«Мемлекеттік қызметке тұру жеңілдеді»

1869

0

Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деп осыдан бір ғасыр бұрын еліне қызмет ететін тұлғаның қандай болу керегін бір-ауыз сөзбен түйіндеп кеткен.

Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру және мемлекет дамуына сапалы үлес қосу бағытында кешенді жұмыстар жасалуда. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Демек адамдар арасында осы қызмет туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенім қалыптасуы қажет. Саладағы өзгерістер мен мемлекеттік қызметші болудың жауапкершілігі жайында біз ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі  облыс бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиевпен әңгімелескен едік.

– Ерлеген Жәрдемұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік басқару ісін жаңғырту туралы айтқан болатын. Бұл ретте, сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылардың қажеттілігі, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып қайта жасау, кадрлық резервті нығайту бағытында нақты тапсырмалар болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуы тиіс деген болатын. Осы ретте, Президент тапсырмаларының орындалуына, облысымыздағы мемлекеттік қызмет пен қызметшілерінің жайына тоқталсаңыз…

– Мемлекеттік қызмет саласында ауқымды жұмыстар жүріп  жатқанын атап өткен жөн. Иә, мұның барлығы Президент тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Енді осы жұмыстарды рет-ретімен қысқаша айтып өтейін. Өңірімізде  2023 жылдың І тоқсаны бойынша мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 3 232 болса, оның 1 490-ы – нәзікжанды. Басшы лауазымдағы әйелдер 325-ті құрайды. Сонымен бірге 342 жас мемлекеттік қызметші бар. Облыста 20 ҚР Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, 3 «Болашақ» бағдарламасының түлегі түрлі салада жұмыс жасайды.

– Осы ретте, Мемлекет басшысының мына сөзі ойыма оралып отыр. «Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашан да бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет» деген еді. Сіз облысқа жаңадан келіп жатырсыз. Өңірдегі мемлекеттік қызметте жүрген жастармен танысып, олармен сөйлесе алдыңыз ба? Бұл салаға қызығатын, жұмысқа тұрғысы келетіндерге қандай мүмкіндіктер бар?

– Сұрағыңызға рахмет! Сыр өңіріне келгеніме бір айдай уақыт болды. Маңғыстау өңірінде 20 жылға жуық осы салада жұмыс істегендіктен, салыстырмалы түрде республикамыздағы ахуал ұқсас деңгейде деп бағамдай аламын. Статистикалық ақпараттарға сәйкес 2018 жылы өңірімізде мемлекеттік қызметтегі жастар 20-25% құраған болса, бүгінгі күнге 10,6%.

Бұл жағдайдың қалыптасуына кешегі 2020-2021 жылдары болған мемлекеттік қызметшілерді оңтайландыру жұмыстары салқынын тигізіп кетті. Дегенмен, бұл олқылықтардың орнын толықтыру үшін «Сыр жастары» жас мемлекеттік қызметшілер клубы құрылып, білікті, білімді жастардан мамандар үйлестіріліп, квазимемлекеттік органдар мен жеке сектордағы талапты мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, жалпы мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Осы жылы да жоспармыз көп, жас мемлекеттік қызметшілердің облыстық слетін ұйымдастыруды, бірнеше мәдени-көпшілік шараларды жүзеге асыруды да жоспарлаудамыз. Бұдан басқа, 2020 жылы Қорқыт ата университетімен меморандум нәтижесінде «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі құрылған. Қазіргі таңда талантымен танылған 25 студентті іріктеп алып, департаментте тәжірибеден өткізіп, ҚР Президенті жанындағы басқару академиясында біліктілігін арттырудамыз. Келесі айдың бірінші онкүндігінде арнайы сертификаттар мен ұсыным хаттар береміз.  Осы ретте, заңнамаға енген өзгерістер нәтижесінде биыл мемлекеттік грант арқылы бітірген студенттердің мемлекеттік кіші лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындала алатынын да құлағдар етіп өтейін.

– Заңнамаларға енген өзгерістерге тоқталсаңыз… Жалпы мемлекеттік қызметке орналасу үшін қандай талаптар қойылған? Қызмет көрсетудегі ерекшеліктерді де айтсаңыз…

–    Осы салада бірнеше жылдан бері келе жатқандықтан, мен 2018 жылы қашықтан жұмыс істеудің артықшылығын айтып, ұсыныс бергенмін. Бұл – менің ойлап тапқаным емес, әлемдік тәжірибеде бар үрдіс кешегі пандемия уақытында тиімділігін көрсетті.

Енді биылғы маусымның 12-нен бастап қашықтан жұмыс істеудің барлық ережесі бекітіліп, мемлекеттік органдарға жіберілді. Мемлекеттік органның басшысы өзінің қарамағындағы қызметкерімен аралас қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесі арқылы келісім-шартқа отыра алады. Егер сіз балаңызды 8.30-да балабақшаға апаратын немесе кешке оны алып қайтатын болсаңыз соған жағдай жасалып, икемді график бекітілді. Бұл әрине, екіжақты келісім негізінде жүзеге асады. Міндетті түрде барлығы солай жұмыс істейді деген сөз емес. Тағы бір өзгеріс, біздің агенттікке бірнеше өкілеттік беріліп жатыр. Бұрын кез келген мемлекеттік орган штаттық бірлігін өздері бекітетін, яғни қанша қызметкер, орындаушы, басшы деген секілді. Өкінішке қарай, өздеріне құқық берілгендіктен, органдар ыңғайлы жағын таңдап алған. Кейінгі кезде мемлекеттік органда орындаушыдан басшы көп болып кеткен. Болмаса бір басшыға бір орындаушы немесе бір басшыға екі орындаушы дегендей. Бұлай болмауы керек. Сондықтан осы функцияны біздің агенттікке және аумақтық департаменттерге қайтарды. Енді осы мәселені өзіміз реттейміз, оның ішінде қай мекемеге қандай лауазым, қызметші керегін қарастырамыз. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметке тұру жеңілдеді. Айталық, жоғары оқу орындарын грантпен бітірген студенттерге аудандық, ауылдық деңгейдегі лауазымдар конкурстық негізсіз ұсынылмақшы. Бұл өте жақсы жеңілдік деп ойлаймын. Өйткені, біздің аумақтық департаменттің өзінде 4-5 жас жүр. Оның ішінде оқып жүргені, бітірейін деп жатқандары бар. Әрқайсысымен сөйлесіп, пікірлесіп отырамын. Қазіргі жастар жұмысын өзінің туған жерінде, ауылында бастауды жөн көреді. Мұны естіп, қуанып қалдым. Бұл жерде бір ғана талап бар, мемлекеттік грантпен оқығаны және өте жақсы бітіргені маңызды. Мемлекеттік басқару академиясын грантпен бітіргендерді жергілікті мемлекеттік органдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау құқы берілді.

Тағы бір айтарлығы, бұрын мемлекеттік орган бір қызметкерін басқару академиясына оқуға жіберген жағдайда, міндетті түрде сол мекемеде әрі қарай жұмыс істеу керек деген талап болатын. Енді ол өзгерді. Оқуын аяқтаған қызметкер кез келген органға барып жұмыс істеуге құқы бар, бірақ мемлекеттік қызметті тастап кетуге болмайды.

Келесі бір мәселе – ротациялық төлемдерге байланысты. Бұл да тәжірибеден алынып отыр. Жалпы, ротациялық төлем дегеннің өзі не? Мемлекеттік органдардың басшылары жиі ауысып тұрады. Бұрынғыдай 15-20 жыл бір орында отыратындар жоқ. Бұл ротация бірінші басшыларға қатысты. Бірінші басшы үш жылдан артық бір орында қызмет ете алмайды. Сонымен бірге, ерікті ротация деген енгізілді. Ол бірінші басшының орынбасарлары мен бөлім басшыларына қолданылады. Осы жерде мынадай мәселе туындайды. Бірінші басшыларға бұрын пәтеріне көмек берілетін болса, одан кейінгі орынбасарларына жеңілдіктер қарастырылмаған еді. Сондықтан ерікті ротациядағы қызметшілер бұл ұсыныстардан бас тартатын. Себебіне үңілгенде берілетін компенсациялық төлемдерге келіп тірелді. Демек, басқа өңірге ауысқан қызметшінің еңбекақысының жартысынан көбі пәтерақы мен басқа да шығындарға кететін болса, оның тиімділігі қандай деген сұрақ туындайды? Сондықтан ротациялық төлем 2023-2025 жылдарға бекітіліп, арнайы қаражаты есептелді. Қазіргі таңда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Мысалы, Маңғыстау облысы бұл жүйеге 2018 жылы, басқа облыстар кейін қосылуда. Барлық жерде белгіленген тәртіпке сәйкес блоктарға бөлінеді. Айталық, А, Б, С деген секілді. Осы жерде де мемлекеттік қызметшілер тарапынан наразылық көп туындайды. «Неге мен мына топқа кірмеймін?» деген тәрізді. Осындай наразылықтардан кейін агенттік еңбекақы мәселесін өзі қарап, өзі шешетіндей функцияны алып отыр. Көп жағдайда шағым бізге келіп түседі. Енді бұл мәселені де өзіміз зерттеп, келісім береміз. Оның ішінде тек еңбекақы емес, сыйақы, қосымша төлемдер жағы да қарастырылатын болады.

– Цифрландыруға қатысты да жаңалықтар бар екен. Осы тұрғыда, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер турасында ақпарат беріп өтсеңіз…

– Былтыр шілде айында Цифрлық даму министрлігімен бірге әзірленген Цифрландыруды дамыту туралы заң қабылданды. Бұл заң арқылы азаматтарға көрсетілетін қызметтерде заңбұзушылықтардың алдын алу функциясы агенттікке берілді. Осылайша, былтырдың өзінде республика бойынша 46 мыңға жуық заңбұзушылық анықталып, қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді. Оның ішінде ең жиі кездесетіндер – қызмет көрсету мерзімін және тәртібін бұзу, артық құжаттарды сұрату, қызмет көрсетуден бас тарту сынды заңбұзушылықтар жиі қайталанады. Өңірде 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қашықтан мониторинг жүргізу кезінде 20 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде негізсіз бас тартулар саны – 8, қызмет көрсету мерзімдерін бұзу 12 факт болды. Бұдан бөлек, есепті кезеңде 12 мекемеде қоғамдық мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кемшіліктерді жою бойынша 7 ұсыныс  енгізілді.

– Облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы бірқатар ақпараттарды білдік. Енді агенттіктің алдағы жоспарлары туралы айтсаңыз, мемлекеттік қызметте бұқара білмейтін қандай жаңалықтар болады?

– Қазіргі таңда аумақтық департаменттер жанынан «Тәлімгерлер кеңесі», «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жұмысын ұйымдастыру және қызметін қамтамасыз ету, адам ресурстарын дамыту орталықтарын құру, агенттік алаңында «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органдарын құру сынды жұмыстар жасалуда. Осы жұмыстар арқылы мемлекеттік қызметшілерді жан-жақты дамытып, тәжірибелі маман қылып ғана қоймай, жеке өмірі, оның ішінде отбасы құндылықтарына да аса қатты мән беріліп жатқанын атап өткен жөн.

– Мерекеде  әріптестеріңізге тілегіңізді білдірсеңіз…

– Мемлекеттік қызметшінің жұмысы Отаны мен халқына адал еңбек етуімен бағаланады. Ел сенімінен шыға білсе, одан жоғары мәртебе, одан артық бақыт жоқ деп есептеймін. «Басты міндет – елге қызмет!» деген мазмұны терең, міндеті жауапты сөзді еске сала отырып, әріптестеріміздің мемлекеттік қызметші деген абыройлы атаққа үнемі лайықты болуына тілектеспін. Аймағымыздың барлық мемлекеттік қызметшілерінің жұмысына жеміс, мақсатқа жетуде күш-жігер, шешім қабылдауда парасаттылық, кәсіби еңбекте табыс тілеймін!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<