан.

– Өнерге енді көз ашып, өз кеңістігін жасауға талап қылған жастарға қандай кеңес бересіз?

– Бір көне тәмсіл бар.  Біреу тордағы қарғаға тапжылмай қарап отырған адамды көріпті. Әрі-бері өткен сайын қарайды, әлгі адам тапжылмай, қарғадан көз алмай тұра береді екен. Барып, мәнісін сұраса, «Қарғалар үш жүз жыл жасайды дейді, сол сөздің рас-өтірігін білу үшін қарап отырмын» деп жауап беріпті әлгі адам. Оны білуге бір адамның ғұмыры жетпесін түсінбегені ғой. Сол сияқты бойдағы талантын қор қылмаса деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз